Қазақстаның ЕАЭО елдерімен өзара сауда-саттығы 4,8% өскен

Жалпы өзара сауда көлемі 9 956,9 млн АҚШ долларын құрады

Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен 2022 жылғы қаңтар-мамыр аралығындағы өзара саудасы 9 956,9 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 4,8% көбейді, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

2022 жылғы қаңтар-мамырдағы тауарлар экспорты 2 929,3 млн АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты (0,9%-ға аз), импорт – 7 027,6 млн АҚШ доллары (7,3%-ға көп).

Қазақстан Республикасының ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінде Ресей Федерациясының үлесі – 92,8%, Қырғызстанда – 3,8%, Беларусьте – 3,3%, Арменияда  – 0,1%.

ЕАЭО елдерімен экспорт бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ең жоғарғы өсім жасанды корунд (алюминий оксиді, алюминий гидроксиді) бойынша байқалды, өсім – 3 есе. Бұл ретте күйдірілген пиритті қоса алғанда, темір кендері мен концентраттары бойынша төмендеу байқалды (53,4% аз).

Импортта өсім мыс кендері мен концентраттары бойынша байқалды – 17,6 есе. Бұл ретте жеңіл автомобильдер және өзге де моторлы көлік құралдары бойынша көрсеткіштің төмендеуі тіркеліп отыр (53,7 % аз).

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар