«ҚазМұнайГаз» акциясын сатып алып, қалай табыс табуға болады?

Жарияланды
Компанияның IPO-сы туралы жарияланды

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы АҚ-ның IPO-сы туралы жариялады. IPO осы жылы AIX пен KASE биржасында өткізілмек. Осы ретте қор IPO-ны Қазақстанның барлық азаматтары үшін ашық әрі қолжетімді етуді көздеп отыр. Айтып өтейік, IPO (Initial Public Offering ) дегеніміз – бастапқы жария ұсыныс. Бұл – инвесторлар үшін жаңа ғана шығарылған акциялардың биржада орналастырылуы.

«IPO-ға ә дегеннен бірнеше ірі компанияны тарту көзделіп отыр. Осының арқасында қор активтері мен портфелді компаниялардың ұзақмерзімді нарықтық құны қалыптасады, корпоративтік басқару және операциялық тиімділік стандарттары жақсарады, компанияларды дамыту үшін қорландырудың жаңа көздері пайда болады, Ұлттық қор толығады», деп түсіндіреді «Самұрық-Қазына» басқарушы директоры Ернар Жанәділ.

Акцияларды ұсыну ұлттық заңнамаға және биржа талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Акцияны сату және оның шарттары туралы түпкілікті шешімді қордың директорлар кеңесі мен үкімет қабылдайды. Шешім консультанттар консорциумының ұсынымдары, ықтимал сұраныс пен нарық конъюнктурасын алдын ала бағалау негізінде қабылданады. Акциялардың бағасы, ең алдымен, тапсырыстар кітабын жинақтау кезінде дамитын сұраныс құрылымына байланысты болады.

«Акцияларды орналастыру инвестициялық банктердің ұсыныстары және «ҚазМұнайГаз» бен  сатушы акционерлер арасындағы талқылаулар негізінде тапсырыстар кітабын жинау аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. Бөлу кезінде барлық мүдделі тараптардың мүдделерінің теңгерімін сақтауды ескере отырып, бөлшек инвесторларға басымдық беру жоспарлануда. «ҚазМұнайГаз» бен «Самұрық-Қазына» жоғары сапалы, әртараптандырылған инвесторлық базаны құруға мүдделі және Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан қор нарығында ұзақ мерзімді қатысуды мақсат етеді», дейді «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сатып алудың ресми каналдары әлі жарияланған жоқ. Ол кейінірек жария етіледі. Сондықтан ұлттық компанияның өз ресми сайтында, не болмаса AIX пен KASE биржаларының ресми ресустарында акциялар сатылымы басталғаны туралы нақты ақпарат жарияланбайынша, алаяқтар арбауына түсіп қалмау қажет. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» да өтінімдер қабылдаудың басталғанын хабарлап, авторизациядан өткен ресми каналдардың атауын жариялайды.

Дегенмен сарапшылар туындауы ықтимал тәуекелдерді де жоққа шығармайды. Соның қатарында – «Каспий құбыр консорциумы» мұнай құбыры арқылы қазақ мұнайын экспорттау мәселесі бар. Дәурен Қарабаевтың сөзінше, жағымсыз әсерлерді азайту мақсатында компания барлық қажетті шараларды қабылдайды. Сондай-ақ өз транспорттық маршруттарын қайта бағыттауға да дайын. Қазіргі кезде «ҚазМұнайГаз» үшін «Атырау-Самара», «Атасу-Алашанькоу» және Ақтау порты секілді балама жолдар қолжетімді.

Айта кетейік, «ҚазМұнайГаз» акциясы тек AIX пен KASE биржасында ғана емес, «Астана» халықаралық қаржы орталығының мобилді қосымшасында да («Tabys» мобильді қосымшасы) қолжетімді.

Әзірге халықтың қор нарығына қатысуы жоғары деңгейде емес. Ұлттық компаниялар акциясын орналастырған соң жеке инвесторлар пулы кеңейеді деген үміт бар.

«Ел компаниясының акциясын иеленген адамдар саны қаншалықты көп болған сайын, ол компаниялар да не істеп, қалай істеп жүргендеріне есеп бере бастайды. Олар түскен табысты қалай бөлістіру мәселесін ойланады және акционерлердің көңілі толуына мән береді. Мемлекет қазба байлыққа, біздің компанияларға деген өз монополиясын жояды және бұл монополияны адамдармен бөліседі», деді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв халықтық IPO-ның маңыздылығын түсіндіре отырып.

Осыған дейін отандық биржада «ҚазТрансОйл», «Кегок» және Қазақтелеком» компанияларының акциясы сатылған еді.

Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, Қазақстанда IPO-ға қатысуға дайын азаматтар саны өте аз. Қазір 132 мың азамат KASE қатысушысы екен. Бұл – еңбекке қабілеті бар азаматтардың 2 пайызы. Сарапшының айтуынша, халықтық IPO көмегімен олардың үлесін 10 пайызға жеткізуге болады. Ол үшін халық арасында инвестицияның маңызын түсіндіретін, қаржылық сауаттылықты арттыруға жетелейтін жұмыстар атқарылуы керек.

Ұлттық компанияның акциясын қазір сатып алып, ертең қайта сатып жіберіп пайда табамын деу қисынсыз дейді экономистер. Яғни, акция иелену – ұзақ мерзімді перспективада пайда әкелетін құбылыс. Сондықтан оған үлкен төзім, инвестиициялық терең сауат пен сабыр керек-ақ. Оның үстіне қор нарығының біршама тәуекелі де бар. Мәселен, қор нарығы ешқашан кірістілікке кепілдік бермейді. Түрлі фактор салдарынан акциялар бір-ақ сәтте құлдырап кетуі ықтимал. Бұл сөзімізге 2020 жылы пандемияға байланысты кенет арзандап сала берген мұнай бағасы дәлел.

Бірақ қазір мұнай бағасы тұрақты және әркез өсім көрсетуде. Сондықтан «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алу соншалықты тәуекел тудыра қоймас.

Еске салайық, «ҚазМұнайГаз» – еліміздегі аса ірі мұнай-газ компаниясы. 2021 жылдың қорытындысы бойынша оның шоғырландырылған активі 31,6 млрд долларға жетті. 21,7 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндірді. Бұл – елдегі мұнай мен газ өндірісінің 25 пайызы.

Сондай-ақ оқыңыз