Қоғам

Еңбек нарығын дамытуға онлайн платформалар қалай әсер етеді?

Министрлік онлайн жұмыс берушілермен келісімге келмек

Еңбек нарығы күн санап күрделеніп келеді. Елдегі жұмыссыздық деңгейі жоғары. Жұмыс тапқан күннің өзінде жарытымды жалақы алмайды. Сондықтан болар екі қолға бір күрек іздеген қарапайым жұмысшы ай аралатпаса да, жылға жеткізбей жұмыс ауыстыруға мәжбүр. Оның үстіне отандық нарыққа жаһандық құбылмалылық та әсерін тигізіп тұр. Министрдің өзі солай дейді.

«2000 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпақ есейіп, жыл сайын осындай 300 мыңнан астам жас азамат еңбек нарығына қосылады. Соның нәтижесінде жұмыс күшінің жаңа сапалық құрылымы қалыптасып жатыр. Бүгінде жалпы жұмыс күшінің 60%-ын миллениалдар мен Z буыны құрайды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 80%-ға жетеді» дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, осындай өзгерістер жұмыспен қамту саясатын қайта қарау қажеттілігін тудырып отыр. Азаматтарды жұмыспен қамтудан бөлек, оларға сапалы жұмыс ұсыну өзектілігі артты. Ендігі кезекте ірі және орта кәсіпорындарда бос жұмыс орындарына онлайн жәрмеңке өткізу арқылы жастарды еңбекпен қамту қолға алынбақшы. Биыл мамыр айында ERG компаниялар тобымен бірлесіп, білім беру ұйымдарының түлектеріне және 35-ке дейінгі жастарға арналған онлайн-жәрмеңке пилоттық режимде өткізілген. Компания 350 жұмыс орнын ұсынды. Бір аптаның ішінде жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келетін 159 жас іріктеуден өтіп, жұмысқа қабылданыпты.

Сондай-ақ бос жұмыс орындарын онлайн ұсыну бойынша тау-кен, металлургия саласындағы кәсіпорындарымен де келісім бар.

Бос жұмыс орындардың алғашқы онлайн-жәрмеңкесі 24-30 маусым аралығында өтеді. Ол ай сайын ұйымдастырылып, төмендегілерді қамтиды:

  • Кәсіпорын орналасқан аймақ тұрғындарына ғана емес, барлық қазақстандықтарға бірдей қолжетімді болуын;
  • Жұмысқа қабылдау процесінің ашықтығын;
  • Жұмыс іздеушінің мақсатты таңдауын;
  • Жұмыс берушілердің сапалы іріктеу мүмкіндігі болуын.
  • Ұлттық жобалар аясында жұмысқа орналастыру.

Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, биыл ұлттық жобалар аясында 269 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Бүгінде электрондық еңбек биржасына 691 кәсіпорын 1 мың инвестициялық жобада ашылатын 13 609 жұмыс орны ұсынылып отыр. Онда тек біліктілік талаптары ғана емес, сонымен бірге төленетін еңбекақы мөлшері және жұмыс орнының сипаттамасы да берілген.

«Жалпы жұмысқа тарту ісін электронды биржа аясында жүргізуді қолдаймыз. Оның ашықтығы және қолжетімділігі жұмыспен қамту мәселелерінің жаңа мәдениетін қалыптастыруды және мемлекет қолға алып жатқан бастамалардан халқымызды толық хабардар ету мүмкіндігін қамтамасыз етеді» деді министр.

Жұмыспен қамтудағы маңызды бағыттардың бірі – платформа арқылы жұмыспен қамтуды мойындап, заңдастыру. Пандемия кезіндегі шектеу шаралары жер жүзінде жұмыспен қамтудың заман талабына бейім тәсілдерін қолдануға тың серпін берді. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалған жоқ.

Цифрландыру мен жаңа технологиялар да ел экономикасына әсерін тигізеді. Соңғы жылдары нақты секторға қарағанда, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандардың саны артқан. Дүйсенова ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір елімізде шамамен 500 мың адам платформа арқылы жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай жұмыс форматы тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Министрлік бұл проблеманы да шешпек. Ведомство өкілдері онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесулер өткізіп, биыл 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізу туралы шешім қабылданды.

«Платформалық жұмыспен қамтуды танып, заңдастырып, қолайлы режимді сақтай отырып, біз азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауға тырысамыз» деді Дүйсенова.

Сонымен қатар азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру және өз ісін ашуға да мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оның ішінде мақсатты топтарға тиімді және тұрақты жұмыс орнын ашатын мекемелерге субсидия бөлу қарастырылған. Биыл осындай 100 мың жұмыс орны жоспарланып, оған бюджеттен 77 млрд теңге бөлінген. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, бүгінге дейін 84,4 мың азамат осындай жұмысқа тартылыпты.

20 мың грантты қаржыландыруға бюджеттен 25,8 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 1400-ден астам азамат грант иегері атанған.

«Мемлекет технологиялардың даму қарқынын ескере отырып, жұмыс күшінің біліктілігі мен машығын үнемі жетілдіру керектігіне назар аударады. Жұмыс берушілердің талабына сәйкес, биыл 36 мың адамды оқыту және қайта даярлықтан өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 9 мыңнан астам азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. Бос жұмыс орындарына жолдама ұсыну шарасы электрондық еңбек биржасы негізінде жүзеге асырылады. Биыл шек 350 мың деңгейінде белгіленді, оның ішінде 91 мың адам жұмысқа орналасты. Жалпы, жоғарыда атап өтілген мемлекеттік қолдау шаралары аясында биыл 500 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту көзделген» деді ведомство басшысы.