Есеп комитеті бюджетті бір жылға ғана жоспарлауды ұсынды

Жарияланды (жаңартылды )
Үш жылдықты жоспарлау да, орындау да қиын

Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бүгін Парламент отырысында бюджетті бір жылға жоспарлауды ұсынды.

«Биыл күн тәртібіне бір қарағанда қарапайым, бірақ өте маңызды мәселе – бюджет бекіткенде ағымдағы бюджетті жүз пайыз қалыптастыру мәселесі шықты. Ағымдағы шығын қаржымен амтамасыз етілмей тұрып, даму бюджеті болуы мүмкін емес. Осы қажеттілікті жыл ортасында Ұлттық қордан жабуға тура келеді» деді Годунова.

Годунованың айтуынша, үш жылдық бюджет бүгінде ресми шарт болып қалған. Оны қалыптастыруға көп уақыт кетеді. Ал жүзеге асыру барысында тек бірінші жыл нақтыланып, түзетіледі.

«Ал одан кейінгі жылдарға тіпті көз салмаймыз. Алдағы кезеңді кезекті жоспарлау барасында бұрын қолдау тапқан шығынның кейбірі жаңа бюджеттен мүлдем түсіп те қалады. Нәтижесінде қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген, аяқталмаған нысандар пайда болады» деді Есеп комитетінің басшысы.

Годунова осы орайда бюджетті бір жылдық жоспарлауды қайта қолға алатын кез келді дейді. Бұл ретте шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, бизнес пен инвесторларға қабылданған міндеттемелердің орындалатынына кепілдік беру қажет.

Есеп комитеті басшысының айтуынша, жылдық бюджеттің пайдасына бірнеше маңызды факторлар бар:

  • Біріншіден, әлемдік экономикалық жағдайдың аса құбылмалылығы орта мерзімді кезеңді сапалы түрде егжей-тегжей жоспарлауға мүмкіндік бермейді.
  • Екіншіден, бір жылдық бюджет үш жылдық жоспарға формальды түрде байланбай, конъюнктураның өзгеруіне неғұрлым икемдірек ден қоюға мүмкіндік береді.
  • Үшіншіден, ұзақ мерзімді көкжиекке бағдарлану әрбір министрліктің ұзақ мерзімді орнықтылықты қамтамасыз ету жөніндегі аса маңызды басымдықтары мен талаптарына сүйене отырып, өз қызметін жыл сайын жоспарлауына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз