Тегін үйірмелерді қаржыландыруға ақша жоқ па?

Министр қосымша 100 млрд теңге қажет дейді

Балаларды тегін спорт және өнер үйірмелерімен қамтамасыз ету үшін қолға алынған Артспорт бағдарламасының айналасында шу басылмай тұр. Бірқатар аймақтарда тегін үйірмелерді қаржыландыратын ақша таусылып, жабылып жатыр. Бүгін осы бағдарламаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы Дәурен Абаев қаржыландыру мәселесі өзекті болып тұрғанын айтып, қаржы тапшы деп мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, қазіргі уақытта ол (бағдарлама – Kursiv.media) толық жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуге қаражат жоқ екенін мойындауымыз керек. Дегенмен, расталған ваучерлерге керек қаражат табылатынын айтқымыз келеді. Қазіргі уақытта 495 000 бала 15 000-нан астам үйірмеге қатысады. Оған 32 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін қосымша 97 млрд теңге қажет» деді Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, бүгінде балаларды қосымша үйірмелерімен қамту 73 пайызды құрап отыр.

«Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі мен білім беру ұйымдарындағы секциялардан бөлек, жасөспірімдер спорт мектептерінде 386 мың бала білім алуда» деді Абаев.

2022 жылы  бұл бағдарламаны қаржыландыруға 123,7 млрд теңге қажет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар