Алматының  «сары» аймаққа» өтуі кәсіпкерлер жұмысына қалай әсер етеді?

Жарияланды (жаңартылды )
Алматыда бизнес үшін шектеу шаралары енгізілмейді

Бірнеше айдан бері инфекцияның таралуы бәсеңдеген еді, алайда кейінгі аптада қайтадан күшейе түсті. Соңғы ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласы коронавирус инфекциясының таралуына байланысты «сары» аймаққа өтті. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді. Артынша қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысы шықты. Жаңа қаулыға сәйкес, жабық ғимараттарда медициналық маска тағу режимін енгізу ұсынылды. Бұл ең алдымен қоғамдық тамақтану орындарына да қатысты болмақ.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, қалада бизнес үшін ешқандай шектеу шаралары енгізілмейді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, жабық ғимараттарда медициналық маска тағу ұсынылды, алайда алдын алу шаралары инфекция таралуын тоқтата алады.

«Жабық ғимараттарда маска тағу туралы ұсыныс бар. Егер барлық қауіп-қатердің алдын алса, онда кәсіпкерлер үшін ешқандай ауыр зардабы болмайды. Вирустың таралуына жол бермеуге бизнестің мүмкіндігі бар».

Айтуар Қошмамбетов, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры

Кәсіпкерлер палатасы коронавирус инфекциясынан қорғанудың бірден бір жолы вакцинация мен ревакцинация екенін айтты.

Айта кетейік, 1 шілдеде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия елімізде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағанын хабарлады. Егер инфекцияның таралуы бойынша қандай да бір өңір «сары» аймаққа өтсе, науқаспен байланысты болған қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылуы қажет. Сондай-ақ 10-нан астам адам жиналатын конференциялар онлайн форматқа көшеді.

Сондай-ақ оқыңыз