Дайын өнімді шетелге шығаруға шектеу енгізудің қажеті жоқ – экспорттаушылар қауымдастығы

Жарияланды
Шикізатты экспорттауға болмаса да, дайын өнімді шетелге шығару қажет

Қазақстанның қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті күнбағыс тұқымын, бидай мен меслин, бидай және қара бидай ұнын экспорттауға шектеу енгізіліп жатқанын хабарлады.

Министрлік жариялаған құжатта «Қазақстан аумағынан жекелеген тауарларды әкетудің кейбір мәселелері туралы» ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушының 5 шілдедегі бұйрығы бойынша ел аумағынан күнбағыс тұқымын әкетуге шектеулер (квоталар) енгізіледі», делінген. Оған сәйкес, бір өтініш берушіге 500 тоннадан аспайтын күнбағыс тұқымын шығаруға рұқсат етіледі. Жалпы лимит – 15 мың тонна. 

Ал бидай мен меслин, бидай және қара бидай ұнына қатысты бұйрыққа сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 550 000 тонна көлемінде бидай мен меслинді және 370 000 тонна көлемінде бидай және қара бидай ұнын шығаруға шектеулер енгізіледі.

Шектеулер 8 шілдеден бастап енгізіледі және 30 қыркүйекке дейін күшінде болады.

Бұл өнімдерге шектеулер елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілетіні айтылған.

«Меніңше бидайды экспорттауға шектеу қоюға болады және солай істеу де қажет. Алайда ұнды, яғни дайын өнімді шетелге шығаруға шектеу енгізудің қажеті жоқ. Себебі бидай – шикізат, ал ұн – дайын өнім. Себебі ұн шыққан кездің өзінде ел ішінде маржа төмен түсті. Осы тұста шикізат пен дайын өнімнің айырмасын нақты білу қажет. Шикізатты экспортқа шығаруға болмайды, ал дайын өнімді шетелге шығару қажет. Сол арқылы бұл салаға дем беріледі. Егер шикізатты шығаруға ғана шектеу енгізсе, барлығы бидайды экспорттауға емес, дайын өнімді өндіріп, соны шетелге жіберуге тырысар еді. Соның арқасында бағасы да артады, шетелдік валюта Қазақстанның бюджетіне енеді».

Гүлмира Жүсіпова, Қазақстан экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы

Оның айтуынша, күнбағыс тұқымдарын да сыртқа шығарудың қажеті жоқ, оның орнына дайын майды экспорттау қажет.

Айта кетейік, өнімді шетелге шығаруға шектеу салынған құжатқа қарамастан, бұйрық қолданысқа енгізілген күнге дейін шетелге жіберілуі қажет болған өнімнің экспортталуына шектеу болмайды.

Сондай-ақ оқыңыз