Көпбалалы отбасыға берілетін төлемдер. Төртінші бала дүниеге келген соң ескеретін жайт

Жарияланды
Кей жағдайда жәрдемақы тоқтатылып қалуы мүмкін

Қазақстанда төртінші сәбиі дүниеге келгеннен кейін отбасы көпбалалы болып саналады. Соған байланысты мемлекеттен бірнеше жәрдемақы тағайындалады. Кейбірі бірретік немесе мерзімді. Оның ең ұзағы бала 23 жасқа толғанға дейін берілуі мүмкін. Олардың көлемі мен тағайындалу жолы, көпшілік ескермейтін, кейде дау тудыратын жағдайларды тарқатып көрдік. Көпбалалы отбасылар көбіне нені ескермей жатады, құжат тапсырарда неден қателеседі – Алматы қаласы, Әуезов ауданының ХҚКО маманы Ажар Қайратбекқызы түсіндірді.

Біржолғы жәрдемақы

Төртінші сәби өмірге келгеннен кейін ата-ана әуелі бала туылғанға берілетін біржолғы жәрдемақыға өтініш береді. Бұл мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді. Төртінші және одан кейінгі балаларға берілетін біржолғы жәрдемақы көлемі – 63 АЕК (1 АЕК 3180 теңге – 200 340 теңге). Егер отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді. Оған дейінгі төлемдер 38 АЕК немесе 120 840 теңге көлемінде беріледі.

Жүктілікке және босануға байланысты төлем

Егер төртінші сәбиіңіз өмірге келердің алдында жұмыс істеп, жұмыс орныңыз сіз үшін әлеуметтік аударымдарды төлеп тұрған болса, жүктілікке және босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем аласыз.

Оның мөлшері былай есептеледі: орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндері коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алып тастайсыз.

Бір ескеретін жайт: егер еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнге берілсе, онда коэффициент 4,2-ге, ал егер 140 күнге берілсе, онда 4,7-ге тең. Мысалы, сіз кейінгі бір жылда міндетті зейнетақы жарнасын шегергенде, 1 944 000 теңге табыс таптыңыз: 1 944 000 тенге / 12 = 162 000 теңге (орташа айлық табыс), 162 000 теңге х 4,2 = 680 400 теңге; Осы сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын шегересіз: 680 400 – 68 040 = 612 360 теңге.

Демек, сіздің шотыңызға жүктілікке және босануға байланысты 612 360 теңге біржолғы әлеуметтік төлем аударылады.

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы

Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жасқа толық толғанға дейін төленеді.

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 18 316 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 21 655 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 24 963 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға ай сайынғы жәрдемақы 8,90 АЕК немесе 28 302 теңге көлемінде беріледі.

Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек. Ол былай есептеледі: кейінгі 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алып тастау керек.

Мысалы, сіз кейінгі 2 жылда 3 200 000 теңге табыс таптыңыз делік. Осы соманы 24 айға бөлеміз: 3 200 000/24= 133 333 теңге.

133 333 теңге – сіздің ай сайынғы орташа кірісіңіз.

Енді осы көрсеткішті 0,4 коэффициентке көбейтеміз: 133 333х0,4 = 53 333 теңге. Одан 10% зейнетақы жарнасын шегереміз, бұл 5333 теңге, сонда 48 000 теңге қалады. Демек, сіздің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы жәрдемақыңыз 48 000 мың теңге.

Не себепті көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыны тағайындатуға ерте бару қажет?

Төртінші баладан бастап көпбалалы болып саналғандықтан, отбасы сәби дүниеге келгеннен кейін көпбалалы отбасыға арналған жәрдемақыға тапсырады. Бұл – бөлек берілетін төлем. Егер бала мектептен кейін оқуын жалғастырса, бұл жәрдемақы 23 жасқа толғанға дейін беріледі. Егер ЖОО-да оқымаса, жәрдемақының бұл түрі 18 жасқа дейін төленеді. 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап бұл төлем отбасының табысына қарамастан төмендегі көлемде жәрдемақы тағайындалады:

  • төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 50 975 теңге;
  • бес балаға – 20,04 АЕК немесе 63 727 теңге;
  • алты балаға – 24,05 АЕК немесе 76 479 теңге;
  • жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 82 870 теңге;
  • сегіз және одан көп балаға – 28,06 АЕК немесе 89 230 теңге қосымша 4 АЕК бойынша жеті баладан кейінгі әрбір үшін.

«Дәл осы жәрдемақы оған өтініш берген күннен бастап беріледі. Көбі осы тұста қателеседі. Мысалы, бала дүниеге келді. Бала туылғанға, бір жасқа дейін берілетін жәрдемақы бала жасқа толғанға 3-4 күн қалса да, тиісті көлемінде төленеді. Ал көпбалалыға берілетін жәрдемақыға сәби өмірге келгеннен 2-3 айдан кейін келіп тапсырса, төлем сол өтініш берген күннен бастап есептеледі. Оның алдындағы айлар, күндер есепке кірмейді. Халықтың көбі «Дәл осыны неге ескертпедіңдер» деп дау тудырып жатады», – дейді ХҚКО маманы Ажар Қайратбекқызы.

Көпбалалы отбасылар ескермейтін тағы бір жайт

Көпбалалы отбасының тұңғыш баласы 18 жасқа толғаннан кейін көбі анықтама өткізуді ұмыт қалдырып жатады. Бұл – баланың ЖОО-да оқып жатыр деген анықтамасы. Оны ЖОО береді. Егер анықтаманы ХҚКО-ға өткізіп, жәрдемақы беруді жалғастыру туралы өтініш жазбасаңыз, төлем автоматты түрде тоқтап қалады.

«Анықтаманы қай күні өткізесіз – жәрдемақы сол күннен бастап жалғасады. Егер бала 18-ге толып кеткеннен кейін 2-3 ай өтіп кеткеннен кейін тапсырсаңыз, өткен айларға жәрдемақы берілмейді. Сол себепті мұндай анықтаманы балаңыз кәмелетке толардан мейлінше алдын ала өткізіп қойғаныңыз тиімді», – деп түсіндірді маман Ажар Қайратбекқызы.

Дәл осылай «балам оқып жатыр деген» анықтаманы жыл сайын тапсырып отыру қажет. Әр жылдың 30 тамызында жәрдемақы тоқтатылып тұрады. Осы датаға кем дегенде 2-3 күн бұрын ХҚКО-ға анықтама тапсырып, өтініш жазып отырсаңыз, төлемде үзіліс болмайды.

Сондай-ақ оқыңыз