Кәсіпкерлер үшін қолайлы платформа ашылды

Жарияланды (жаңартылды )
Осындай порталдар әлемнің шамамен 30 елінде табысты пайдаланылады

Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын және Халықаралық сауда орталығы (ХСО) іске асыратын «Ready4Trade – Орталық Азия» жобасы халықаралық сауданы жүргізуге кететін уақыт пен шығындарды қысқарту үшін Қазақстанның сауда порталын іске қосты. Портал қажетті құжаттарды, нысандарды және қолданылатын ережелер мен рәсімдерді қоса алғанда, барлық импорттық, экспорттық және транзиттік рәсімдердің толық сипаттамасын ұсынады. Ол аграрлық азық-түлік секторына баса назар аудара отырып, шекара арқылы сатылатын 50-ден астам тауарларды қамтиды.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускастың айтуынша, мұндай онлайн-платформаның іске қосылуы Қазақстанның Орталық Азиядағы тұрақты және инклюзивті экономикалық дамуына әсер етеді. «Бұл портал – сауда рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ететін сауда рәсімдері туралы ақпараттың бірыңғай көзін ұсынатын озық технологиялық құрал» дейді ол.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы 2020 жылдың тамыз айынан бастап «Ready4Trade – Орталық Азия» жобасының институционалдық серіктесі болып келеді және сауда порталын әзірлеп, іске қосу бойынша барлық жұмысты үйлестіруге атсалысты.

«Теңіз көлігімен жеткізілімдерді ұлғайтуға қызығушылықты арттырудың және Каспий теңізіндегі порттардың әлеуетін кеңейтудің өзектілігін ескере отырып, алғаш рет теңіз порттарының импорттық және экспорттық операцияларының бизнес-процестерін кезең-кезеңімен құжаттау жүргізілді. Сондай-ақ, біздің сарапшылар Қазақстанның шекаралас елдермен шекарасындағы өткізу пункттерінде сауда рәсімдері бойынша ақпаратты салыстыруды жүзеге асырды. Мен сауда порталы барлық сауда рәсімдері бойынша гид болатынына сенімдімін, ол бойынша жұмыс кәсіпорындардың сауда рәсімдері мен стандарттарын сақтау мүмкіндігін күшейтуге мүмкіндік береді», дейді «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директоры Азамат Асқарұлы.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жобаны дайындау мен іске асыруға қосқан үлесі үшін ЕО пен ХСО-ға алғысын білдіріп, сауда порталы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде тұрақты және жанжақты экономикалық дамуға ықпал ететініне сенім білдірді.

«Енді Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметіне қатысу­шылар импортта, экспортта және транзитте қолданылатын қа­ғидалар мен рәсімдерге қол жет­кізе алады. Біз үшін сауда порталы отандық бизнестен кері бай­ланыс алу құралына айналады. Осы бағыттағы жұмыс бизнес қауымдастықтармен және уәкілетті органдармен белсенді түрде пысықталатын болады», деді вице-премьер.

Қазақстанда платформа «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп дайындалған.

«2017 жылдың ақпан айында ДСҰ-ның Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісімі күшіне енген сәттен бастап, Қазақстан қолайлы іскерлік ортаны қамтамасыз ету үшін өзінің нормативтік-құқықтық базасы мен саясатын реформалаудың ұзақ жолынан өтті. Бұл біздің елімізге 190 елмен ынтымақтаса отырып, халықаралық саудада жаһандық ойыншы болуға көмектесті. Сауда порталын енгізу арқылы біз Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия өңірінің тұрақты және жан-жақты экономикалық дамуына ықпал ете отырып, одан әрі ілгерілейміз», дейді Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Әлия Әлімбетова.

Халықаралық сауда орталығының сауданы жылжыту жөніндегі аға маманы Тимоти Брюнето саудаға жәрдемдесу жөніндегі порталдың бұл түрін микро, шағын және орта кәсіпорындардың шекара маңы саудасының рәсімдеріне қатысты ақпараттық олқылығын жоюға мүмкіндік беретін озық шешім деп санайды. Пайымдауынша, бұл шешім кәсіпкерлерді айтарлықтай ынталандырады және Қазақстанның халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Қазіргі уақытта осындай порталдар әлемнің шамамен 30 елінде табысты пайдаланылады және көршілес Тәжікстан мен Қырғызстанда да қолжетімді.

Өз кезегінде порталға толық бақылау жүргізу үшін Қазақстан 12 мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және бизнес-қауымдастықтардың 23 өкілінен тұратын жұмыс тобын құруы керек.

Сауда порталы – бұл бақылау органдарының коммерциялық шарттылық туралы ақпаратын шоғырландыратын бизнестің анықтамалық құралы ғана емес, сонымен қатар сауда процедураларын жеңілдетудің бірқатар артықшылығын ұсынады. Атап айтқанда, портал бизнесмендер тап болатын коммерциялық шарттылықтың күрделілігін анықтауға және мөлшерлеуге, артық және қажетсіз кідіртулер тудыратын рәсімдер мен талаптарды айқындауға, трансшекаралық операцияларды оңтайландыру және қысқарту бойынша мақсаттарды белгілеуге және сауда рәсімдерін жетілдіруге бағытталған бизнес үшін реформалардың әсер ету тиімділігін өлшеуге мүмкіндік береді.

Еске салып өтейік, Ready4Trade жобасы Орталық Азияның бес елінде ішкі өңірлік және халықаралық сауданы дамытуды қолдауға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыз