КҚК тағы тоқтады. Мұнай тиеудің тоқтатылуы Ресей тарапының доқ көрсетуі ме?

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақ мұнайының 97 пайызы Ресей арқылы экспортталады

Демалыс күндері Ресей арқылы экспортталатын қазақ мұнайының жолы кесілетіні жайлы жаманат хабар желдей есті. Кейбір ресейлік сайттар, одан беріде бірқатар желі қолданушылары мұны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Питербургтегі экономикалық форумда сөйлеген сөзімен байланыстырды. Новороссийск порты арқылы мұнай экспортының уақытша тоқтап тұрғаны рас. «Коммерсант» басылымының жазуынша, екінші дүниежүзілік соғыс уақытынан қалған жарылғыш оқ-дәрілерді залалсыздандыру жұмыстарына байланысты Каспий құбыр желісі консорциумындағы мұнай тиеу процесі доғарылған.

Ресей БАҚ-ы таратқан ақпаратта КҚК-дағы тиейтін құрылғылар жанындағы акваторияда 50 потенциалды қауіпті нысан анықталған. Ықтимал қауіпті объектілерді зерттеу бойынша жұмыстарды жүргізу үшін 16 маусымда консорциумның айлақтық қондырғыларына іргелес акватория кеме қозғалысына толығымен жабылды. Бұл мұнай тиеудің тоқтауына әкелді.

Порт әкімшілігінің хабарлауынша, залалсыздандыру жұмыстары бүгін, яғни, 20 маусым күні басталып, ай соңына дейін жалғасады.

КҚК-ның ресми сайтында консорциумның бас директоры Николай Горбанның 2022 жылдың 18 маусымында I және II айлақтық құрылғылар акваториясында жарылу қаупі бар заттарды іздеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан Төтенше жағдайлар министрлігі құрама отрядының басшылығымен кездескені айтылады.

«Кездесу барысында бүйірлік сканерлеу аппаратының көмегімен бірқатар нысаналарды түсіру бойынша одан әрі жұмыстарды жүргізу тәртібі әзірленді. Минаға ұқсас объектілер туралы деректерді растауды мобильді сүңгуір топтары мен қашықтан басқарылатын су асты көлігі (ROV) жүргізетіні анықталды. Қауіптіліктің анықтамасы негізінде расталған жарылғыш объектілер олардың жойылу орнына (теңіз аймағында, айлақтық құрылғылар аумағынан тыс) ауыстырылады» делінген хабарламада.

Energy Monitor телеграм-каналының жазуынша, 19 маусым күні КҚК терминалындағы мұнай танкерлеріне мұнай тиелмеген.

«Терминалдан 5-15 шақырым қашықтық шамасында 3 бірдей танкер күні бойы қозғалыссыз тұр. Олар – Vallesina, PACIFIC DIAMOND және FEYHA N танкерлері. Бұған дейін КҚК-ның 3-ші айлақтық құрылғысы танкерлерге мұнай тиеу бойынша үздіксіз жұмыс істейтіні хабарланған еді» деп жазады канал.

Кейбір ресейлік сайттар «Тоқаевтың ПМЭФ-тегі сөзінен кейін Ресей қазақ мұнайы тиеуді тоқтатты» деген тақырыппен мақалалар жариялады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 17 маусым күні Санкт-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумға қатысты және сол жерде бірқатар маңызды тақырып бойынша пікір білдірді. Әсіресе, Мемлекет басшысының ДНР және ЛНР-ды мемлекет ретінде мойындамайтынын (Қазақстан тарапының – ред), әлемнен оқшауланып өмір сүрудің мүмкін еместігін айтып, бірқатар ресейлік депутаттардың, мәдениет қайраткерлерінің Қазақстанға және Қазақстан билігіне қарата айтылған арандатушылық мазмұндағы мәлімдемелерін сынға алды.

Бірақ Тоқаев сөздері мен КҚК-дағы мұнай тиеу процесінің тоқтатылуы арасында нақты бір байланыс бар ма, жоқ па дегенге қатысты кесіп жауап беру қиын. Иә, «Коммерсант» басылымы акваториядағы кеме қозғалысының толықтай тоқтайтынын 18 маусым күні жазды. Алайда оған дейін 15 маусымнан бастап КҚК терминалында екі бірдей айлақтық құрылғы жұмысының уақытша тоқтайтыны хабарланған еді. Акватория аумағындағы қауіпті заттарды табу және жою жұмыстарының 15 маусымнан басталатыны жарияланған.

«15-25 маусым аралығындағы жоспарлы тоқтау аясында бірінші және екінші айлақтық құрылғыларды пайдалану мүмкін болмайды. 3-ші айлақтық құрылғы штаттық режимде жұмыс істеп, жүк жіберушілердің өтінімдерін орындайды. Бұл жылына бірнеше рет өткізілетін жоспарлы тексеріс. Жүк жіберушілер алдын ала хабарландырылған» делінген ресми мәлімдемеде.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, КҚК құбыры бойынша мұнай тасымалдау статистикасы бойынша соңғы екі жылда екі аптаға созылған жөндеу жұмыстары жүргізіліп көрмеген. Наурызда төпей соққан «дауылдың да», маусымдағы «қауіпті нысандарды іздеу» жұмыстарының да дәл осы 2022 жылмен тоқайласа қалуында қандай сыр бар? Әйтеуір, бір нәрсенің тегін емес екенін іш сезеді.

Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын жаһандық нарыққа шығаратын басты маршрут. Құбырмен келген мұнай Новороссийске таяу маңда айлақтық құрылғылармен жабдықталған теңіз терминалы арқылы танкерлерге тиеледі. Консорциумның қуаттылығы – жылына 67 млн тонна мұнай тасымалдай алады. 2021 жылы Қазақстан КҚК арқылы 53 млн тонна мұнай экспорттады. Бұл – біздің мұнай экспортымыздың 79 пайызы. КҚК-ның негізгі акционерлері – Ресей (31 пайыз), Қазақстан (21 пайыз) және Chevron (15 пайыз). Тасымалданатын мұнай сорты – CPC Blend.

Қазақ мұнайы әлемдік нарыққа шығаратын өзге бағыттардың қуаттылығы өте төмен. Мәселен, «Атырау-Самара» арқылы жылына 17,5 млн тонна мұнай шығарылады. Былтыр 12 млн «қара алтын» саттық. Тиісінше, бұл маршрут арқылы бағытталатын мұнай сорты – ресейлік Urals мұнайы, сәйкесінше жаһан нарығындағы бағасы да төмен. Қазір бұл мұнай Brent-ке 60 доллар шамасында дисконтпен сатылып жатыр. Brent бағасының барреліне 110 доллардан асатынын ескерсек, Urals бағасы – шамамен 30-40 доллар төңірегінде ғана.

Үшінші бағыт – Қазақстан-Қытай құбыр желісі. Қуаттылығы – жылына 20 млн тонна. 2019 жылдан бері осы маршрутпен тасымалданған мұнай экспортының көлемі 1 млн тоннаға да жетпейді. Бұл дегеніңіз бүкіл экспорттың 1 пайызына да жетпейтін көлем. Қалған 2 млн тонна мұнай Ақтау порты арқылы тасымалданады.

Сондай-ақ оқыңыз