2021 жылы ішкі туристердің саны 6,9 миллионға жеткен

Жарияланды (жаңартылды )
Шетелден келетін туристердің де қатары артқан

2021 жылы ішкі туристер саны 6,9 миллионға жеткен, бұл 2020 және 2019 жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш болып отыр Бұндай мәліметті ішкі туризмді дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев айтып өтті. Кеңес ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жұмыс сапары аясында өтті, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

«Біз әзірлеген eQonaq жүйесінде 6 мыңнан астам қолданушы тіркелген, олардың қатарында қонақ үйлер, туроператорлар және жеке тұлғалар бар. Жүйенің арқасында министрлік туристердің қайдан келетінін, олардың жасы мен жынысын, қанша уақыт тұратынын, олардың қандай маршрутты таңдайтынын біле алады. Бұдан бөлек, шетелдік азаматтың Қазақстанда неше рет болғанын және оның қалауларының қалай өзгергенін көруге болады» деді вице министр.

Жалпы Қазақстанда туризм жақсы дамып, шетелдік қонақтар саны артып келеді екен.  Жыл соңына дейін елге 700 мыңға жуық шетелдік турист келуі тиіс. 28 елмен 107 бағыт бойынша халықаралық қатынас, 77 елдің азаматтары үшін визасыз режим қалпына келтірілген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге барушылар саны 1,5 млн адам болды. 2022 жылдың соңына дейін ұлттық парктерге келушілердің санын 1,6 млн-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз