АЭС салу үшін неліктен Үлкен таңдалды? Бізде кадр жете ме?

АЭС-тың экономика үшін маңызы қандай?

Жақында ғана Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті. Бұған дейін де АЭС-тың қай маңнан бой көтеретіні жайлы арагідік айтылып, бұл ретте Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары жиі аталушы еді. Енді бұл мәселеде үкімет нақты байламға келген секілді.

«Нақты орын емес, орналасатын өңірге қатысты ведомствоаралық комиссия өткіздік. Қалай десек те, ол Балқаш көлі маңында орналасады. Бұл – Алматы облысындағы Үлкен ауылының төңірегі. АЭС салынатын жерді айқындадық. Енді атом электр стансасы құрылысына қатысты бірқатар аспекті мен нюанстарды зерделеу жұмысын жүргізу қажет. Олар геология және суға байланысты мән-жайлар. Осыдан кейін нақты координаттар белгілі болады. Содан соң есептеулерді байланыстырамыз. Бірақ есеп жүргізу үшін технологияны айқындау қажет. Технологияны келесі жылы айқындаймыз» деді министр.

Ендігі кезекте бізге АЭС қажет пе, жоқ па деп дауласудың тіпті де реті қалмаған сияқты. Үлкен шешім қабылданды. Одан әрі туындайтын сұрақтар АЭС салу үшін таңдалған өлкенің маңыздылығы, кадрлық жетіспеушілік және АЭС-тың экономика үшін пайдасы тұрғысында болмақ. kursiv.media тілшісі осы мәселелер төңірегінде белгілі энергетик Жақып Хайрушевпен сөйлесіп көрді.

– Энергетика министрі Болат Ақшолақов АЭС-тың Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жариялады. Балқашқа таяу жер. Қалай болғанда да АЭС құрылысының басталатыны және оның міндетті түрде Алматы облысы аумағында болатыны түсінікті болды. Ендігі сұрақ: АЭС үшін Алматы облысы неліктен таңдалып отыр? Бұл орын қаншалықты қолайлы? Сіздіңше, басқа тағы қандай өңір АЭС тұруға лайықты?

Расымен, Энергетика министрі Қазақстандағы АЭС-ты Алматы облысында саламыз деді. Үлкен қаласы бекер таңдалып отырған жоқ. Кеңес заманының өзінде ол жерде ЮКГРЭС жылу станциясы үшін қажетті инфрақұрылым жасалды. Сонымен қатар бұл жер энергетикалық сенімділік тұрғысынан да өте қолайлы және «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің лайықты жалғасы бола алады. Осы жерден әртүрлі кернеу кластарының қосымша электр желілерін салу арқылы әртүрлі бағыттағы тармақтардың құрылысын жүргізу өте ыңғайлы. Сондай-ақ атом электр станцияларының жылу циклін салқындату үшін технологиялық резервуар бар, дегенмен қазіргі заманғы атом электр станциялары бұдан былай бұрынғы буын станциялары сияқты көп мөлшерде суды қажет етпейді, сонымен қатар олар үшін «құрғақ» салқындату деп аталатын технологиялық құрылғылар бар. Мұнда барлық заманауи және дәлелденген ноу-хау қолданылады деп сенемін.

Басқа қандай жер бар дегенге келсек, Үлкенмен бірге Ертіс өзенінің жағасындағы Курчатов қаласы қарастырылды. Ол жерде де ұлттық ядролық орталықтың болуына байланысты біраз артықшылық бар. Жалпы, мини-АЭС бойынша әлемде жаңа технологиялар жеткілікті деңгейде болатын 2035 жылдан кейін Қазақстан ондай технологияларды өзге өңірлерде де орнатуды қарастырады деп болжаймын. Мәселен, Каспий немесе Ертісте.

АЭС салынғаннан кейін оның жұмысын жүргізетін, меңгеретін мамандар бар ма? Кадр тапшылығы туындап қалмай ма?

КАЭС дерегі бойынша, АЭС 2000-2400 мВт қуаттылықпен екі блок режимінде жұмыс істеген жағдайда ядролық қауіпсіздік бойынша қажет болатын жұмысшы саны 50-ден аспайды. АЭС іске қосыламын дегенше біздің жоғары оқу орындары осынша көлемдегі маманды даярлап үлгереді деп ойлаймын. Қазірдің өзінде Ұлттық ядролық орталық пен Алматыдағы тәжірибелік атом құрылғыларында жұмыс істеп жүрген мамандар бар. Олардың саны жеткілікті деңгейде.

АЭС салынып, оның біз үшін жаңа энергия көзіне айналуы Қазақстан экономикасының дамуында қандай рөл атқарады?

Атом станциясы біраз басымдыққа ие. АЭС кез келген энергетикалық жүйедегі базалық генерация болып саналады. Атом станциялары ауа-райы жағдайына қарамастан тәулік бойы қажетті электр энергиясын өндіре береді. АЭС адам капиталын дамытады және 2060 жылға дейін 100 пайыз көміртегі бейтараптығына қол жеткіземіз деген Қазақстанның өз міндеттемесін орындауына көмегі тиеді. Ол – өнеркәсіптік масштабта электр энергиясын өндірудің экологиялық таза әдісі. Қазіргі уақытта радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз және тиімді басқару үшін атом өнеркәсібінде барлық қажетті технологиялар бар.

Сонымен бірге, АЭС ғылымды, экономиканы және басқа да салаларды дамытады. АЭС құрылысының өзі экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болады. Атом электр станциясын салу кезіндегі 1 жұмыс орны сабақтас салаларда 10-нан астам жұмыс орнын ашады. Атом энергетикасын ойдағыдай дамыта алсақ өз кезегінде ғылыми зерттеулер көптеп жасалады және жоғары технологиялық өнімдерді экспорттау көлемі артады. Қосымша, көптеген салалардың үздіксіз дамуына жол ашады.

Атом электр станциялары үлкен энергия сыйымдылығына ие және биологиялық әртүрлілікті сақтауға үлес қосады. Ядролық отынға қолданылатын 4 пайызға дейін байытылған 1 килограм уран толық жанған кезде 100 тоннаға жуық жоғары сапалы көмір немесе 60 тонна мұнай жағуға тең энергия бөліп шығарады. Ал АЭС-те электр энергиясын, жылу және басқа да өнімдерді өндіру көп аумақты алмайды. Соның арқасында біршама территория мен экожүйелерді бүлінуден (адам қолынан) сақтап қалады.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар