Қазақстанда онлайн-дүкенді қалай ашуға болады?

E-commerce саласында жетістікке жетемін десеңіз…

Кейінгі кездері Kaspi немесе Wildberries алаңдары арқылы кәсіп ашу сәнге айналып келе жатыр. Неге десеңіз, Қазақстанда электронды коммерция нарығы әжептәуір күш алып келеді. Мысалы, 2021 жылы аталған сегменттегі сауда көлемі 2020 жылмен салыстырғанда екі есе артқан. Соған байланысты кәсібін енді бастағандар да, бұрыннан офлайн дүкені барлар да осы жаққа құмартып отыр. Ендеше, елімізде онлайн дүкен ашу жолдарын түсіндірейік.

Не сатасыз — соны анықтап алыңыз

 Кәсіп бастауды көздеп жүрген адамға нақтылық керек. Сондықтан алдымен ниша таңдаудан бастаймыз. Осы ретте нарықтағы сұранысты ескермесеңіз, жай ғана «косметика сатқым келеді» деген қалау жеткіліксіз. Себебі кейбір бағыттар Қазақстанда өтімді болмауы мүмкін. Өзін ақтаудың орнына шығынға батыруы да ғажап емес. Немесе сұраныс өте жоғары болып, бәсекелестеріңіз сізді шаң қаптыруы мүмкін. Негізі кез келген істі бастар алдында үлкен тәуекелге бел буып тұрғаныңызды түсінуіңіз қажет. Әлі қай бағытта дамуды білмей тұрған болсаңыз, табысы мол бірнеше саланы мысалға келтіре кетейік.

  • Киім, аяқ-киім, аксессуарлар. Бұл — нағыз «өлмейтін» бағыттың бірі. Өйткені киім мен аяқ-киім қашан да керек. Интернет дүкендерде қазір қымбаты керек пе, арзаны керек пе — бәрі табылады. Көтерме сауданы қайдан жасағыңыз келсе де, таңдау жетерлік. Түркия, Қытай, Қырғызстан, Америка немесе Еуропадан тауар алдыртудың түрлі тәсілі бар. Бірі орташа бағаға алуға әзір болса, енді бірі премиуи және люкс сападағы заттарды іздейді. Сондықтан әрқайсыңызға клиент табылады.
  • Балаларға арналған тауарлар. Бұл жерде сіз киім сатасыз ба, ойыншықтар ма, тамақ па, жуынатын заттар ма — өзіңіз білесіз. Тіпті бәрін бірге сатсаңыз да болады. Одан қала берді жиһаз, арба мен түрлі велосипед, толокар сияқты заттарға да сұраныс жоғары. 
  • Үйге арналған тауарлар. Үй текстилінің бүгінде түр түрі бар. Сапасы да, дизайны да әр түрлі. Егер жақсысын таба алсаңыз және оны клиентке жарнамалай алсаңыз, тапсырыс бастан асады. Әсіресе, кейінгі модельдегі дастархандар, раннерлер, көрпе-көпшікке әйелдердің көзі «сүрінеді». Бұл бағытта одан бөлек, тұрмыстық тауарлар, ас үй мен жуынатын бөлмеге арналған тауарларды да жатқызамыз.
  • Автокөлікке арналған тауарлар. Әсіресе, Toyota Camry, Daewoo Nexia, Volkswagen Golf, Hyundai Accent, Toyota Corolla, KIA Rio маркалы көліктердің аксессуарлары, майлар, қосалқы бөлшектер жақсы өтеді.
  • Тұрмыстық техника, электроника. Бұл тауар кез келген үйге керек. Мейлі қаланың, мейлі ауылдың үйіне болсын теледидар, үтік, смартфон қажет. Сондықтан онлайн дүкенге орналастырып қойсаңыз, жеткізіп беру қызметі болғасын көпшілігі интернет арқылы тапсырыс береді.

Клиентіңіз кім?

Ниша таңдап болған соң, мақсатты аудиторияны анықтап алу керек. Сіздің тұтынушыңыз кім — оның портреті қандай? Яғни жынысы, жасы, табысы, тұратын жері, қалауы, тілегі қандай? Осы ақпараттарды сараптай келе сіз ассортимент жасай аласыз. Жарнамалық кампания кезінде де осы портреттің көмегі тиеді. Онсыз бастамаған дұрыс. Себебі сіз кәсіпкер ретінде клиент кім екенін, оған не керегін, сіздің тауарыңызды алуға ақшасы бар ма, не қалайды — бәрін біліп тұруыңыз қажет.

Не сатасыз?

Одан кейін онлайн дүкеніңіздің ассортименті қандай екенін анықтайсыз. Ал оны білу үшін жоғарыда атап өткеніміздей, клиент портреті керек. Өзіңіз мынадай сауалдарға жауап беріп көріңіз. Сонда көп нәрсе айқындала түседі. Дүкенде қандай тауар сатылады? Каталогта әр тауардың қандай түрлері болады? Әр тауар позициясында қанша модель яки нұсқа, өлшемі болады? Әлгі тауардан бөлек, қасына тағы не алуы мүмкін? Сол қосымша тауарлардың тағы қандай түрін ассортиментіңізге қосу керек? Осы сұрақтарға жауап алған соң, сізді көрініс пайда болады. Сонымен қатар, бағасы қандай болатынына баса мән берген жөн. Онлайн дүкеннің клиент үшін артықшылығы — салыстырып, бағаларды қарау оңай. Яғни қай жерде сол тауарды арзанға тапса, содан тапсырыс береді. Сол себепті бәсекелестерді де бағу керек. Олар қаншадан сатып жатыр? Тым арзандатамын деп шығынға батып қалмайтындай немесе қымбат қыламын деп өткізе алмай қалмайтындай болыңыз. Әрине, премиум және люкс заттардың жөні бөлек.   

Бизнесті тіркейсіз

Табыс табатын кез келген адам оны заң жүзінде тіркеуге тиіс. Сондықтан жеке кәсіпкерлік (ЖК) немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ретінде тіркелесіз. Егер сіз шағын ғана кәсіп жүргізуді жоспарлап отырсаңыз, яғни қызметкер саны 100-ден аспайтын, табысы 300 мың АЕК-ге дейін болса онда ЖК тіркеген жөн. Ал енді ірі онлайн дүкен ашатын болсаңыз, ЖШС ашасыз. Тіркеу үшін еш жаққа барудың қажеті жоқ. Elicense.kz порталы, Kaspi, Halykbank мобайл қолданбалары арқылы демде жасауға болады. ЖШС тіркеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе Egov.kz сервисінің көмегіне жүгінесіз.      

Жеткізушіні тауып, келісесіз

Бұл да қиын шаруа емес. Көтерме саудамен айналысатындардың қоймасына немесе кеңсесіне барып жүрудің қажеті жоқ. Барлық контакт интернетте тұр. Ізденіп, тауып аласыз. Жеткізушілерді шартты түрде үшке бөліп қарастыруға болады:

  • Көтерме де, бөлшектеп те тауар сата беретін шетелдік сатушылар. Оларды AliExpress, Amazon сияқты халықаралық сауда алаңдарынан оңай табасыз. Сөйтіп байланыс орнатып, тікелей тапсырыс беріп алдыра бересіз.
  • Дистрибьюторлар. Олар өндірушілермен тікелей жұмыс істейді. Яғни белгілі бір тауарды ірі партиямен өндірушіден сатып алады да, шағын кәсіпкерлерге бөлшектеп немесе көтерме бағамен сатады.
  • Өндірушілер. Арада еш делдал болмағаны сізге тиімді. Осылай тікелей өндірушіден ала алсаңыз, керемет. Бірақ ірі кәсіпорындар тек ресми дилерлер арқылы жұмыс істейді. Ал шағын кәсіпорын тапсаңыз, онда келісу оңай. Бізде басым көпшілігі AliExpress сынды сервистерден алдырады. Кейінгі кездері Trendyol қосылды.     

Сауда схемасын құрасыз

 Онлайн-дүкеніңіз қалай жұмыс істейді? Негізі екі түрлі схема белгілі: тауарды өз қоймаңызға алдырасыз да, әрі қарай жүзеге асырасыз немесе дропшиппиң арқылы жұмыс істейсіз. Дропшиппиң дегеніміз сатып алушыларға тауарды бірден өндіруші не дистртбьютордың қоймасынан салып жіберу. Егер қоймасы бар онлайн-дүкен ашуды жоспарлап отырсаңыз, барлық ассортиментті толық алдыруыңыз керек болады. Ақысын да алдын-ала төлеуіңіз қажет. Сонымен бірге дүкеннің иесі үнемі қойма жұмысын қадағалап отырмаса тағы болмайды. Қанша тауар қалды, қаншасын алдыру керек, клиентке жіберу мәселесі — бәрінмен шұғылдану қажет. Ал енді дропшиппиң бойынша жұмыс істейтіндерде интернет-дүкен сатып алушы мен өндірушінің арасындағы делдал секілді қызмет атқарады. Яғни дүкеннің басты шаруасы — тапсырысты уақытылы қабылдап, оны жеткізушуге бағыттау. Жеткізуші болса қалған істің бәрін өз мойнына алады. Қоймада тауарларды сақтайды, жеткізіп берумен айналысады. Бұл схема шағын дүкендерге жақсырақ. Өндіруші не дистрибьютор максимум қоя алатын бағаны бекітіп қоятындықтан, табыс та өлшеулі болады. Дегенмен өзінің қоймасы болатын дүкен ашудың шаруасы одан да көп. Бірақ бұл жерде бағаны өз қалауыңыз бойынша қоя аласыз.    

Интернет-дүкен ашасыз

Ең қарапайым тәсілі — inSales платформасы арқылы тіркеліп, сайт ашу. Ол жерден дизайнның шаблонын аласыз да, төлем жүйесін реттеп, интеграция каталогынан жеткізуді қосасыз. Бәрі дайын болған соң дүкеннің каталогына тауарлар салып, бағаларын қойып шығасыз. Бағаға қатысты бұған дейін айтқанымыздай, дропшиппиң кезінде өзіңіз бекіте алмайсыз. Ал өзіңіздің қоймаңыз болса, баға қоярда мынаны ескеріңіз:

  • Қаншадан алып жатсыз?
  • Қоймаға жеткізу құны қанша?
  • Қоймада сақтауға кететін шығын
  • Персоналдың жалақысы
  • Таза табыс қанша болады?

Бағаны өзім қояды екенмін деп ауадан ала беруіңізге болмайды. Өйткені бизнесті бәсекелестерді бақылау керек. Сіз алып-сататындықтан, қанша баға қоюды қолдан жасағандағыдай өзіңіз таңдай алмайсыз. Аса қымбат қылып керек емес. Себебі алардан бұрын сатып алушы бағасы бойынша сорттап, ең қолайлы дегенін алады. Бірақ тез өтсін деп өзгелер қойған орташа бағадан 5 пайыздан артық арзандатпаған жөн. Әйтпесе, таза табысыңыз 0-ге таяу болады. 

Жеткізу қызметін реттейсіз

Сайт ашылды, заттар салынды. Енді клиентке қалай жеткізетініңізді ойластырасыз. Көпшілігіне банк картасы арқылы онлайн төлеуге мүмкіндік болғаны қолайлы. Сол сияқты енді бірі курьерге төлегісі келеді. Оны да ескеріп, екі жолын да ұсынғаныңыз дұрыс. Жеткізу қызметімен өзіңіз айналыссаңыз болады. Болмаса, траспорттық компаниялардың көмегіне де жүгінуге болады. Сол сияқты сатып алушы өзі алып кете алатындай да жағдай қарастырылғаны жөн.  

Жаһанға жар саласыз

Кез келген кәсіпке түптің түбінде жарнама қажет. Әрине, аты шыққан компания мұқтаж болмауы мүмкін. Бірақ енді бастаған кезде жарнамасыз болмайды. Тауарды сайтқа орналастырған бойда тапсырысқа көміліп қаламын деп ойламаңыз. Олай болмаса, көңіліңіз түсіп кетуі мүмкін. Іздеу жүйелерінде сіздікі бірінші шықсын десеңіз, еңбектену қажет. Ол үшін сайтқа күш саласыз. Google-дың іздеу жүйесінде контекстік мәтіндер ойлап табу, әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашу, танымал блогерлерге жарнама беру, тиімді акциялар ұйымдастыру, SEO қосу дегендей амалдар керек.

Тұтынушылардың құқықтарын ескеру керек

          Кәсіппен айналысарда заңды жақсы меңгерген өзіңізге пайдалы. Сондықтан сатып алушылардың құқығын білуіңіз міндетті:

  1. Тауарларды сатып алуға шарттарды еркін жасау (жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету);
  2. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағарту.
  3. Тауар (жұмыс, қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алу.
  4. Қауіпсіз тауарды (жұмысты, қызметті) сатып алу.
  5. Тауарды (жұмысты, қызметті) еркін таңдау.
  6. Тауардың (жұмыстың, қызметтің) тиісті сапасы.
  7. Тиісті және тиісті емес сападағы тауарды айырбастау немесе қайтару.
  8. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан олардың өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалдарды (зиянды) толық көлемде өтеу.
  9. Сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) фактісін растайтын құжатты алу.
  10. Ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы бойынша ойын бастамашысына (ұйымдастырушысына) кінә қою.
  11. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құру.
  12. Моральдық шығынды өтеу.
  13. Құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
  14. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

  Егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алушы оған азық-түлік емес тауар берілген кезден бастап 14 күн ішінде сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы жариялаған өзге де орындарда, бағада айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырысуды жүргізе отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габаритті, фасонды, түстерді, жиынтықтауды және сол сияқтыларды ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы. Сатушыда айырбастау үшін қажетті тауар болмаған кезде сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтаруға және ол үшін төленген ақша сомасын алуға құқылы.

Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған болса немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, жүргізілуі тиіс.

Сатушының міндеттемелері

Сатушы тиісті сападағы азық-түлік емес тауарды, егер ол пайдалануда болмаса, оның тауарлық түрі, тұтыну қасиеттері, пломбалары, жапсырмалар, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауарды сатып алған күннен бастап күнтізбелік 14 күн ішінде айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті:

  • дәрі мен медициналық бұйымдар;
  • іш киім;
  • шұлық бұйымдары;
  • Жануарлар мен өсімдіктер;
  • метражды тауарлар, атап айтқанда барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталар, трикотаж және гардин жаймалары, жасанды тері, кілем бұйымдары, тоқыма емес материалдар, таспалар, шілтер, тоқыма бау, сымдар, баулар, кабельдер, линолеум, багет, пленка, клеенка.
  • ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы.

          Сондай-ақ, сіз сатушы ретінде:

  • интернет-ресурстарға (электрондық сауда алаңы, интернет-дүкен, ақпараттық-жарнамалық сауда алаңы), тауардың негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы мәліметтер, сатушының атауы, оның заңды мекенжайы және ҚР ұялы байланыс операторында тіркелген абоненттік нөмірі бар сілтемелерді орналастыруыңыз керек;
  • сатып алу-сату шартын жасау алдында тұтынушыға қазақ және орыс тілдерінде тауар, оның құны, төлеу рәсімі, жеткізу шарттары мен құны, кепілдік мерзімі (ол болған кезде) туралы ақпарат беруіңіз керек;
  • үлгі және сипаттама бойынша тауарды сату кезінде үлгіге және сипаттамаға сәйкес келетін тауарды тұтынушыға беруіңіз қажет;
  • өз өндірісінің тауарларын қоспағанда, сатушының тауарларға меншік құқығын растайтын құжаттары болуға тиіс.
Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар