Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен ШОБ өкілдеріне 14,5 млрд теңге төленген

Жарияланды
Жалпы 1594 өтінім мақұлданған

Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне өтемақы төленіп бітті. Қазіргі кезде 1594 өтінім бойынша 14,5 млрд теңге төленген. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. 


«Шағын және орта бизнес – қала экономикасының негізі. Онда еңбекке қабілетті халықтың 64%-ы жұмыс істейді. Сондықтан бизнесті қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. 2022 жылы бюджеттен қосымша 5 млрд теңге бөлініп, 47 млрд теңгеге дейін жетті. Бүгінде 16,5 млрд теңгеге шағын және орта бизнестің 219 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесінде, 1 маусымда белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бір жылда 19,5%-ға 233 мыңға дейін өсті» деді Досаев.

Сондай-ақ, инвестициялық белсенділіктің өсуі байқалады. Осы жылдың 5 айында жеке инвестициялар көлемі 22,1%-ға өсті. Ең үлкен өсім құрылыс индустриясында, өнеркәсіпте, көлік және қоймалауда тіркелді, олардың үлес салмағы 55%-ды құрайды

«Биыл І жарты жылдықта 132 млрд теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылды, 183 жұмыс орны құрылды. 2022 жылға еңбек өнімділігі жоғары 2,8 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 588 млрд теңге сомасына 77 жеке жобаны іске асыру жоспарланған» деді Досаев.

Сондай-ақ оқыңыз