«Қазфосфат» зауытында авария болды

Төтенше жағдайдың қоршаған ортаға тигізген зиянын комиссия тексереді

Таразда «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытта апат болды.  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 11 шілде күні сағат 20.30-да болған.

«Фторид сутегінің артық мөлшері 2-3 есе, аммиак, күкіртті сутегі, көмірқышқыл газының артық мөлшері анықталған жоқ», – делінген хабарламада.

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, құрамына  экологтар, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және басқа да жауапты тұлғалар кіретін жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет басқарады.

Жамбыл облыстық экология департаменті Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесінде ШРК (шекті рұқсат етілген концентрация) бойынша өлшеу жүргізді. Нәтижесінде аммиак пен күкіртті сутегі бойынша ШРК мөлшерінен аспағандығы анықталған. Фтор қосылыстарының аздап жоғарылауы байқалған.

Сондай-ақ, Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында да зерделеу жүргізілген. ШРК артуы анықталған жоқ.

Тараз қаласының Сәтбаев көшесінде орналасқан «Қазгидромет» РМК автоматтандырылған станциясының мәліметінше, ауадан зияндылығы жоғары заттар табылмаған.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар