Пассив табыс табудың жолдары

Жарияланды
Бестселлер жазуға кірісесіз бе, әлде инвестициялауды бастайсыз ба?

Табыстың актив және пассив түрі болады. Алғашқысы — сіздің үйреншікті жалақыңыз. Жұмысыңыздан айырылсаңыз, айлығыңыз да көзден бұлбұлдай ұшады. Ал енді жасыңызға да, жағдайыңыз да қарамастае тұрақты түсіп тұратын пассив табыс туралы білесіз бе? Пассив табысы бар адам бастығымен келіспей қалудан, аяқ-асты форс-мажор болудан немесе ауырып қалудан аса қорықпайды. Себебі ол жолын тауып, бір арнаға түсіріп қойған. Ендеше, оқырмандарымызға пассив табыс деген не, оған қалай шығуға болады — осы жайлы айтқанды жөн көріп отырмыз.

«Қандай рахат, аяқты көтеріп қойып үйде жатсаң да, түсе беретін табыс екен» деп қалған боларсыз. Иә, пассив табыс өте жақсы. Бірақ бір жолға қойғанға дейін сізге жоспарлы, жүйелі біршама іс атқару керек. Өйткені оңай жерде ақша болмайды. Пассив табысты жоспарлауға адамда бірнеше ай, тіпті жыл кетеді. Бірақ сол жоспарды жасамас бұрын ол қосымша табыс сізге шамамен қанша уақыттан кейін керек болады, қаншадан және қалай түсіп тұрғанын қалайсыз бәрін реттеп алған жөн. Айталық, төлем ай сайын түскені дұрыс па, әлде алты айда бір, бес жылда бір дегендей мерзімін ойластырыңыз. Пассив табысқа ақша қай жақтан түсіп тұрады? Айлығыңыздың белгілі бір бөлігін құйғаннан ба, жоқ әлде біреуден мұраға алуыңыз мүмкін бе? Әркім өз жағдайын жақсы білетіндіктен, мерзімі де, сомасы да ойға қонымды болуға тиіс. Осыны шешіп алсаңыз, қандай құралды пайдаланған жөн екенін анықтай аласыз.

Қандай табыс көздері бар?

Банкке салым салу. Пассив табыстың ең танымал түрі деп банктегі салымды айтуға болады. Өйткені көпшілігі осы әдісті қолданады. Инвестиция дегенді түсіне алмай қойсаңыз, ең оңайы — банктен салым ашу. Өйткені егер қаражатыңызды үйдегі банкаға салып жинайтын болсаңыз, оны инфляция «жеп» қоюы мүмкін. Пассив табыстың ең қарапайым түрі осындай. Яғни сіз белгілі бір соманы банкке сақтауға бересіз. Сол үшін банк сізге пайыз төлеп отырады. Осылайша тұрақты көбейіп отырады. Дегенмен пайызынан әжептәуір пайда көру үшін оған сәйкесінше өте көп сома салу керек. Одан қала берді мұсылмандар пайыз мәселесін ұнатпайтындықтан, бұл әдіске оң көзқарас танытпауы ықтимал.  

Фото:depositphotos.com

Мысал түрінде банк салымынан пассив табыс кіргізуді көрсетейік. Сенімді деген бір банкке ақша саламын деп шештіңіз. Есіңізде болсын, пайызы қатты жоғары болмайды. Алданып қалмаңыз. Әдетте сізге түсетін табыс инфляциядан сәл ғана жоғары болады. Мәселен 4 пайыз деп алайық. Ай сайын есепшотыңызға әлгі салымнан 250 мың теңгедей түсіп тұруы үшін сіздің шотыңызда 72 млн теңгеден астам сома жатуы керек. Қарапайым адамға мұндай қаражат жинау оңай емес. Бірақ пассив табыс ретінде жақсы, солай емес пе? Жай ғана сол банкте тұрғаны үшін сізге айына көлемді сома түсіп тұрады. Тұрақты табыс әрі сенімді жерде жатыр. Тіпті банк лицензиясынан айырылса да, кепілдік бар. Бұл жерде айта кететін бір кеңес: егер қомақты сомаңыз бар болса, оны бірнеше банкке бөліп салып тастаған дұрыс. Бұл әдістің кемшілігі де жоқ емес. Атап айтқанымыздай, көлемді сома болмайыншы табыс табу қиын. Яғни табыс деңгейі тартымды емес. Сонымен бірге қомақты қаражатты ұзақ мерзімге «қатырып» қоюыңыз керек. Өйткені жұмсап тастасаңыз, сәйкесінше пассив табыстан да артыласыз. 

Мемлекеттік емес зейнетақы. Болашағын жоспарлайтын кей адамдар пассив табыстың қызығын жас кезде емес, зейнетке шыққанда көргісі келеді. Егер сіз де сол санаттан болсаңыз, бір жолы бар. Мемлекеттік емес зейнетақы қорларының бірімен қосымша зейнетақымен қамту туралы келісімшарт жасасуға болады. Ол үшін әлгі зейнетақы қорына тұрақты түрде аударым жасап отырасыз. Ал қор болса қаражатыңыз қосымша табыс әкелуі үшін инвестициялайды. Мұның жағымды тұсы жинағыңызды инфляциядан қорғап қана қоймай, бірнеше жыл ішінде әжептәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді. Келісімшартта белгілі бір жасты көрсетесіз. Соған жеткен кезде сол жинағыңызға инвестициялық табысты қосып зейнетақы ретінде алып отырасыз. Табыстылық көп жағдайда салыстырма түрде жоғары болады. Өйткені мемлекеттік емес зейнетақы қорлары ұзақ мерзімді әрі табысты жобаларға ақша салуы мүмкін. Дегенмен мұның үлкен кемшілігін ұмытпау керек. Аталған аударымдар салымдарды сақтандыру жүйесіне енгізілмейді. Яғни қор банкротқа ұшыраған жағдайда ақшаңызды ала алмай қалу ықтималы жоғары. Өйткені арада ешқандай кепілдік жоқ.    

Құнды қағаздар. Қор нарығындағы инвестициялар пассив табыс ретінде өте жақсы тәсіл деуге болады. Инвестициялаудың басты заңдылығы сол: табыс қандай жоғары болса, тәуекел де сондай жоғары. Яғни неғұрлым табыс өскен сайын қатер де көбейеді. Сондықтан қатері аздау құралдар — облигация, артықшылық берілген акциялар мен кредит рейтиңі жоғары инвестициялық қорлардың пайынан бастаған абзал. Тәуекелі жоғары құралдарды ә дегеннен пайдалануды бастап кету жақсы идея емес. Осы ретте бірнеше құралдар мен олардың артықшылығы мен кемшілігін де қысқа түсіндіре кетейік. Облигациялар — құнды қарыз қағаздар. Оны эмитент, яғни мемлекетік немесе компания шығарады. Олардың мақсаты — ақша тарту. Сіз облигация сатып алу арқылы эмитентке өз жинақтарыңызды белгілі бір мерзімге қарызға бересіз. Сол үшін ол алдын ала белгіленген табыс түсіремін деген уәде береді. Ол табысты сіз облигациялардың мерзімі біткен кезде яғни өтеген кезде алсаңыз болады. Болмаса, купондық табыс ретінде қарастыруға да еріктісіз. Бұл дегеніміз кезең-кезеңімен түсіп тұратын төлемге келісе аласыз. Енді бастап келе жатқан инвесторлардың мемлекеттік облигациялардан немесе сенімді компаниялардың купондық облигацияларынан бастағаны дұрысырақ. Мұның жағымды тұсы тәуекел аса жоғары емес, мемлекеттік облигациялардан тіпті қорықпасаңыз да болады. Кемшілігіне келсек, сенімді облигациялардан айтарлықтай мол табысқа кенеле алмайсыз. Өйткені салым бойынша пайыздан сәл ғана көп болады. Тіпті ең сенімді деген кәсіпорындардың өзі қазіргі кризис жағдайында қаржылық проблемаларға тап болып, облигация иелерінің алдындағы міндеттемелерін өтей алмай қалуы да ғажап емес. Қор нарығындағы инвестициялар салымдарды сақтандыру жүйесіне кірмейді.    

Фото:depositphotos.com

Артықшылық берілген акциялар. Әдеттегі акциялар иелеріне табыс әкеледі деген кепілдік берілмейді. Ал енді артықшылық берілген акциялар бойынша дивидендтер алдын ала белгілі болады. Енді бастап жатқандарға осы әдіс ең қолайлысы. Егер қор нарығындағы жұмысты енді бастап жатсаңыз, ең сенімді деген компаниялардың құнды қағазы — «көк фишкаларды» ғана сатып алыңыз. Басқа компаниялардың табысы көбірек болуы мүмкін. Дегенмен ол жерде тәуекел де сондай екенін есте ұстаңыз. Жағымды тұсы банк салымы мен облигацияларға қарағанда көбірек табыс табуға мүмкіндік береді. Ал минусына келсек, тәуекелі жоғары құрал. Тәжірибелі инвесторларға қолайлы. 

 Инвестициялық қорлардың пайы. Мұны ПИФ деп те атайды. Мұнда құнды қағаздар портфелі дайын күйде тұрады. Тек акциялар, тек облигациялар немесе түрлі құнды қағаздар деп портфель жасақтанады. Сондай портфельдің бір бөлігін ала аласыз. Құнды қағаздар нарығына енді қадам басқандарға бұл әдіс те өте жақсы. Түрлі қордың инвестициялық декларацияларын зерттеп, кейін көңіліңіз қалағанын таңдасаңыз болады. ПИФ ақшасы арнайы басқару компаниялардың қолында болады. Осы ретте бір айта кететін жайт, жинақтарыңызды сенімді деген, рейтиңі жоғары компанияларға ғана бересіз. Кемінде рейтиңінде бір болсын «А» әрпі болуы қажет. Сонда қатер де азырақ. Басқарушы компанияларды рейтиң жасаумен айналысатын кредиттік агенттіктердің сайтынан қарап алуға болады. Бұл жерде салымдарыңызды кәсіби мамандар бақылап отырады. Ал сіз пассив табыс тауып отырасыз. Бір жақсысы, ПИФ-терге инвестицияны кез келген сомадан бастауға болады. Мейлі 10 мың теңгеден бастап болсын. Ал одан түсетін табыс банк салымынан көп болуы мүмкін. Дегенмен кемшілігі де жоқ емес. Инвестицияға арналған дәстүрлі салымдарға мемлекет кепілдік бермейді. Табысына да кепілдік жоқ. Оған қоса, сіз тапқан табысты жеке табыс салығынан төлейсіз. Осы әдісті қолданамын десеңіз, жеке инвестициялық шот ашқан дұрысырақ. 

Өмірді инвестициямен сақтандыру. Бұл жағдайда сіз үшін сақтандыру компаниясы инвестициялап отырады. 3-5 жылға келісімшарт жасасасыз. Сол уақыт ішінде бірнеше рет салым саласыз. Сөйтіп мерзім біткен кезде салған ақшаңызға қоса жиналған инвестициялық табысты қоса аласыз. Негізі қай компания болса да салымды түгел қайтарамыз деп кепілдік береді. Тіпті табыс онша көп болмаса да, сақтандырушы табыс таппай, шығынға ұшыраса да қайтарылады дейді. Бірақ келісімшартты мұқият оқу керек. Сақтандыру компаниясы сізге бірнеше инвестициялық стратегия ұсынады. Оның ішінде тәуекелі төмендері болса, сақтандырушы ақшаңызды ең сенімді активтерге салады. Мәселен, облигацияларға дегендей. Мұндай жағдайда сәйкесінше табыс аса көп болмайды. Ал енді тәуекелі көп болса, демек табыстылығы да жоғары. Салғаннан әлдеқайда көп ақша алуыңыз қандай мүмкін болса, еш пайда көрмеуіңіз де дәл солай мүмкін. Сондай-ақ, өмірді инвестициялық сақтандыру полисінде өмірді түрлі қауіптен сақтау да кіреді. Айталық, аяқ-асты сырқаттанып қалсаңыз, болмаса полис иесі қайтыс болса салым сомасынан қоса инвестициялық табысты да алады. Сонымен бірге оларға көлемді сақтандыру төлемі де беріледі. Жағымды тұстарын тізсек, бірінші кезекте ақшаңыз кәсіби мамандардың қолында болатыны. Сондықтан табыс банк салымына қарағанда едәуір түсуі мүмкін. Тіпті жолым болмады дегеннің өзінде ақшаңызды сол күйі аласыз. Ал енді өмірді де сақтандыру полисі қоса жасалса, отбасыңыз үшін қосымша қорғаныш болады. Тағы бір бонусы: салық шегерімін алуға мүмкіндік бар. Кемшілігі табысының қандай болатынын алдын ала білуі мүмкін емес. Кейде нөлге тең болуы мүмкін. Мемлекет сақтандыру салымдарына еш кепіл болмайды. Сол себепті сақтандыру компаниясын таңдау мәселесіне бей-жай қарауға болмайды.  

Жылжымайтын мүлік. Пәтерді жалға беріп қойып, жалға алғандардың ақшасын ай сайын жинап алып отыруға болады. Көпшілігінің арманы да осындай. Бірнеше пәтерді жалға беріп қойып, жұмыс істемесем дейді. Десе де, бұл ретте шығындар мен тәуекел барын ескеру керек. Атап айтқанда, коммуналдық төлем, мүлік салығы, жалға бергеніңіз үшін төлейтін салық бар. Үй өртеніп кетсе, су алып кетсе немесе өзге де жағымсыз жағдайлардан сақтнандыру рәсімдеген абзал. Шығынның біраз бөлігі жабылады. Сонымен бірге үй орналасқан жерге де көп нәрсе байланысты. Кейде тұратын адам таппай қалуыңыз мүмкін. Болмаса, тұратын адамдар уақытылы төлемеуі де ғажап емес. Пәтердегі мүліктерді қиратып кететін кездер де болады. Міне, шығындар мен қатерлер дегеніміз осы. Дегенмен жағымды тұстарына әжептәуір пассив табыс түсіп тұратынын, құнын көп жағдайда түсірмейтінін айта аламыз. Кемшіліктерін жоғарыда атап өттік. 

Фото: depositphotos.com

Краудфандиң. Бизнесті екінің бірі жүргізіп әкете алмайды. Дегенмен біреудің жобасына ақша табу мақсатында қаржылай көмектесуге мүмкіндік бар. Ол қалай десеңіз, айтайық. Мысалы, краудфандиң арқылы стартаптарға немесе тез өсетін компанияларға инвестиция жасай аласыз. Егер сәтті іске асып жатса, көп табыс әкелуі мүмкін. Бірақ кейде «өтпей» қалса, инвестор салған ақшамен қоса күйіп кетуі де мүмкін. Сол себепті қолыңыздағы бар қаражатты ә дегеннен осындай жобаларға салудың қажеті жоқ. Пассив табыстың басқа да сенімді түрлерін ретке қойған болсаңыз, артылған ақшаның бір бөлігін осылай салуға болады. Жағымды тұсы — көп табыс табуыңыз мүмкін. Минусы — тәуекел жоғары. Мұндай құралдар көбіне профессионал инвесторларға қолайлы. Өйткені олар қай жаққа инвестициялайтынын біледі, ақшаны тәуекелге тігуге дайын.  

Интеллектуал мүлік. Табыстың мұндай да түрі болады. Хит, бестселлер, блокбастар мен өзге де патенттелетін дүние жасау арқылы пассив табысқа шығуға болады. Өзіңіздің туындыңыз немесе ойлап тапқан дүниеңіз үшін өміріңіздің соңына дейін ақша тауып отыра аласыз. Мұндай қаражат тіпті немерелеріңізге дейін жетеді. Бұл өте жағымды естілгенімен, соған сай дүние жасау оңай емес. Бірақ қолдан келсе, қанеки. Есіңізде де, «Менің балам» фильмінде Хью Грант жұмыссыз, бірақ бай кейіпкердің рөлінде ойнайды. Оның әкесі кезінде жаңа жылдық ән шығарып, ол хитке айналады. Сөйтіп автор ретінде оған аударым жасалып отырады. Тіпті әкесінің ақшасының қызығын мұрагер ретінде әлгі кейіпкер де көреді. Әлбетте, екінің бірінің басына мұндай бақ бұйыра қоймас. Бұйырса, жолыңыздың болғаны.       

Сондай-ақ оқыңыз