Жайықтағы 80 мың киік атылатын болды

Жарияланды
Киік ату күзде басталады

Қазақстанда дала еркесі – киіктің саны тым көбейіп кеткен, сондықтан ресми билік олардың санын атып реттеуге көшеді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Жайық популяциясына жататын 80 мың бас киіктің көзін жоймақ.

Министр Серікқали Брекешов ғалымдар киік санын реттеу керек деген тұжырымға келгенін айтады. Қазір Жайықтағы киік саны 800 мыңнан асқан, соның 10 пайызын, яғни, 80 мыңын ату туралы шешім шыққан.

Министрлік басшысының айтуынша, киіктер еліміздің батысындағы жайылымдарды ғана емес, егін алқаптарына да таптап жатқан көрінеді.

«Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымдарға ғана емес, егін алқаптарына да кіріп жатыр. Сондықтан бір жағынан проблема да бар. Тіпті биологиялық негіздеме бойынша киіктердің оңтайлы саны емін-еркін тірлік кеше алатын көлемге жетуі керек. Осы негіздемелердің аясында реттеу жүргізіледі. Бүгінгі таңда біз 500-ге дейін киікті зерттеу үшін аламыз» деді Серікқали Брекешов.

Киік ату күзде басталады. Айта кетейік, еліміздегі киік саны бүгінде 1,3 миллионнан асқан.

Сондай-ақ оқыңыз