Тоқаев «Каспий бестігін» бірлесіп Жайық өзенін сақтап қалуға шақырды

Жарияланды (жаңартылды )
Каспий итбалықтарын құтқару жөнінде келісілген әрі нақты шаралар қажет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы Каспий саммитінде  Жайық өзенінің жағдайын жақсарту және Каспий итбалықтарын құтқару жөнінде келісілген әрі нақты шаралар қабылдау қажет деп мәлімдеді.

Ашхабадта өткен саммитке  Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Сердар Бердымұхамедов қатысты.

«Тараптарды өзара күш біріктіре отырып, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамыз. Ортақ теңіздің экологиялық мәселелерін айта келе, Каспий итбалықтарының мүшкіл халі туралы да айтпай кету мүмкін емес. Итбалықтардың қайта-қайта қырылуы үлкен қауіп төндіреді» деді Қазақстан Президенті.

Президент Каспийдің экожүйесін сақтау Каспий «бестігі» ынтымақтастығының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.

«Каспий жағалауының миллиондаған тұрғындарының экономикалық дамуы мен әл-ауқаты трансшекаралық су қоймасының табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты. Жер қойнауын белсенді пайдалану мен ресурстарды тасымалдау аймақтың экологиясы үшін үлкен қауіп төндіреді. Сонымен қатар жаһандық жылыну және соған байланысты климаттық өзгерістер су ресурстарына қауіп төндіреді» деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз