КТК тағы тоқтады. Бұл жолы 1 айға. Бұл біз үшін неліктен тиімді?

Мұнай тиеу терминалының істен шығуы бір бұл емес

Новороссийск қаласының Приморский аудандық соты «Каспий құбыр желісі консорциумы» (КТК) теңіз терминалының жұмысын 30 тәулікке тоқтатты. Ространснадзор анықтаған тәртіп бұзушылықтарды анықтау мақсатында сот осындай шешім шығарған. Вице-премьер Виктория Абрамченконың наурыз айында «КТК-Р» АҚ қауіпті өндірістік нысандарының техникалық жағдайын бағалау және оларды пайдалану кезінде экологиялық талаптарды сақтау мақсатында жүргізген тексеруінің нәтижесінде Ространснадзор мұнайдың апатты төгілуін жою жоспары (ЛРН) бойынша бірнеше құжаттық бұзушылықтарды анықтапты.

6 маусымда консорциумға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген, сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылы туралы кодекстің 14.1.2. бабының 4 тармағы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жайлы хаттама толтырылған.

Әу баста Ространснадзор КТК жұмысын 90 тәулікке тоқтату туралы арыз түсірген. Алайда Приморский аудандық соты аталған мекеменің шағымын ішінара қанағаттандырып, теңіз терминалына 30 тәулік «жаза кескен». Консорциум баспасөз қызметінің дерегінше, КТК сот шешімін орындауға мәжбүр, алайда қайтара шағым түсіруді де жоспарлап отыр.

Еске салсақ, жыл басталғалы КТК екі рет істен шықты. Бастапқыда Қара теңізде тұрған қатты дауыл салдарынан терминал жұмысына залал келсе, екінші жолы теңіз түбінен табылған екінші дүниежүзілік соғыстан қалған жарылу қаупі бар миналарды залалсыздандыру жұмыстарына байланысты бірінші және екінші айлақтық құрылғылар жұмысы тоқтатылған еді.

Ұзындығы 1511 шақырымға созылып жатқан Теңіз-Новороссийск құбыр желісі арқылы Қазақстан мұнайының 3/2-сі (82 пайызы) жаһандық экспортқа шығарылады. Сондай-ақ КТК көмегімен ресейлік кен орындарының шикізаты да тасымалданады. КТК-да жалпы саны мұнайды танкерлерге тиеумен айналысатын 3 айлақтық құрылғы жұмыс істейді. Әзірге КТК-ға Еуроодақтың да, АҚШ-тың да санкциялары салынбаған.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтың айтуы бойынша, КТК жұмысының тоқтап қалуы біз үшін пайдалы болуы да мүмкін.

«КТК-ның тоқтап қалуына байланысты әрине, Қазақстанның табысы қысқарады. Алайда ортамерзімді және ұзақмерзімді перспективада бұл біз үшін пайдалы болмақ. Бұл сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сауда тыйымдарына да әсер етеді. Проблема Ресей Федерациясымен жасалатын тым үлкен сауда айналымында болып тұр. Тәуекелдерді төмендету үшін бірде бір ел бізбен сауда айналымының 10-15 пайызынан аспауы тиіс. Тиімді сабағы үшін Новороссийск аудандық сотына үлкен рақмет», дейді сарапшы.

Қаржыгер Андрей Чеботаревтің айтуынша, соңғы апта біз үшін аса жайлы болмай тұр.

«Теңге үшін «жақсы» жаңалықтар легі КТК-ның жабылуымен де аяқталмай тұр, кеше кешке мұнай бағасы 10 пайызға дейін, барреліне 101,1 долларға дейін түсіп кетті. Бүгін біраз қалпына келді. Себеп – рецессия қаупі және доллар өсімі. Citigroup аналитиктері 2022 жылдың соңына дейін мұнай бағасы барреліне 65 долларға, 2023 жылдың соңында 45 долларға түсіп кетеді деп болжайды. Ресей рублінің 10,45 пайызға құлдырауын, доллар индексінің 106,45 тармаққа дейін өсуін есепке алсақ, онда КТК-ға салынған тыйымды ескермей-ақ теңгенің әлсірей бастайтынын байқаймыз», дейді эксперт.

26 наурызда телеграмдағы Energy Analitycs каналы оқырмандар арасында «Болашақта КТК-ның уақытша жабылып қалуынан құтылу үшін Қазақстан мұнай экспорттаудың қандай бағыттарын қарастыруы керек?» деген сауал негізінде сауалнама жүргізген.

  • 6 пайызы өте арзан болғандықтан КТК арқылы мұнай экспорттауды жалғастыра беру, тіпті көлемді ұлғайтуды қолдайды.
  • 39 пайызы КТК-дан қымбат екеніне қарамастан Баку-Тбилиси-Жейхан маршрутын балама нұсқа ретінде дамыту керектігін қолдаған.
  • 6 пайызы онда қазақ мұнайына көп орын бөлінбесе Қазақстан-Қытай бағытын бір нұсқа ретінде көреді
  • 7 пайызы Ираннан санкциялар алынып тасталатын сәтті күтіп, содан соң олардың Нека порты арқылы танкерлерге тиеуді оң деп санайды.
  • 61 пайызы қайткен күнде де КТК-дан құтылу үшін кез келген альтернативті жолды қарастыруды жөн дейді.

«Мен бұл сауалнаманы 26 наурызда жарияладым. Дегенмен сол проблема әлі жалғасып келе жатыр. Осы жолы қанша жерден арзан болса да КТК маршрутын жақтаушылар өз пікірлерін өзгертеді деп үміттенемін. Өйткені бұл бағыт бойынша тәуекел факторы бәрібір жоғары» деп жазады канал авторы.

Телеграмдағы Tengenomika каналының жазуынша, КТК-ның тоқтауы Қазақстанға көрсетілген саяси қысым болуы әбден мүмкін.

«Көптеген ресейлік басылымдар КТК транспорттық маршруты қызметінің тоқтауы кездейсоқтық емес және қазіргі геосаяси жағдайға байланысты қазақстандық саясаткерлердің айтқан сөздерімен байланысты деп жазып жатыр. Мысалы, мақала авторы КТК-ның осы тоқтауын біздің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық одақ төрағасымен телефон арқылы сөйлесіп, жаңа трансконтиненталды транспорттық дәлізді дамытуды талқылауымен байланыстырады. КТК-ның толық бір ай тоқтауы жағдайында Қазақстанның 4-5 млн тонна мұнайы тұрып қалады, бұл жылдық кірістің 5 пайызы. Сондай-ақ мұнай өндірісінің ұзақ уақытқа тоқтатылуынан кейін кен орындарында жұмысты қайта бастау бойынша да проблемалар туындайды. Ал КТК-ның өзі санкцияға ілікпейді, өйткені «Транснефть» үлесі 25 пайыздан төмен. КТК бойынша тап болып отырған жағдайымыз бізде сапалы тәуекел-менеджментінің жоқтығын көрсетеді. Сондықтан Ресей емін-еркін Қазақстанға саяси қысым жасап отыр. Мұны ұмытпау керек және осы бойынша жұмысты жалғастыру қажет» деп жазады канал автор

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар