Әлемдегі ең бақытты 20 ел

Жарияланды
2022 World Happiness Report рейтингін назарыңызға ұсынамыз

Әлемде бақытты елдердің рейтингі жыл сайын жасалады. Ол қалай десеңіз, халқы қаншалықты күліп жүреді, өміріне көңілі тола ма, жүрген жерінде қауіп сезіне ме, билікке сене ме — осы көрсеткіштерге байланысты реттеледі. Бақыт рейтингінің жүргізіліп келе жатқанына он жылдан асты. Бұл жоба 2012 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының бақыт жөніндегі конференциясына арнап ақпарат жинаудан басталған. Кейіннен ол жыл сайын жүргізілетін дәстүрге айналып, оны орындауды Колумбия университетінің Жер институты қолға алған. Рейтинг әлеуметтік сауалнамалар нәтижесінде жасалады. Оны Gallup International Зерттеу орталығы жүргізеді.

Қазақстан аталған рейтингте 40-орында тұр. Не нәрсеге негізделетінін атап өтсек:

  • Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі;
  • Орта есеппен алғанда тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы;
  • Әлеуметтік қолдау шаралары;
  • Жемқорлық деңгейі;
  • Билікке қаншалықты сенеді;
  • Мемлекетті басқару істері мен қайырымдылыққа тұрғындар қаншалықты қатысады.

       Дүниежүзілік бақыт баяндамасына сәйкес, әлемдегі ең бақыттың елдің бестігі мынадай: Финляндия, Дания, Исландия, Швейцария және Нидерланды. Бірінші орынды Финляндия осымен бесінші жыл қатарынан бермей келеді. Бұдан бөлек, Люксембург, Израиль, Жаңа Зеландия да үздіктер қатарында. Жалпы алғанда 2022 жылғы рейтингке 146 мемлекет кірген. Бұл сауалнама Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғанға дейін жасалған. Десе де, былтырмен салыстырғанда Ресей 60-орыннан 80-орынға төмен сырғыған. Украина да көштің соңғы жағында, атап айтқанда 98-орында тұр.  

Бұл зерттеудің мақсаты — мемлекет басшылары мен қоғамдық ұйымдарды әр ел тұрғындарының жай-күйі қандай екенін, билігіне көзқарасына қандай екенінен хабардар ету. Сол арқылы оң өзгерістерге шақыру. Бір айта кетерлігі, аталған рейтингтің беделі жоғары. Яғни тізімнің басында тұрған елдердің абыройы да арта түседі. Өйткені ондағы халық бақытты. Ендеше, ең бақытты 20 елдің тізіміне толығырақ тоқталайық.

  1. Финляндия. Айтқанымыздай, бесінші жыл қатарынан бас бәйгені бермей келеді. Бұл елде жұмыссыздық деңгейі өте төмен. Жалақысы жоғары. Былай қарасаңыз, адамға жұмысы жақсы төленсе, әлеуметтік жағдайына байланысты қиналмаса, басқа не керек? Одан қала берді Финляндияда медицина мен білім тегін, әлеуметтік жәрдемақының да неше атасы бар, табиғаты да тұмса қалпын жақсы сақтаған. Бірінші орында тұруға әбден лайық.  
  2. Дания. Екінші орында тұрған бұл елде жалақының жартысы салыққа ұсталады. Мұны естіген қазақстандықтар «жылап» жіберуі мүмкін. Десе де, көш бастап тұрғанына қарап, одан халық жапа шегіп жатпағанын байқасақ болады. Ұсталған салықтың есебінен тұрғындарға жақсы жағдай жасалған. Инфрақұрылымы өте жақсы ұйымдастырылған. Қауіпсіздік және билікке деген сенім деңгейі жоғары — 80 пайызға жуық. Сәйкесінше, жемқорлық минимал шамада.
  3. Исландия. Бұл Аралда небәрі 350 мыңдай тұрғын бар. Десе де, кейде Исландияны «жердегі жұмаққа» теңейді. Мұнда әскер деген атауымен жоқ. Есесіне ауасы таза, табиғаты ғажап. Еуропадағы өмір сүру ұзақтығы бойынша көрсеткіші жоғары ел.
  4. Швейцария. Салауатты өмір салтын керемет ұйымдастырылған ел. Бұл елдің әлеуметтік қамсыздандыруы мен медицинасы мақтаулы. Әлемдегі ең үздіктердің қатарында.
  5. Нидерланды. Бір қызығы, бұл елде басқаларында тыйым салынған дүниелерге рұқсат берілген. Әрі азаматтарын құқық пен әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етіп қойған. Голландия халқы, әсіресе балалары өте бақытты саналады. 
  6. Люксембург. Өте толерантты ел. Неше түрлі халық өкілдері бірлесіп, бақытты өмір сүріп жатыр. Сәйкесінше, азаматтары бірнеше тілде еркін сөйлейді.
  7. Швеция. Өмір сүруге жағдайды жақсы жасаған ел. Экспорттың түскен қаражат медицина, білім беру, өмір деңгейін одан әрі дамытуға кетеді.
  8. Норвегия. Әлеуметтік теңдікке кепілдік беретін ел ретінде белгілі. Табиғи ресурстарды жауапты басқаруға негізделген экономика концепциясын сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл елдің тұрғындарын бақытты ететін тағы бір фактор — тұрақтылық пен қауіпсіздік. 
  9. Израиль. Мұнда халық жемқорлыққа жол бермейді деседі. Сонымен бірге жалпы ішкі өнім деңгейі де жоғары. Әлеуметтік қолдау жүйесі де әлемдегі ең үздіктердің бірі. 
  10. Жаңа Зеландия. Бұл елде қылмыс деңгейі өте төмен. Зейнеткерлердің алаңсыз өмір сүруіне жағдай жақсы жасай алған. Тұрғындары бір-біріне көмектесуге үнемі даяр тұрады.
  11. Аустрия. Экономикасын қарыштап дамыту үшін барын салып жатыр. Соның ішінде жұмыссыздықты азайтуды мақсат еткен. NATO құрамына кірмейді. Десе де, азаматтарына керемет әлеуметтік пакет ұсынады.
  12. Аустралия. Мұнда барлық азаматқа бірдей мүмкіндік жасалған. Тұрғындарының басты ерекшелігі ретінде спортпен шұғылдануы мен өміріне риза болып жүретінін айтса болады.
  13. Ирландия. Көп ұлт өкілдері бірлесіп өмір сүреді. Оларға жасалған жағдайға қызыға қарауға болады. Экологиялық мәселелер де жоқтың қасы.
  14. Германия. Еуроодақтағы өмір сүру деңгейі ең жоғары ел. Тұрғындарына комфорт жағдай жасалған. Қанша жерден елге Африка мен Таяу Шығыстан келетін мигрант көп болса да, тұрғындарға жақсы жағдай жасай алып отыр.  
  15. Канада. Экономикасы тұрақты, табиғаты да көз қуантады. Халық саны көп. Канадалықтардың билікке көңілі толмайтын тұс өте аз. Өйткені жалақысы жоғары, әлеуметтік қолдауы да керемет.  
  16. Америка Құрама Штаттары. Әлемге әйгілі держава. Экономикалық жағынан да, әскери жағынан да. Бұл елде адам құқығына өте қатты қарайды. Тұрғындарының тәуелсіздікке ұмтылысы керемет.
  17.  Ұлыбритания. Еуроодақтан шығып кеткен. Десе де, экономикалық тұрғыдан ең амыған елдердің бірі деген статусын жоғалтпаған.
  18. Чехия. Жайлы, қауіпсіз және әдемі ел. Тұрғындар бір-бірімен тығыз байланыста, достық пейілмен араласады.
  19. Бельгия. Мұнда да тұрғындарға жайлы жағдай жасалған. Жалақысы жоғары. Теңіз өнімдері мол, білім алу да қолжетімді. Зейнетақыға шыққан қарттар алаңсыз өмір сүріп, саяхаттай береді.
  20. Франция. Еңбек құқығының сақталуына баса мән беретін ел. Білім беру және демалысқа да көңіл бөледі. Мұнда азық-түлік сапасының жоғары болуын қатаң қадағалайды. Баласы бар отбасыларға жеңілдіктің неше түрі жасалады.

 2022 World Happiness Report рейтингіндегі өзге елдерге де тоқталайық. Біз бұл тізімде 40-орында тұрмыз.  

  • 34. Литва
  • 36. Эстония
  • 40. Қазақстан
  • 42. Латвия
  • 53. Өзбекстан
  • 62. Молдова
  • 64. Қырғызстан
  • 65. Беларусь
  • 78.  Түркіменстан
  • 80. Ресей
  • 82. Армения
  • 83. Тәжікстан
  • 92. Әзербайжан
  • 98. Украина
  • 105. Грузия
  • 112. Түркия
  • 146. Ауғанстан
Сондай-ақ оқыңыз