Салық кезеңі мен мұнай бағасы теңге курсына қалай әсер етеді?

Жарияланды (жаңартылды )
Квазимемлекеттік сектор субъектілері 598 млн доллар сатқан

Ары-бері 5-6 теңгеге құбылғанымен, төл валюта курсы негізінен тұрақты. Ұлттық банк наурыз айынан бері интервенция жасамағандарын, қазіргі теңгенің курсы табиғи күшпен нығайып тұрғанын айтып сендіреді. Алда ауқымды салық кезеңі келе жатыр. Бұл – теңге курсының күшейіп не әлсіреуіне әсерін тигізетін маңызды шақ. Айырбас бағамына ықпал тигізетін басқа да алуан түрлі фактор бар.

«Сақталып отырған геосаяси шиеленіс салдарынан мұнай нарығында баға  бір айда 12,4%-ға өсті. Бұл ретте, ЕО құбырмен тасымалданатын Ресей мұнайын экспорттауға ішінара тыйым салу бойынша келісімге қол жеткізгеннен кейін Қытайдағы карантинге қатысты алаңдау екінші орынға ауысты. 2 маусымда ОПЕК+ шілде-тамызға арналған квотаны 430 мың баррельдің орнына тәулігіне 648 мың баррельге ұлғайтып, өндіру жөніндегі шектеулерді қысқарту жеделдейтіні туралы жариялады. Алайда мұнай бағасы кейбір елдердің мұнай көлемін жылдам ұлғайту мүмкіндігіне байланысты күмән туындауынан 1 баррель үшін шамамен 120 доллар деңгейінде нығайып, аталған хабарға байланысты өсті», деп түсінік береді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Оның айтуынша, мамыр айында күшті теңгенің (1 доллар – 415,16 теңге) сақталуына:

  • Мұнай бағасы;
  • Экспорттық валюталық түсімнің ұлғаюы;
  • Дамушы нарық валюталарының, оның ішінде рублдің нығаюы;
  • Ірі салық кезеңі;
  • Жеке тұлғалардың шетел валютасына сұранысының жалпы төмендеуі

әсер еткен.

Өз кезегінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 598 млн доллар көлеміндегі валюталық түсімді сатуы да валюта нарығындағы ұсынысқа қолдау көрсетті. Бюджетке ірі салық төлемдері түсетін кезең және валютаны сатудың тиісті қажеттілігі аясында шетел валютасының ұсынысы сұраныстан едәуір асып түскен.

«Өтімділікті қолдау және салық аптасы кезеңінде шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс арасындағы қалыптасқан теңгерімсіздікті түзету мақсатында Ұлттық банк 110,5 млн долларға шетел валютасының артық ұсынысын сатып алды. Интервенция көлемі жалпы нарықтың шамамен 4,6%-ын құрағанын, бұл ретте Ұлттық банктің қатысуы бейтарап болғанын және бағам белгілеуге әсер етпегенін атап өткен дұрыс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін ай басында 4 млн доллар сатылды. Бұдан кейін трансферттердің Ұлттық қорға түсетін түсімдер есебінен қамтамасыз етілуіне байланысты Ұлттық қордың валюталық қаражатын конвертациялау қажет болған жоқ» дейді Молдабекова.

Рубль мен теңгенің қай заманнан қосақтасып жүретіні белгілі. Әрине, оған себеп – Ресей мен Қазақстан арасындағы белсенді тауар айналымы. Қазақстан импортының 40 пайызын Ресей өнімдері құрап отыр. Сарапшының айтуынша, Ресей Федерациясы қабылдаған капитал қозғалысын бақылау шаралары (валюталық түсімнің бір бөлігін сату, капиталды елден шығаруға тыйым салу, т.б.) рублдің нығаюына себеп болды. Теңге рубль сияқты айтарлықтай нығайған жоқ, себебі рубльдің нығаюы біздің ұлттық валютамызға тікелей әсер етпейтін ерекше факторларға байланысты.

«Рубль мен теңге бағамының одан арғы жағдайына қатысты Ұлттық Банктің теңгенің нарықтық бағамына араласуды мақсат етпейтінін атап өткен жөн. Сондықтан рубльмен немесе кез келген басқа валютамен тепе-теңдікке әсер ету мақсатында ұлттық валюта бағамымен қандай да бір айла-шарғы жасалмайды. Біздің мақсатымыз – ішкі қаржы нарығындағы тұрақсыздықты болдырмау және шектен тыс құбылмалылықты ретке келтіру, бірақ бағамның белгілі бір деңгейін таргеттеу мақсатымызға жатпайды» деді ҰБ өкілі.

Мамыр айында Ұлттық қор активтері 1,3 млрд долларға көбейіп, 53,8 млрд долларға жеткен. Қордың инвестициялық кірісі өткен айдың қорытындысы бойынша оң қалыптасып, 142 млн долларды құраған. 

Жалпы алғанда, теңгенің әлі талай құбылатыны айдан анық. Біз үшін мұнайдың жоғары бағасының сақтала тұрғаны дұрыс. Теңгенің айырбас бағамы үшін де, экономика үшін де. Қазіргі уақытта валюта нарығындағы жағдай тұрақтанды, теңге бағамы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін көрсетеді. Еркін өзгермелі және икемді бағам белгілеуді ұстану теңгерімсіздіктердің жиналуына жол бермей, резервтердің сақталуын қамтамасыз ете отырып, сыртқы күтпеген өзгерістерді реттеуге мүмкіндік берді. Теңге бағамы одан әрі іргелі факторлардың әсерінен қалыптасады, бұл ретте оның ауытқу амплитудасы ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы динамикаға байланысты болмақ.

Сондай-ақ оқыңыз