Банк қолданбасын бюджет есебін жүргізу үшін қолдану қолайлы ма?

Жалқауларға жақсы әдіс екені рас

 Бюджет есебін жүргізудің маңызын айтудан ешқашан жалықпаймыз. Осы күнге дейін оқырмандарымызға отбасылық бюджетті жоспарлау турасында түрлі лайфхак бөлістік. Бөлек мобайл қолданба жүктеу немесе дәптер арнап, толтыру қиын болатын болса, одан да оңай бір тәсіл туралы айтпақпыз. Ол үшін арнайы аппликейшн орнатып жүрудің қажеті жоқ. Бар болғаны өзіңіз қолданатын банктің қолданбасы жетіп жатыр.

Дәстүрлі әдістен — заманауи тәсілге

Шынында әр шыққан шығынды дәптерге тізіп жүру туралы кеңесті естігендердің дені бірден қиынсынады. Сөйтіп беті қайтып қалып жатады. Ал бюджет есебін жүргізбесе, қысқа да ұзақ мерзімді жоспар жасау қиынға соғады. Сондықтан қалай болған күннің өзінде есеп жасап жүру керек. Естеріңізде болса, барлығын кестеге тізіп беретін қолайлы қолданбалар туралы жазғанбыз. Десек те, оны да қиын көретіндер бар. Сол себепті ең ыңғайлы нұсқа ретінде банк қолданбаларын ұсынамыз. Қазіргі қолданбалардың көбі онсыз да арнайы аппликейшндерде бар функциялармен жасалған. Яғни сіздің шығындарыңыздың анализін жасайды. Оларды түрлі категорияларға көріп, визуал анықтап береді. Демек, базалық түрде кемінде осы қолданбалардың сол функцияларын пайдаланып, қарап жүрген абзал.

Бюджетті қалай басқарамыз?

Сонымен банктің қолданбасы арқылы шығындарды басқарудың қандай жолдары бар? Ең алдымен, ақшаңыздың қайда және қандай көлемде кетіп жатқанын көрсетеді. Оны айларға не бір жылдық дегендей мерзімдерге бөліп қарауға да болады. Кей қолданбада тізім түрінде ғана берілсе, енді бірінде графикамен ыңғайлы етіп көрсетеді. Категорияларға бөлінген кестені көргенде бірден қай жерге өте қатты шығындалатыныңыз байқалады. Соған қарап азайту керек болса, азайтасыз. Сонысымен қолайлы. Айталық, тамақты үйге жеткізіп беру қызметін көп қолдануыңыз мүмкін. Болмаса, таксиге өте көп шығындаласыз. Ал ол сіздің айлық бюджетіңіздің біраз бөлігін «жеп» жатыр. Жай күні байқалмаған мұндай құбылыстарды банк қолданбасы арқылы қараған дұрыс. Сонда дисбалансты көріп, жоспарыңызға өзгеріс енгізуге жеңіл болады. Яғни банк аппликейшні арқылы қандай категорияға, белгілі бір кезеңдер мейлі айлық, мейлі жылдық болсын қанша қаражат кеткенін біліп отыруға мүмкіндігіңіз бар. Бұрын-соңды категориялар бойынша анализ жасап көрмеген болсаңыз, дәл қазір телефонды қолға алып, ашып қараңыз. Көп жағдайда жұрт таңғалып, «осынша ақша құртқанмын ба?» деп жатады. Әсіресе, бір жылдық табысыңызды көргенде кішігірім шок алуыңыз ғажап емес. Әр адам өзіне арагідік есеп беріп тұруы керек демекші, ай сайын болмаса да үш ай, алты ай, бір жылдың қаржылық есебін қарап тұру керек. Қазір көпшілігі қолма-қолсыз есеп айырысатындықтан барлығын картамен төлеудің артықшылығы да осында. Қолданба әр сатып алынған заттың категориясын автомат түрде анықтап, бөліп береді. Сонда сіздің қандай сатып алушы, тұтынушы екеніңіз айдан анық байқалады. Мысалы бір айлық есепті қарағанда мейрамханадан жиі тамақтанғаныңызды байқадыңыз. Бәлкім, сол айда «сырттан ішуге мәжбүр болдым ғой» деп өзіңізді ақтауыңыз мүмкін. Бірақ енді алты айлық есеп нәтижесінде де дәмханалар категориясының шығыны мол болса, демек сізге бюджетті қайта қарау керек. Мұндай шығын сізге қолайлы ма? Әлде бірдеңе өзгерту керек пе? 

Категорияларға шектеу қою әдісі

Сонымен, біз қай жаққа көбірек ақша кететінін білдік. Дәптерге жазғанда мұндай статистика жасау үшін бәрін ақтарып, қолмен істеу керек болады. Ал банк қолданбасы көз алдыңызға бәрін айдан анық қылып береді. Әрине, көп құртатын категорияның бәрін азайту керек, үнемдеу керек деген сөз емес. Өзіңізге сол сома қолайлы болса, құп. Әйтсе де, аса қажет болмаса таксиді қойып, автобусқа көшу, пиццаны айына он рет емес, үш рет алдыру дегендей жаңа ұстанымдар жасап көруге тырысыңыз. Ең дұрысы, әр санатқа белгілі бір сомалық лимит қойыңыз. Мысалы, жүріс-тұрыс үшін айына 10 мың теңгеден артық жұмсауға болмайды деп бекітесіз. Болды. Асып кетсе, келесі айда ескеріп, одан әрі үнемдеңіз. 12 мың теңге жұмсап қойсаңыз, ендігіде 8 мың теңгемен шектелемін деңіз. Жаздыгүні жаяу жүрген тіпті денсаулығыңызға пайдалы екенін ұмытпаңыз. Мұның бәрі — қаржылық дағды. Әдетке айналдарсаңыз, ұтылмайсыз.  

Ал енді үнемдейтінді үнемдеп, қысқартатынды қысқартып болғаннан кейін қаржыны жоспарлауға көшейік. Шығындар есебін жүргізу өте жақсы, әрине. Бірақ қаржылық тәуелсіздікке жету жолында бұл бар болғаны көмекші құрал ғана. Сізге алдағы шығындарға болжам жасауды үйрену қажет. Әсіресе, ойда-жоқта топ ете түсетін шығындар кезінде қаржыны жоспарлап, дұрыс бөле білген, сақтай білген адамға әлгі форс-мажор аса қиындық тудырмайды. Әр адам өзінің шығындарының шегін біліп отырғаны дұрыс. Мысалы, тұрмыстық тауарларға пәленбай мың кетеді, коммуналдық төлем орта есеппен пәленбай мың дегендей біліп жүріңіз. Осы қаражаттан бөлек, сізде тағы ақша қалуы керек. Қалды екен деп жұмсап тастамаңыз. Ең абзалы, қорға жинаңыз. Мұны қауіпсіздік мақсатында жүргізуді әдетке айналдырған жөн. Жоқ дегенде алдағы үш не алты ай табыссыз қалған жағдайда өмір сүруге жететіндей сома қорыңызда тұрсын.

Қай кезде шығыныңыз көп? Оның себебі неде?

Жоғарыда шығындарды категория бойынша талдап шықтық. Нәтижесінде мейрамханалардан жиі тамақтанатыныңызды білдіңіз. Мәселе мұнымен бітпейді. Бізге қаржылық дағдыларыңызды сараптау үшін күндердің де маңызы зор. Ол үшін белгілі бір мерзімдегі шығындардың жалпы тізімін қараңыз. Қай уақытта қанша жұмсадыңыз? Айталық, күнде жаңа піскен нан, сүт пен балғын жеміс-жидек үшін 1000 теңгеден кетеді деп ойлайсыз. Айға шаққанда — 30 мың теңге. Бұл күнде қайталатын шығын делік. Ал әлгі шығындар тарихын күндер бойынша қарасаңыз, дағды бойынша қалыпты жасап келе жатып, бір кезде бірден 60 мың теңгеге бір зат алғаныңызды көрдіңіз. Соны талдауға көшіңіз. Сонша қаражатты неге жұмсадыңыз? Шопоголиктік аяқ-асты ұстап кеткені немен байланысты? Қыстың қамын жаз ойлап, жарты бағасына жеңілдікпен қысқы етік алсаңыз, бюджетті әріден жоспарлағаныңызды түсінеміз. Ал енді жай ғана көңіл-күйіңіз болмай, сол стрессті ақша шашу арқылы шығарғыңыз келсе, өзіңізбен жұмыс істеу керек деген сөз. Басты мақсатыңыз күйзелістің мәнін тауып, күресу үшін жай ғана ақшадан құтылу болса, демек бұл жерде қате бар. Келесіде ондай қате жібермеген жөн. Бір қызығы, мұндай әдіс психологиялық тұрғыдан да көп нәрсенің бетін ашады. Сол тұсы да өте пайдалы. Стрессті тамақпен, қымбат зат алумен басамын деген — бос әуре. Оның түбірін іздеңіз. Жоюға күш салып, сол бағытта жұмыс істеңіз. 

Банк қолданбасының кемшіліктері

 Айлығыңыз түсетін карта да, күнделікті қолданыстағы карта да бір банктен болса, керемет. Әрқайсысы әр жерде болса, есеп жүргізу қиындайды. Сол сияқты қолма-қол шығарып алатын болсаңыз да, ақшаның қайда кетіп жатқанын талдау оңай емес. Ондайда дәстүрлі әдіс не арнайы қолданбалардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Барлығы бір жерде болып, шығындар онлайн кететін болса да, банк қолданбасының кей кемшілігін назардан тыс қалдыруға болмайды. Әр банктің статистика жүргізу әдісі әртүрлі. Яғни әрқайсысы өз логикасы бойынша топтастырады. Алгоритмдер Merchant Category Code код арқылы төлем қабылдаған жердің қай категорияға жататынын өзінше бағамдайды. Яғни төлем қабылдаған жердің қызмет не тауардың қай түрін қолданатынын көрсеткеніне байланысты сізге сол категорияға кеткен шығын деп көрсетеді. Дегенмен шын мәнінде сіздің алған затыңыз ол категориямен сәйкес келмей қалуы мүмкін. Айталық, сіз косметика алдыңыз. Оны қолданба автомат түрде супермаркет деген бөлімге жібереді. Өзіңіз топтастырсаңыз, оны кемінде тұрмыстық тауарлар тобына жатқызар едіңіз. Сондықтан жалпы топтастыруында келіспейтін тұстары табылуы мүмкін.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар