2 пайызбен үй алуға мүмкіндік беретін бағдарлама бастау алды

Жарияланды
«Бақытты отбасы» бойынша баспаналы болудың шарттары

Төмен пайызбен ипотека рәсімдеуге мүмкіндік беретін бағдарламаға өтініш қабылдау 20 маусымнан басталды. Бір ай уақыт көлемінде жалғасатын «Бақытты отбасының» шарт-талаптары қандай екенін Kursiv тілшісінің бүгінгі материалынан біле аласыздар.

Жеңілдетілген несие жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен беріледі. «Отбасы банктің» баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, өтініш 20 маусым мен 19 шілде аралығында қабылданады. Қатысу үшін otbasybank.kz платформасына өтінім қалдыру керек. Жеңілдетілген ипотекаға үй кезегінде тұрған мына азаматтар категориясы қатыса алады:   

  • көпбалалы отбасы;
  • мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы;
  • толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек).

Бұл бағдарлама қазақстандықтарға таңсық емес. Себебі «Бақытты отбасы» бұған дейін де болған. 2021 жылы өтінім беріп, бірақ ипотекаға үй ала алмаған азаматтар биыл тағы да жаңадан құжат өткізіп, тапсыруы керек. «2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам отбасыға несие беруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Отбасы банкіне 51 млрд теңге қаражат түсті. Биыл лимиттерді бағдарламаға қатысушылар арасында бөлу кезінде басымдық былтырғыдай мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі» дейді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Ал енді нақты талаптарына келсек. Осы бағдарлама бойынша несие ала алатын азаматтардың санатына жататын болсаңыз, ендігі кезекте шарттарын тізейік. Бастапқы жарна — ипотека сомасының 10 пайызына тең, жылдық мөлшерлеме — 2 пайыз, несие мерзімі 20 жылға дейін. Бір айта кететін жайт, қатысушылардың іріктеген кезде өтініш бергендердің кірісі тексеріледі. Яғни соңғы алты айда отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Бұл дегеніміз биылғы күнкөріс деңгейі 37 389 теңге болс, демек бір отбасы мүшесінен шаққандағы табыс 115 905 теңгеден аспауы керек. Осы бағдарлама шеңберінде жергілікті әкімдік арқылы салынған кредиттік тұрғын үйді, жаңа және қолданыстағы пәтерлерді, сондай-ақ жер үй сатып алуға мүмкіндік бар. Несие сомасына байланысты шектеу әр өңірде әр түрлі. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы және қала маңы аудандарында, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында несиенің ең жоғарғы сомасы – 15 млн теңге. Ал қалған өңірлерде ең көп дегенде 10 млн теңгегекредит рәсімдеуге болады. Өтініш беруші өзі баспана кезегінде тұрған өңірден ғана үй сатып ала алады. Сондай-ақ, қатысушының «Отбасы банк» клиенті болуы да маңызды талап.

Бағдарлама қатысуға өтініш беру үшін банктің кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Жоғарыда атап өткеніміздей, рәсімдеу otbasybank.kz платформасында жүргізіледі. Бастысы, телефон және тіркелген нөміріңіз қосулы болса болғаны. Телефоныңызға аутентификация коды келеді, растау үшін енгізуіңіз сұралады. Сонымен бірге қосымша анықтама немесе құжаттар жүктемейсіз. Жүйе қатысушының талапқа сай не сай емесін өзі анықтап, сіз үшін өтінім толтырып береді. Өтініштерді қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін банк қатысушылардың екі түрлі тізімін жариялайды. Біріншісі — негізгі, екіншісі — резерв. Яғни негізгі тізімге іріктеуден өтіп, табысын растауды күтіп отырғандар кіреді. Табысымен мәселе болмаса, үй ала алады деген сөз. Ал енді осы жерден оқсай қалса, оның орнына резерв тізімдегілер жылжиды. «Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушыларын іріктеу кезінде өтінім берушінің табысы жіті бақыланады. Оның көлемін жоғарыда көрсеттік. Екі адам тұратын отбасы болса, 231 810 теңгеден аспауы керек.

 «Отбасы банктің» ақпаратынша, бүгінде «Бақытты отбасы» бағдарламасының арқасында 14 500 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлаған. Тағы 326 адамның өтініші мақұлданып, олар қазір өздеріне ұнайтын баспана іздеп жатқан көрінеді. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 3 665 отбасы баспаналы болған.

Сондай-ақ оқыңыз