Құны 4,5 миллиард теңге болатын 3,5 тонна есірткі тәркіленген

Жарияланды
ІІМ басшысы елдегі криминогендік жағдай жөнінде есеп берді

Есірткі қылмысына қарсы күрес аясында жыл басынан бері 1354 қылмыс анықталған. «Қара нарықтағы» құны шамамен 4,5 миллиард теңге болатын заңсыз айналымдағы 3,5 тонна есірткі тәркіленді. Бұл туралы Президентке есеп берген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Министр мемлекет басшысына еліміздегі криминогендік жағдай, ішкі істер органдарының биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының нәтижелері жөнінде есеп берді.

Марат Ахметжановтың айтуынша, қазіргі кезде қарақшылық, бопсалау және мал ұрлығы фактілері азайған. Қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздік деңгейі көтерілген.

Қылмыстық процестің үш буынды моделін іске асыру аясында аса ауыр санаттағы 928 істі тергеп-тексеру жұмыстары аяқталып, сотқа жолданды. Мысалы, елордалық полицейлер компаниялардың бірінің директорына қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады. Ол Норвегия Корольдігіне жұмысқа орналастырамын деген желеумен Қазақстанның 123 азаматын алдап, 149 миллион теңгеден астам көлемде залал келтірген. Күдікті кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сегіз ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Ұйымдасқан қылмыстық топ құруға және оны басқаруға қатысты 16 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз