Мамин, Мусин мен Тоғжанов «Біртанов ісі» бойынша сотқа шақырылмақ

Жарияланды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі экс-басшысының өтініші қанағаттандырылды

Қазақстан Республикасының бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот процесіне бірқатар лауазымды тұлғалар куәгер ретінде тартылады.

Бұл туралы Біртановтың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Сот басты талқылау  отырыстарында келесі тұлғаларды қорғаушының куәгері ретінде шақыру туралы өтінішімді қанағаттандырды» деп жазды ол.

Біртановтың 2020 жылғы 12 -13 маусымдағы Жамбыл облысына іс-сапарының мән-жайы бойынша Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Асқар Мамин куәгер болады. Айта кетейік, бұрынғы министрге осы сапардан Нұр-Сұлтанға оралғанда санитарлық авиацияны заңсыз пайдаланды деген айып тағылған болатын.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Хорватияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі,  Ericsson Nikola Tesla компаниясы,  ЦДИАӨМ және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен  келіссөздер бойынша куәлік береді. Келіссөздер 2021 жылдың қазан айында өткен және министрліктер хорватиялық компанияның тапсырысы бойынша мемлекеттік платформаны әзірлеуге қатысқан.

Қазақстан Республикасының бұрынғы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова өзара әрекеттесу платформасын әзірлеу, Ericsson Nikola Tesla компаниясымен келісім-шартқа қол қою, оған өзгерістер енгізу және 2017 жылға дейін жүзеге асыру  жөніндегі конкурстың мән-жайы туралы куәлік береді.

ҚР ЦДИАӨМ басшысы Бағдат Мусин сотқа «2020-2022 жылдарға арналған платформаны енгізу жөніндегі жол картасын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен бұйрыққа қол қою және іске асыру жайы, сондай-ақ осы іске қатысы бар ҚР Денсаулық сақтау саласындағы цифрландырудың басқа да жобаларын іске асыру туралы айтып береді.

Халықаралық Қайта құру және даму банкінің (Дүниежүзілік банк) Денсаулық сақтау саласындағы жобалар жөніндегі жетекші маманы Марсело Бортман сотта конкурстық рәсімдерді өткізу, өнім берушіні таңдау, келісімшартқа, қосымша келісімдерге қол қою, оны іске асыру мерзімдерін ұзарту және оны аяқтау мәселелері бойынша куәгерлік айғақтар береді.

Халықаралық Қайта құру және даму банкінің (Дүниежүзілік Банк) жобалар жөніндегі аға маманы Жұмаділ Бақтыбек сотта  конкурстық рәсімдерді өткізу, өнім берушіні таңдау, келісімшартқа, қосымша келісімдерге қол қою, оны іске асыру мерзімдерін ұзарту және аяқтау мәселелері бойынша ахуалды нақтылайды.

«Менің бұрынғы әріптестерімнің шынайы айғақтары маған таңылған айыптың шындығын анықтауға көмектесеріне сенімдімін» деп қорытындылады бұрынғы Денсаулық сақтау министрі.

Денсаулық сақтау министрлігін 2017 жылдан басқарған Елжан Біртанов 2020 жылғы маусымда бұл қызметтен босатылды. Біраз уақыттан кейін Қазақстан Президенті елдегі COVID-19 екінші толқыны, оның ішінде денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының жүйелі қателіктерінен туындағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз