2022 жылы талапкерлер университетті қалай таңдағаны дұрыс?

Жарияланды (жаңартылды )
Заманауи балаларға көзқарас та басқа болуы керек

Дәл қазір ҰБТ тапсырып болған түлектер мамандық пен университет таңдаумен бас қатырып жүр. Осы ретте Kursiv Media тілшісі талапкерлерге таңдау жасауда ескеру керек жайттарды тізіп шықты. Пайдалы кеңесті назарыңызға ұсынамыз.

  «Қандай университетке түсу керек?» деген сауалға әркім әрқалай жауап береді. Біреуі бала кезден бергі арманы екенін алға тартса, енді бірі ата-анасының айтқанымен жүреді. Енді бірі грант алу мүмкіндігіне қарап қара таңдайды. Әлбетте, кім де болсын сапалы білім беретін, беделді оқу орнында оқығысы келеді. Бұл ретте бізге рейтиң арқылы анықталған университеттер тізімі көмектеседі. Егер Қазақстанда оқимын деп шешсеңіз, QS World university rankings және Times Higher Education World University Rankings сынды әлемдік рейтиңдерді ұсынамыз.

2022 жылғы тізімдер жаңарып үлгерді. Сондықтан бір шолып шыққан дұрыс. Мәселен, QS рейтиңінде отандық 10 оқу ордасы бар. Көшбасшылардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (175-орын), Л.Гумилев атындағы ЕҰУ (328-орын) және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті (482-орын) бар. Times Higher Education тізімінен бар болғаны үш университетті көреаламыз. Атап айтқанда, ҚазҰУ, ЕҰУ және Satbayev University.

          Бізде түлектердің дені болашақта кім болатыны туралы нақты біле бермейді. Әрі Қазақстанда мектеп бітірген соң бірден бакалавриатқа түсу тенденциясы басым. Сондықтан «бастысы, грант» деп қаламаған не мүлдем қандай екенін білмейтін мамандыққа да түсе береді. Әрине, кәмелетке жасқа енді толатын жасөспірімдердің бір бағытты таңдауы оңай емес. Оң-солын әлі Танып үлгермеген болуы да мүмкін. Сол себепті ең маңызды деген бес дүниені назарыңызға ұсынып көргіміз келеді.

  1. Gap Year. Бұрын-соңды естіп көрген бе едіңіз? Егер бірінші рет естіп тұрсаңыз, қысқаша түсіндірейік. Бұл ұғым шетелде кеңірек таралған. Егер түлек әлі кім болатынын, қандай мамандыққа түскісі келетінін нақты білмесе, мектептен кейін қалауын тапқанға дейін үзіліс алады. Көбіне бір жылдай демалады. Осы уақыт аралығында бала өзін табуға тырысады, немен айналысқанды жаны қалайтынын түсінеді. Дегенмен бір жыл бойы бос сенделіп жүреді деп ойлап қалмаңыз. Түрлі қысқа курс оқиды, өзіне ұнайды деген жерлерден тағылымдамадан өтеді. Сөйтіп қай мамандық өзіне шын керегін түсініп алады. АҚШ, Еуропа елдерінде осы әдісті жиі қолданады. Біздегідей бірден оқуға түспей қалса ұят санайтын түсінік жоқ. Тіпті Чехияда жоғары білім алу анау айтқандай міндеттелмейді. Сондықтан заманауи түсініктегі отбасы үшін осы тәсілді сынап көруге болады. Тағылымдамадан өту арқылы болашақта осы мамандықты игергісі келе ме, жоқ па — соны түсінеді. Бакалаврға төрт жыл құртқаннан курстарға 2-3 ай жұмсап, нақты қалауыңызды біліп алсаңыз болады. Ұнап қалса, келесі жылы сол мамандықты таңдап, университетке тапсырасыз. Бізде көбіне ұнамайтын мамандық болса да түсіп алып, 4 жыл әшейін өткізеді де, ақыр соңында мүлдем басқа бағытқа кетеді. Сонда арадағы жылдар бекер өткен болып шығады.  
  2. Университетке түсетін адамға нақты жоспар керек. Құжат тапсыруға бірнеше күн қалғанда немесе сайтты ашқан кезде көзге көрінгенін таңдай салуға болмайды. Сіз өте құнды инвестиция — уақытыңызды арнағалы жатырсыз. Демек, бұл жерде саналы таңдау жасалуы керек. Ол үшін ең алдымен өзіңізден «Не үшін түскелі жатырмын?» деп сұрауыңыз керек. Ақылы бөлімге түсетін болсаңыз, бұл сауал тіпті актуал. «Әйтеуір түсе салу» деп қате таңдау жасамаған абзал. Идеал жағдайда мамандық пен оқу орнын таңдауды 14-15 жастан бастаса дұрыс. Баламен жақынырақ сөйлесіп, қызығушылық танып, қалауын сұрап тұру маңызды. Шама келсе, түрлі салада бақ сынап көруге мүмкіндік беретін комьюнитилерге қосу қажет. Содан соң барып, оқу бағытын анықтайсыз. Қай елде, қай оқу орнында жақсырақ оқытады? Тізім жасаңыз. Атақты университет болса болды деген түсінік те қате. Маңыздысы — сіз таңдаған саланы қалай оқытатыны. Елде оқи ма, шетелге кете ме, кемінде он шақты оқу орнынан тұратын тізім жасап шығыңыз. Әрқайсысының сайтына кіріп, танысып алыңыз. Оқу бағдарламаларын шолыңыз. Студенттер өмірі туралы көбірек білген сайын, оқығыңыз келе ме, жоқ па анықтала бастайды.    
  3. Шетелде оқу туралы. Негізі осы саладағы эксперттен оң-солын әлі біле бермейтін түлектердің шетелде бакалавриатқа түсуін аса құптамайды. Ең жақсы нұсқа — елде оқып, шетелде магистратура мен докторантураны жалғастыру. Шетелде қатты оқығысы келгендер студенттер алмасу бағдарламалары аясында оқыса болады. Ондай мүмкіндік біршама университеттерде қарастырылған. Айталық, Польшаның университетінен бір студент Қазақстанға келеді, оның орнына сіз барасыз дегендей. Бұлай дейтініміз, кейде кей нәрселер біз ойлағандай болмай шығады. Ал шағын нұсқасын көрген соң, қалауыңызға қаншалықты сәйкес келетіні анықталады. Тіл білмеу сияқты факторлар кері әсер беруі мүмкін. Сондықтан шетелге тапсырарда осыларда ескерген жөн.  
  4. Қателесуден қорқудың қажеті жоқ. Біз әдетте осыдан қатты қорқамыз. Сондықтан қателесе қалсақ та, оны көрсетпеуге тырысамыз. Ал негізі әрбір қате адамға мол тәжірибе береді. Университет не мамандық таңдағанда барынша он ойланып шешім қабылдау керегін айттық. Дегенмен қателескен болсаңыз, онда тұрған ештеңе жоқ. Бағытты, оқу орнын ауыстыруға болады. Басқалар не ойлайды деп емес, сізге нақты не керегі маңызды. Себебі өзгелерден ұят деп жүріп, уақытыңызды құр шығындауыңыз мүмкін. Әйтсе де, тағы да қайталап айтамыз: жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Сонда уақыт та, өзге де ресурстар да шығын болмайды.
  5. Нетворкиң құра білу керек. Университетте оқу деген күндіз-түні сабақ оқумен шектелмейді. Сіз оқу ордасында жүріп-ақ болашақ карьераңыздың іргетасын қалай аласыз. Көбіне университет керемет орта қалыптастыруға көмектеседі. Байланыс орнату арқылы келешекте көп пайдаға кенелуіңіз мүмкін. Ортаны адаспай тапқан адамның болашағы да жарқын болады. Бұл жерде бір топта оқитын группаластар туралы ғана емес, жалпылама айтып отырмыз.

Қазақстандағы стереотиптерге бұл айтқандарымыз сәйкес келмейтіндей көрінуі ғажап емес. Дегенмен қазір заман басқа. Қазір мүмкіндік мол. Бастысы, адамның өзін-өзі дамытуы, үздіксіз алға жылжуы. Бүгінгі балалардың ата-анасы да көзқарасын өзгерткені дұрыс. «Грант керек, диплом керек, түсе алмасаңыз, құрыдың» деп балаға қысым көрсетудің қажеті жоқ. Шын мәнінде, грантқа түспей қалу өмірдің соңы емес. Дұрысы, баланың ішкі сезімдеріне үңілу, қалауына ортақтасу. 

Сондай-ақ оқыңыз