Еріткіштің орнына бензин: Қырғызстанға бензинді заңсыз алып кетудің жолы кесілді

Жарияланды

Тасымалданатын бензиннің жалпы құны шамамен 6 млн. теңгені құрайды

Тауарға ілеспе құжаттарда мәлімделмеген бензиннің 34 тоннасын елімізден Қырғыз Республикасына әкету әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кіістер комитетінде хабарлады.

2022 жылғы 4 маусымда «Айша-бибі» автомобиль өткізу пункті арқылы Қазақстан-Қырғызстан шекарасын кесіп өткен кезде АИ-92 маркалы бензинді еріткіш түрінде тасымалдаған жүк автокөлік құралы ұсталды.

Әкету фактісінің жолын кесу бойынша іс-шараларды Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп жүргізді.

Алдын ала деректер бойынша, тасымалданатын бензиннің жалпы құны шамамен 6 млн. теңгені құрайды.

Бұл ретте, тасымалданатын жүкті жасыру мақсатында жөнелтуші 2,1 млн. теңге сомасына еріткішті тасымалдауға арналған тауарға ілеспе құжаттарды ресімдеді.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің орталық кеден зертханасы жүргізген физика-химиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша еріткіш түріндегі АИ-92 маркалы бензинді тасымалдау фактісі расталды.

Қазақстан Республикасының «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңына сәйкес мұнай өнімдерін өндірушілер мен мұнай берушілер ғана мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге өткізу құқығына ие екенін атап өту қажет.

Өзге тұлғалардың мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге өткізуді жүзеге асыруға құқығы жоқ.

Осыған байланысты, аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тиісті шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз