Мұғалім тапшы өңірлерге үздік ұстаздарды тартатын бағдарлама басталды

Жарияланды
Құжаттар 26 маусымға дейін қабылданады

Елімізде мұғалімдер тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама басталды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Қазіргі уақытта байқауға қатысуға құжат қабылдау жүріп жатыр. Қажетті құжаттар тізімі жергілікті атқарушы органдардың және НЗМ ақпарат ресурстарында орналастырылған. Құжаттар 2022 жылғы 26 ​​маусымға дейін қабылданады.

Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарына математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қажет.

«Халықаралық PISA 2018 зерттеуінің және Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері басқа облыстардың оқушыларымен салыстырғанда осы өңірлер оқушыларының білімінде алшақтық барын көрсетіп отыр. Осы өңірлердің білім сапасын арттыру және педагог тапшылығы мәселесін шешу үшін үздік мұғалімдерді тарту мақсатында арнайы бағдарлама әзірленді. Педагогтер конкурс арқылы іріктеледі. Конкурсқа тиiстi бейiндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар, «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-магистр» бiлiктiлiк санаттары бар мұғалімдер, сондай-ақ оқу үлгерiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарының түлектерi қатыса алады. Педагогтерге конкурсқа тұрғылықты жеріне қарамастан қатысуына болады», – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Үздік педагогтерді тартуға арналған арнайы бағдарламада мұғалімдерді қолдауға бағытталған шаралар кешені бар. Атап айтқанда, лауазымдық жалақының 250% мөлшерінде ынталандыру төлемдері бар, оның ішінде жалақыны көтеру, тұрғын үйді жалдау ақысын және коммуналдық төлемдер шығын өтеу қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз