Қазақстан өз кеңістік деректері жүйесін құрады

Жарияланды
Кеңестік кезеңнен келе жатқан жүйеден бас тартамыз

Бүгін Мәжіліс отырысында депутаттар «Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын таныстырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2002 жылы қабылданған қолданыстағы заңды қайта қарау керек дейді.

«20 жылдың ішінде геодезия және картография саласы үлкен өзгеріске ұшырады. Өндіріске цифрлық технологиялар мен спутниктік құралдар енгізіліп, кеңістіктік деректердің дәлдігі мен тиімділігіне, қолжетімділігіне деген талаптар күшейді. Сондықтан олқылықтар мен қайшылықтарды жөндеу үшін қазіргі заңды редакциялап, ілеспе заң қабылдау қажет»  деді Бағдат Мусин.

 Министрдң айтуынша, негізгі Заңның жобасы жүзеге асса, жер қатынастары, сәулет, құрылыс, жер қойнауын пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау, геология, тұрғын үй-коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін қызметтердің жылдамдығы мен сапасы, мемлекеттік бақылаудың тиімділігі мен жеделдігі артып, сондай-ақ адал бәсекелестікке жол ашылады.

Заң жобаларда Қазақстанның бірыңғай цифрлық картографиялық негізін жасауға мүмкіндік беретін дәлдігі жоғары геодезиялық координаталар жүйесімен қамтамасыз етуді көздейді.

«Қазіргі таңда елімізде кеңестік кезеңнен қалған 1942 жылғы СК-42 мемлекеттік координаталар жүйесі орнатылған. Бұл жүйе қазіргі заманның талаптарына сай емес, әбден ескірген, деректердің дәлдігі мен тиімділігі төмен», деді Мусин.

Қазақстанда бірыңғай мемлекеттік координаталар жүйесі жоқ, нәтижесінде шектеу белгісі бар мәліметтерді пайдаланбас үшін субъектілер ашық көздердегі, яғни бұрыс жүйелерді қолданып жүр. Мәселен, бір елді-мекеннің әртүрлі бірнеше координаттар жүйесі болуы ықтимал.

Заңжобада қарастырылған жаңашылдықтардың бірі – Ұлттық кеңістік деректер инфрақұрылымын (ҰКДИ) енгізу, яғни ақпараттар дәл, жедел және өзекті болуы үшін кеңістіктік деректер бір платформада бірыңғай форматта және бірыңғай талаптарға сай қалыптастырылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз