Мәдениет және спорт министрлігі букмекерлік кеңселердің жұмысын қалай бақылайды?

Жарияланды (жаңартылды )
Салығы да, былығы да мол кәсіпке қатысты шағымдарды шолып шықтық

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа «Ашық диалогта»букмекерлік кеңселердің жұмысына қатысты өтініштер жиі келіп түседі. Себебі аталған министрлікке қарасты Туризм индустриясы комитеті букмекерлік кеңсе қызметімен айналысу үшін лицензия берумен және оның қызметін бақылаумен айналысады. Порталған жиі келетін ұқсас өтініштерді саралай келе министрлік пен букмекерлік орталықтарға сұрау салып, мәселенің қалай шешілетінін анықтауға тырыстық.

Өтініштің көбі букмекерлік кеңседе аккаунт ашу, оны өшіру немесе бұғаттауға қатысты екен. Мысалы №726863 өтініште Жамбыл Әділбек есімді азамат жеке шотын өшіргісі келгенімен, букмекерлік кеңсе талабын орындамағанын жазған. Букмекерлік кеңсенің қолдау қызметі аккаунтты толығымен өшіру әзірге мүмкін емес екенін, тек уақытша шектеуге болатынын айтқан. 2022 жылдың 14 ақпанында жазылған өтінішке екі аптадан соң, 28 ақпан күні министрлік тарапынан жауап беріліп, мән-жайды анықтайтынын жазған. Айте кетейік, өтініш иесі шағымданған NetBet ЖШС букмекерлік кеңсесіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті 06.01.2021 жылы лицензия берген.

«Ашық диалог» порталындағы жауап бойынша министрлік өкілі букмекерлік кеңсе қызметкерлерімен ауызша және жазбаша байланысқа шығып мынаны анықтаған: тіркелген аккаунт қолданушының қалауымен өшіріледі, бірақ кейін қайта тіркеле алмайды. Ал егер уақытша шектеу қойылса, шектеу аяқталған соң аккаунт иесіне қайтарылады. Букмекерлік кеңсе қызметкерлерінің айтуынша, әдетте бәстен ұтылған қолданушылар бірден аккаунтын өшіріп, 1-2 күннен кейін жаңа аккаунт ашып, бәс тігуді жалғастыра бергендіктен, біраз уақыт өзін-өзі шектеу функциясы іске қосылған. 2017 жылғы 12 қаңтардағы ҚР Ойын бизнесі туралы заңына сәйкес, жеке тұлға кез келген ойын бизнесін ұйымдастырушыға еркін нысандағы өтініш жазу арқылы өзін құмар ойын немесе бәс тігуге қатысудан 6 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге шектей алады. Ал ойыншы букмекерлік кеңсе қызметін пайдаланудан және бәс тігуден үзілді-кесілді бас тартуға шешім қабылдаса, әкімшілік шектеу уақыты өткеннен кейін немесе жазбаша нысандағы өтініштен кейін қолданушының аккаунтын өшіреді және одан кейін қолданушы қайтадан бұл букмекерлік кеңсесін қызметін пайдалана алмайды.

ҚР азаматы Жамбыл Әділбектің 2022 жылдың 2 наурызында өтініш жазса да аккаунты әлі өшпегенін хабарлап, қайта өтініш қалдырған. Нәтижесінде ашық диалогта «NetBet» ЖШС букмекерлік кеңсесі қолданушының аккаунтын 5 наурыз күні өшіргенін хабарлады.

Заңгер Ержан Болатбектің айтуынша, букмекерлік кеңсе қызметін пайдаланушылардың көбі тіркелмей тұрып келісімшартты толық оқымай, ҚР Ойын бизнесі туралы Заңмен таныспағандықтан түрлі мәселеге тап болып жатады. «Ашық диалогта» сұрақтардың жауабы көбіне Заң аясында берілгенін біз де байқадық. «Ойыншының аккаунтын өшіру/өшірмеу, бұғаттау шарттары букмекерлік кеңсемен немесе оның ресми сайтымен жасалған келісім-офертада көрсетіледі. Егер келісімде аккаунтты өшіру функциясы жоқ болса, арнайы арыз жазып өшіруін сұрауға болады. Бұл заңда көрсетілген. Аккаунтын өшірген адамға одан кейін мүлде аккаунт ашпау мәселесі заңда қарастырылмаған. Азаматтың букмекерлік кеңсемен бұдан кейін байланыс орнатпауын қамтамасыз ету үшін сот арқылы ішінара әрекетке қабілетсіз деп тану қажет», – дейді заңгер.

Сондай-ақ ашық диалогтың арқасында лицензиясыз жұмыс істейтін букмекерлік кеңселер анықталған. Азаматтар шағым түсірген букмекерлік кеңселердің ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің лицензиясынсыз бәс тігіп, ойын процесін ұйымдастырғаны анықталып, шара қолданылған. Ойын мекемесiн заңсыз ашу, ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру не ҚР Ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу не ойын бизнесі саласындағы қызметі лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабымен жауапкершілік көзделген. Заңгердің айтуынша, заңсыз жұмыс істегендер ғана емес, оларға ғимаратты жалға бергендер де жауапкершілікке тартылады. Сондықтан ғимаратты жалға бермей тұрып компанияның құжаттары мен лицензиясын мұқият тексеріп алу керек. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дерегі бойынша қазір жалпы Қазақстан аумағында мемлекеттік электрондық лицензиардың деректеріне сәйкес 30 лицензия бар.

Заңгердің айтуынша, лицензиясыз жұмыс істеу қылмыстық жауапкершілікке жатады. Егер бірнеше әкімшілік жауапкершілікке тартылу фактілері кездессе, лицензиясы бар букмекерлік кеңсенің өзін лицензиядан айырады. Тексеру барысында талапқа сай емес қызмет көрсететін орталықтардың жұмысына уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Ал букмекерлік кеңсе мен жеке тұлға арасындағы келіспеушіліктер 2017 жылғы 12 қаңтардағы ҚР Ойын бизнесі туралы заңынан бөлек, ҚР Азаматтық кодексі, Қылмыстық кодексі және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сүйеніп шешіледі. Сондай-ақ букмекерлік кеңсе мен жеке тұлға арасындағы келісімшарт бойынша реттеледі.

Мысалы ашық диалог порталына бірнеше рет өтініш қалдырған ҚР азаматы Уалихан Қосалиевтің жағдайы күрделі болғандықтан, бірнеше заңнама бойынша қарастырылған. Азамат алғаш рет 2022 жылдың 24 наурыз күні 1xbet.kz компаниясы жеке шотынан 4 429 904 тг көлемінде қаржы ұрлағанын жазып, мәселені шешуге көмек сұраған. Азамат мәселені өзі шешуге талпынғанда 1xbet.kz тек 40316,62 тг бойынша түсінік берген. Оның өзі төлем комиссиясының өтемақысы ретінде қарастырылған. «Менің жеке шотыма түскен қаржының бәрі менің меншігім саналады. Алайда букмекерлік кеңседе жеке шотты қорғау қарастырылмаған. Өздері салған қаржыны менің рұқсатымсыз шешіп алды. Ал енді қайда шағымдансаң да, өзің біл деп отыр. Ұтып алған ақшамды қайтаруға көмектесуіңізді сұраймын», – деген Уалихан Қосалиев алғашқы өтінішінде.

«Ашық диалог» порталындағы өтінішті жан-жақты әрі объективті қарау мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Sports Entertainment ЖШС-на өтініште көрсетілген мән-жай бойынша ақпарат беруді сұрап сауал жолдағанын және ҚР Әкімшілік іс жүргізу кодексінің 76-бабына сәйкес өтінішті қарау мерзімі биылғы 15 сәуірге дейін ұзартылғанын жазып, сараптама нәтижесі кейінірек жарияланатынын хабарлаған. Алайда Уалихан Қосалиев 20 сәуір күні мәселе әлі де шешімін таппағанын жазып, Sport Entertainment ЖШС жеке шотын рұқсатсыз өшіріп тастағанын хабарлаған. Өтініш иесі тігілген бәске қатысты құжаттарын pdf форматта жүктеп, видеоға түсірілген деректерді жолдағанын жазған. Өтініште шарасыздық, агрессия мен бопсалау элементтері кездесетін лексика қолданылған және өтінішті тікелей министрдің өзінің оқуын сұраған.

21 сәуір күні өтінішке мынадай жауап берілген: «ҚР Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 913-бабының 1-тармағына сәйкес, уәкiлеттi мемлекеттiк органнан лотерея өткiзу құқығына лицензия алған тұлға арасындағы және тәуекелге негiзделген өзге де қатынастар ойындар мен мұндай ойындарға қатысушы келісімге негізделеді. Азаматтың өтінішінде көрсетілген букмекерлік кеңсе ұтыс тігуші арам пиғылды әрекеттер жасаса (мысалы: мульти-шот, ставкаларды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету, арбитраждық жағдайларда ойнау, ставка жасау үшін ойын шотын пайдаланбау және т.б.), бәс тігулерден бас тарту, клиенттің шотын бұғаттауға құқылы». Sports Entertainment ЖШС хабарлауынша, өтініш қалдырған азаматтың шотын тексеру барысында бәс тігуде ереже бұзғаны анықталғандықтан ұтыс төленбеген.

Біз өтініш иесі Қосалиев Уалиханға хабарласып, «Ашық диалог» порталындағы жауаппен келісіп-келіспейтінін сұрадық. Ол бұл шешіммен мүлде келіспейтінін, қазір қорғаушысымен (адвокат) ақылдасып, деректерді жинап, соттың көмегіне жүгінуді жоспарлап отырғанын айтты. Уалихан Қосалиев мұндай жағдайға тап болған өзі ғана емес екенін, дәл осылай ақшасын ала алмай жүрген бірнеше ойыншы бар екенін айтты. «ҚР Мәдениет және спорт министрлігі өздері лицензия бергендіктен «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп букмекерлік кеңсенің заңсыз әрекеттерін жауып отыр» деп те айыптады.

«Ашық диалог» порталына ойын бизнесіне қатысты келіп түсетін өтініштерге байланысты Мәдениет және спорт министрлігіне ресми сұрау жолдаған едік. Сұрағымызға сала министрлігінің Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Мирас Төлебаев жауап берді. Ол комитетке букмекерлік кеңселерге қатысты, оның ішінде «Ашық диалог» порталы арқылы өтініш жиі түсетінін және комитет өз құзыреті шеңберінде әрбір өтініш және букмекерлік кеңселер тарапынан әрбір факті бойынша қажетті профилактикалық және бақылау шараларын жасайтынын жазған. Егер азамат букмекерлік орталықтың қолданушы аккаунтын өшіру немесе өшірмеу, аккаунтын бұғаттау туралы шешімімен келіспеген жағдайда бұл азаматтық-құқықтық қатынастарға жатады және осыған байланысты азаматтар құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіне алатынын, сонымен қатар, азаматтар ойын бизнесі саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша Комитетке жүгіне алатынын да айта кетейік.

«Сотта букмекерлік кеңсені жеңіп шыққан адам жоқ дейді. Бірақ мен бәрібір соңына дейін барамын, онсыз да жоғалтатын ешнәрсем қалмады», – деді Уалихан Косалиев телефон арқылы сөйлескенде.

Біз 1XBET.kz брендімен бәс тігу қызметін жүзеге асыратын Sport Entertainmet ЖШС-на «Ашық диалогта» өтініш қалдырған азаматтың жағдайы бойынша сұрау салып едік, олар кәсіпкерлік субъектісі ретінде ҚР заңдарымен қорғалатын ақпаратты беруге тыйым салынғанын айтып, қолданушының жеке шотына қатысты ақпаратты компанияның коммерциялық құпиясы деп, жария етпеді.

Заңға сәйкес, букмекерлік кеңсенің шешімімен келіспейтін азаматтар соттар қарайтын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша Кодекстің 804-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына сәйкес Комитеттің уәкілетті лауазымды тұлғалары Кодекстің 214, 444 (бірінші бөлігі), 445, 462-баптары бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға құқылы. Заңгер Ержан Болатбектің жеке тәжірибесінде осыған ұқсас жағдайлар кездескен. Маманның айтуынша, кей букмекерлік кеңсенің келісімшартында ерекше тармақтар болады екен Мысалы «келісім матчы» ұтысы бойынша басқаша төлем жүйесі қарастырылған. «Кей кеңседе келісім матчында жеңген көлемді қаржы букмекерлік орталықта қалады немесе жеңімпаз ойыншыға үлкен сома бірнеше бөлікке бөліп беріледі. Осындай сәттерді ескерген жөн. Мысалы бір ойыншыға келісім бойынша ұтып алған 18 миллион теңгені ай сайын 40 мың теңгеден беріп отыратын жағдай кездескен», – дейді заңгер. «Ашық диалог» алаңында ойын бизнесі бойынша жазылған өтініштердің кейбірі шешімін тапса да, кей өтініш иесі дер кезінде мәселені шешуге құзіреттілік танытпағанын жазып қалдырған.

Жалпы алғанда букмекерлік кеңселердің «былықтары» жайлы отандық БАҚ-та жиі жазылады. Тіпті ұтылудан шаршаған Маңғыстау облысының тұрғыны букмекерлік кеңсені өртеп жібергені туралы жаңалық та көпшіліктің есінде болса керек. Бұзақылық жасаған азамат «Ойын үшін туыстарымды көп алдадым. Құмар ойындарына салынған адам қолдағы барын сатуға дайын тұратынын жақсы білем. Қанша отбасы ойран болды. Өз-өзіме қол салғым келген кездер де болған. Бұл ғимаратты өртеуден өзге амалым қалмады» деген еді. Қарағандыда Майқұдық тұрғыны ойын автоматына 90 мың теңгесін салып, ұтылып қалған. Ашуланған ол автоматты сындырып, ішінен әлгі ұтылған сомасын алып кеткен. Кінәсін мойындап, полицияға да өзі барған. Мұндай жағдайлар жиілеп кеткендіктен жыл басында Otinish.kz сайтында петиция жарияланған еді. Бүгінде оған 32 мыңнан астам азамат қол қойған. Петиция қазір жабық. 

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында 2021 жылғы салық түсімдеріне қатысты мәліметтер бар. Бұл тұрғыда тенденция жылдан жылға өсіп келе жатыр. Өйткені былтыр букмекерлердің бюджетке төлеген салығы — 61 млрд теңге. Ал 2020 жылы одан шамамен төрт еседей аз (16,08 млрд тг) ақша түскен. Мұны ойыншылардың көбеюі деп қана емес, бұл саладағы ашықтықтың артуы деп те түсінсек болады. Өйткені 2021 жылдың 4 қаңтарынан бастап заңды спорттық ставка қоятын әрбір ойыншы МЕАО-да идентификациядан өтуі қажет деп міндеттелді. Бұл жерде букмекер мен ойыншы арасындағы барлық операция қадағаланады.

Ғасырлар бойы жойылмаған құмар ойындарын Қазақстанда түбегейлі тыйым салу мүмкін емес. Олай еткен жағдайда көлеңкелі түрі көбейетіні белгілі. Бюджетке әжептәуір салық төлеп отырғандарын «қыса» беретін болса, офшорлық онлайн-алаңдарға ауысып кетуі ғажап емес. Мұндай жағдайда еліміздің заңнамасына бағынбай, нәтижесінде бәске «баспен» кіргендердің құқығын да ешкім қорғамайтын болады. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын амал — заңмен шегелеу.

Бұл жоба АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен
«MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында дайындалды.

Kursiv Media ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат
USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін
.

Ақмарал Ағзамқызы

Сондай-ақ оқыңыз