Кәсіпорындардағы кісі өлімі қашан тыйылады?

Жарияланды
Еңбек қауіпсіздігі – нарықтағы ең осал тұс

Осы жылы кәсіпорындардағы адам өлімі саны бірден 6 пайызға көтерілген. Еңбек нарығындағы бір осал тұсымыз, осы – еңбек қауіпсіздігі талаптарының лайықты деңгейде сақталмауы болып тұр. Сарапшылардың айтуынша, бұл тұрғыдан шетелдік гиганттар да, отандық компаниялар да өте ұятты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, еңбек жағдайларына байланысты жазатайым оқиғалардан зардап шеккендер, оның ішінде соңы қайғылы оқиғамен аяқталған істер көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға өсіп, 2133 адамға жеткен. Өңірлік бөліністе мұндай оқиғалар Қарағанды облысында (537 адам), Шығыс Қазақстан облысында (320 адам) және Нұр-Сұлтан қаласында (161 адам) көп тіркелген. Өңірлік бөліністе Қарағанды облысының «көш бастауы» тегін емес. Апта бұрын ғана аталған аймақта орналасқан «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында айналдырған бес күннің ішінде 5 адам көз жұмған еді.

Әсіресе қауіп-қатер деңгейі өңдеуші өнеркәсіп саласында маманданған кәсіпорындарда жоғары. Осы салада істейтін 572 адам жұмыс барысында жүріп жарақат алған. Одан кейінгі орындарда тау-кен өнеркәсібі (444 адам) мен құрылыс саласы (199 адам) тұр.

Соңғы бір жылда (2021 жылы) жазатайым оқиға салдарынан көз жұму фактісі 13,3 пайызға қысқарып, 176 адамды құрапты. Соның ішінде 16 адам топтық жазатайым оқиғалары салдарынан қайтыс болған. Бұл дерек те 2020 жылмен салыстырғанда 42,9 пайызға төмен. Антилидер сала – құрылыс. Мұнда 34 адам көз жұмған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегінше, 2021 жылы өндірісте 1465 адам зардап шеккен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға төмен. Өндірісте көз жұмған адам саны – 200.

«Егер шетелдік корпорациялардың кәсіпорындарында қайғылы жағдайлар мезгіл-мезгіл орын алса, шетелдік иелер өндірістегі қауіпсіздікке ақша салуға асықпайды, ал біздің отандық кәсіпорындардағы осындай қайғылы жағдайлар одан да көп сұрақтар туғызады. Мысалы, 15 маусымға қараған түнде мұнай-газ кен орнындағы өрт кезінде Маңғыстау облысындағы ірі мұнай-газ кәсіпорны, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы – «Өзенмұнайгаз» ұңғымаларды жөндеу компаниясының жұмысшысы қаза тапты. «ҚазМұнайГаздың» ірі акционері – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры. Компания жұмысшылары еңбек шарттарына қатысты бұған дейін де талай шағымданған. Әзірге өрт себептері анықталып жатыр. Қайтыс болған азаматтың әріптестері өз нұсқаларын айтады. Олардың сөзінше, кәсіпорында қауіпсіздік шаралары баяғыдан сақталмаған, ал техникалар әбден ескірген» деп жазады Ranking.

Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, мына себептер еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына әсер етіп жатыр:

«Еңбекті қорғауға байланысты заңнаманың негізгі бұзушылықтары жұмыскерлерді қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеуден (20,6%), қауіпсіз еңбек тәсілдеріне үйретпеуден (12,1%), жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқкиіммен қамтамасыз етпеуден (6,1%), еңбекті қорғау жөніндегі қызметтің немесе жауапты адамның болмауынан (1,5%) көрінді. Жұмыс берушілерге 2,5 артық ұйғарым беріліп, 182,2 млн теңге сомасына айыппұл салынды» деген еді Оспанқұлов былтыр айтқан сөзінде. 

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, еңбек талаптарының бұзылуы бойынша 56 тұлға қызметінен босатылып, 127 қылмыстық іс қозғалған.

«2019 жылдан бастап біз 7 ереже қарастырылған «алтын стандарт» – «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінгі таңда оған 292 кәсіпорын қосылды. Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде, ол мүмкіндігі шектеулі адамдарды «халықтық бақылаушылар» ретінде тартуды көздейді. Бүгінгі таңда 164 кәсіпорын осы жобаны іске асыруда, оның аясында 500-ден астам адам еңбек етеді» деп атап өтті спикер.

Қазіргі кезде министрлік Еңбек ресурстары порталында «онлайн еңбек консультанты» цифрлы қызметін іске қосқан. Ол жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін өзін-өзі тексеруден өтуін көздейді.

Сондай-ақ жұмыс орындарындағы жалақының да уақытымен, кешіктірілмей берілуі де маңызды мәселе. Қоғамдық толқулардың көбі жұмысшылар наразылығынан басталатыны да белгілі. 2022 жылдың басынан бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары 306 кәсіпорында жалақы бойынша 1,6 млрд теңге көлеміндегі берешекті анықтаған. Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалыпты. Оларға 1,3 млрд теңге төленді.

Сондай-ақ оқыңыз