Қазақстандағы киік саны қалай реттелмек?

Жарияланды (жаңартылды )
Еліміздегі киік 1,3 миллионнан асты

Табиғат қорғау бағдарламасының арқасында, кейінгі 10 жылда еліміздегі киік саны 60 есе өсті. Қазір ел аумағындағы киік қатары 1,3 миллионнан асқан. Алайда ақбөкендердің бұлай көбеюі ауыл шаруашылығына біршама қауіп төндіріп тұр. Сондықтан Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі киікті саны реттелетін жануарлар қатарына кіргізу туралы шешім қабылдаған. Енді  даламыздағы киіктердің саны қасқыр, шибөрілермен қатар реттеліп отырады. Алайда аңшылыққа рұқсат беру мәселесі әлі шешілген жоқ.

Қызыл кітапқа енбесе де, ерекше қорғау алынған сүтқоректінің жаңа мәртебесі жайлы тиісті бұйрық  министрлік сайтында жарияланған. Қазақстандағы киік популяциясын қатаң бақылау 2003 жылы енгізілген еді. Ол кезде ақбөкендердің саны 21 мыңға дейін азайып кеткен еді. Мораторийдің арқасында Қазақстанда бұл жануарлардың саны  2017 жылға қарай –  152 мыңға, ал 2022 жылға қарай 1,3 миллионға жетті. Министрлік мамандарының айтуынша,  олардың оңтайлы саны 770 мың болуы тиіс.

 «Бұл ретте жайылым мен суаттар үшін ауыл шаруашылығы жануарларымен бәсекелестік күшейіп, егістіктерді таптау жағдайы жиілеп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі соңғы 15 жылда үш есеге, ал киіктің орал таралымы саны 15 мыңнан 800 мың дараққа дейін (2022 жылғы киіктің төлдеуіне дейін) 53 есеге ұлғайды. Осындай жағдай Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарында байқалады» делінген Экология министрлігінің құжатына.

Сонымен қатар министрлік киік санының артуына байланысты пастереллез эпидемиясының қайталану қаупі бар деп отыр. 2015 жылы  Ақмола және Қостанай облысын аумағында қатары 300 мыңға жеткен киіктің 150 мыңы осы аурудан қырылып қалған.

Осы себепті министрлік мамандары киіктерді жануарлардың реттелетін түрлері қатарына енгізу қажет деп тұжырымдайды. Қазіргі кезде саны реттелетін сүтқоректілер қатарына қасқыр мен шибөрі жатқызылған.

Алайда Қазақстандағы киік популяциясы қалай реттелетіні әлі белгісіз. Маусым айының басында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ашық НҚА порталына ақбөкендерді атуға рұқсат беретін ереже жобасын жариялады. Бірақ бұл бұйрыққа қарсы пікір білдіргендердің қатары көп болды. Қазақстандықтар шаруалардың мүддесі үшін Қызыл кітапқа енген жануарларды қасақана жоюға қарсы шықты. Пікір жазушылардың пайымдауынша, киіктерді атуға рұқсат беру –олардың бақылаусыз жойылуына әкеп соғады. Жоба астына пікір қалдырған азаматтар  киік санын реттеудің басқа да жолдары бар екенін атап өтті. Олардың қатарында  киіктерге арналған арнайы қорық құру, ауыл шаруашылығы жерлерін қоршау, басқа жерлерге қоныс аударту, т.б.

Осыдан кейін ереже жобасы кері қайтарылып, қайта қарауға жіберілді. Экология министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта киік санын реттеудің ғылыми биологиялық негіздемесі әзірленіп жатыр. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша шешім қабылданады.

Сондай-ақ оқыңыз