Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің финалына шықты

Бұл - Қазақстан теннисі тарихындағы теңдессіз табыс

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте чемпионы (Франция ашық чемпионаты – 2018, Уимблдон – 2019), қазіргі кезде рейтингіде 18-сатыда тұрған румыниялық Симона Халеппен кездесті.

Қарсыластар осыған дейін өзара үш рет ойнап, соның екеуінде С. Халеп жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы Е. Рыбакина бірінші партияны қарқынды бастап, 3:0 есебімен алға шықты. Осы басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.

Елена екінші сетте де 2:0 есебімен алға кеткенімен, Симона сол бойда таразы басын теңестіріп үлгерді – 2:2. Дегенмен, қазақстандық спортшы қайта брейк жасап, өз геймін алды – 4:2. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Елена 5 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді.

Осылайша, Е. Рыбакина қазақстандық теннисшілер арасынан тұңғыш рет Уимблдон жарысының финалына өтті. Бұл – теңдессіз табыс.

Елена Рыбакина Ұлыбритания ашық чемпионатының финалында әлемнің 2-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен бас жүлдені сарапқа салады. О. Жабер жартылай финалда әлемдік рейтингіде 103-орында тұрған германиялық Татьяна Марияны 6:2, 3:6, 6:1 есебімен тізе бүктірген болатын.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар