АХҚО-да тіркелген криптобиржалар Қазақстанның бірқатар екінші деңгейдегі банктерінде шот аша алады

Қазақстан Республикасындағы криптоиндустрия мен блокчейн технологияларын дамыту жөніндегі іс-шаралар аясында АХҚО криптовалюта биржалары мен екінші деңгейлі қазақстандық банктер арасындағы өзара іс-қимыл ережелерін арнайы жұмыс тобы бекітті. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі  министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жұмыс тобына ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, ҚР Ұлттық Банкінің, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, «Астана» халықаралық қаржы орталығының, сондай-ақ банк және цифрлық активтер нарығының бірқатар өкілдері кірді.

«Криптоиндустрия дегеніміз майнинг қана ғана емес, оның құрамына криптобиржа, цифрлық валюта, цифрлық әмиян және басқа да блокчейн технологиялар кіреді. Бұл – басқа салалар сияқты ел игілігіне жұмыс істей алатын  және экономикамызға пайда әкелетін сала. Біз криптобиржаны табыс көзіне айналдырып, қаржы технологияларын дамытудың келесі деңгейіне көтерілуіміз керек. Толыққанды экожүйе құру қажет, сонда Қазақстан электр қуатының есебінен өндірілген цифрлық активтер жергілікті криптобиржаларда саудаланып, кіріс өз елімізде қалатын болады. Бұл ретте бізде АХҚО сияқты тиісті алаң да бар»,- деп атап өтті цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

АХҚО криптовалюта биржалары мен қазақстандық ЕДБ арасындағы өзара іс-қимыл Қазақстанның өңірлік крипто-хаб ретінде әлеуетін одан әрі дамыту үшін тиісті нормативтік құқықтық базаны қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жоба болып табылады. Жоба пилоттық режимде 2022 жылдың соңына дейін жұмыс істейді. Оған екінші деңгейлі банктермен ынтымақтастықта ХҚК қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) сандық активтер платформасын басқаруға лицензиясы бар криптобиржалар қатысады. Жақын арада жобаның ережелері ХФО сайтында жарияланады.

Пилоттық жоба сәтті іске асырылған жағдайда ұлттық заңнамаға да, АХҚО актілеріне де өзгерістер енгізіледі. Пилоттық жобаның тиімді тұсы –жеке және кәсіби инвесторлардың құқықтарын тиісінше қорғауды қамтамасыз ететін реттелетін салада Қазақстан Республикасында цифрлық активтер саудасын ұйымдастыру.

«АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитеті – Қазақстандағы финтех компанияларының қызметін реттеуді жүзеге асыратын жалғыз орган. АХҚО-да жұмыс істегісі келетін FinTech ұйымына лицензия бермес бұрын, біз мұқият тексеру жүргіземіз, содан кейін оның қызметіне бақылау жасаймыз. Біздің мақсатымыз – клиенттердің сеніміне негізделген тұрақты компаниялар әрекет жұмыс істейтін орта құру», – деді AFSA Бас директоры Нұрхат Кушимов.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар