Айдың аяғында ақшасыз қалсаңыз…

Жарияланды
Назарыңызға бізден бірнеше кеңес

Кейде айлыққа әлі бір апта не он күндей қалғанда ақша санап кетеміз. Жоспардан тыс шығындар, аз жалақы, қарыздың көп болуы сынды түрлі себепті тізіп шығуға болады. Айдың аяғына қарай қалтаңыз жұқармақ түгілі түк ақшасыз қалсаңыз, не істеуге болатыны туралы пайдалы материал әзірлеп қойдық. Ішінен көңілге қонымдысын, жағдайға сай келгенін таңдап аларсыз.

         Ана жер, мына жерде қалып кеткен ақша. Ойламаған жерден қалтаның түбінен ақша тауып алған кез бәрінің басында болып көрген шығар. Әсіресе, қыстық киімдерді реттеп жатқанда тонның қалтасынан 2 мың теңге тауып көрдіңіз бе? Ондайда шала байып қалғандай қуанып қалатынымыз бар. Сол секілді ақшаңыз бітсе, сондай қалтасы бар киімдерді, сөмкелерді бір қарап шығыңыз. Кейде қайтарып берген ақшаны асығыс бір жерге сала саламыз да, оның бар екенін ұмытып кетеміз. Ұмытып кеткеніміз осындай ақша біткен кезде жақсы. Бәлкім, 500 теңге шығып қалар, бәлкім 5000 теңге тауып аларсыз? Қалтасында көк тиыны қалмаған адамға мұның бәрі — олжа. 

         Жол шығындарын қайта қарау. Әрине, ақшасы аз адам барынша үнемдейді. Сізге жолға кететін шығынды қайта қарастыруды ұсынамыз. Бұрын таксимен жүрген адам автобусқа көшеді. Ал қоғамдық көлікпен қатынайтындар үйден ертерек шығып жаяулатып жетеді дегендей. Шығындарды оңтайландырудың бірнеше әдісін тізбелеп шығайық. Егер жұмысыңыз бен үйіңіздің арақашықтығы 5 шақырымнан аз болса, ауа-райы да жақсы болып тұрса, ерінбей жаяу барыңыз. Әрі кетсе, бір сағат ерте тұруыңыз керек. Таза ауада серуендеу бюджетке ғана емес, денсаулыққа да керемет әсер береді. Смартфоныңыздағы қадамды есептейтін функцияны қосып қойыңыз да, кемінде 10 мыңнан астам қадам жасауды әдетке айналдырыңыз. Бұл барлық жағынан пайдалы. Ал енді астында машинасы бар адам болсаңыз, шығынды есептеңіз. Бензин қымбатқа шығып кететін болса, бәлкім бір апта қоғамдық көлікпен қатынай тұрған жақсы шығар? Әрі тұрақтан орын іздеп, кептелісте ұзақ тұрып қалмайсыз. Мұндай жақсы жақтарын да ескеру керек. Десе де, бүгінде көлігі барлардың көбі қосымша табыс ретінде жұмысқа дейін не кейін жолшыбай адам алып кетіп, таксист болады. Бұл да жақсы. Қосымша табыс туралы кейінірек тағы айтамыз. Астында машинасы жоқ адамдар көрші тұратын жұмыстасы болса, соған өтініш айтып жетіп қалса болады. Әрине, мұны әдетке айналдыруға әсте болмайды. Өйткені қолайсыздық тудыруыңыз мүмкін. Бірақ арасында ғана өтініш айтсаңыз, қолыңызды қайтара қоймас. Бастысы, шығып тұр деген кезде кешікпей күтіп тұрсаңыз болғаны.

         Тоңызытқышты не шкафты бір тексеріп шығу. Мерзімі өтіп кеткен тамақтар туралы айтып жатыр деп ойлап қалмаңыз. Бірақ ақша біткен кезде әйтеуір үйлестіріп, әр жерді бір қарап жейтін нәрсе табуға болады. Өйткені «тоңазытқышта дым жоқ» дегенде шынымен іші бос тоңазытқыш болуы екіталай. Бар болғаны ақша бар кезде ондағы кей затты жегіңіз келмеген болуы мүмкін. Мәселен, ауылдан келген майды әдетте жемей жүрдіңіз делік. Ал енді ақша таусылғанда нанға жағып жеп алсаңыз, одан тәтті тамақ жоқтай көрінеді. Жоқ дегенде жұмыртқа, ірімшік, жарты колбаса, консервіленген тамақтар шығу ықтималы жоғары. Болмаса, шкафты дұрыстап қарасаңыз өзіңізге жететіндей қарақұмық, макарон, күріш шығады. Ештеңе жоқ дегенде пиязды майға қуырып болсын күн көре аласыз. Әрине, жанбағыс оңай емес. Айдың басында жалақы түскенде толтырып алып қойсаңыз, осындай кезде алаңсыз жейсіз. Сол себепті мерзімі ұзаққа жететін кей тамақты толтырып алған да пайдалы.   

         Тамаққа кететін шығындарды да оңтайландыру. Біз қалтада ақша қалмаған жағдайды қарастырып жатырмыз. Сондықтан осындай қиын кезеңді қалай өткеруге болатыны туралы айтамыз. Жай күні сіз қолдың сүтін, қолдың жұмыртқасын алып жүрген адам боларсыз. Олардың бағасы салыстырмалы түрде қымбат болатыны белгілі. Ал енді қалтаның түбі көріне бастағанда олай таңдауға мүмкіндік болмайды. Сөйтіп амал жоқтан үйдің астындағы дүкеннің сөресіне көз салуға тура келеді. Сөйтіп арзандау сүт, жұмыртқа, ет алыңыз. Люкс гипермаркеттен азық-түлік алып жүрген болсаңыз, оны да уақытша арзандауына ауыстырыңыз. Қандай жеңілдіктер болып жатыр, оны да қараңыз. Расында тиімді акциялар болса, алып алыңыз.

         Сырттан тамақтануды қысқартыңыз. Жұмысқа барар жолда кофе ала кетіп, түсте — жұмыстастармен, кешке достармен тамақтанып жүрген адам болсаңыз, ақша азайғанда мұндай «шик» өмірді қысқарта тұруға тура келеді. Жалпы мұндай аса көлемді шығын сіз үшін қаншалықты қолжетімді, соны да ойластырып көріңіз. Бәлкім, кофені үйден ішіп шығарсыз? Сөйтіп айына қанша қаражат қалтада қалады. Түскі асты да үйден апарып ішсеңіз қалай болады? Контейнерге салып апарып, жылытып ішкеннен ұялудың қажеті жоқ. Айталық, сіздің бір рет түскі ас ішкеніңізге 3 мың теңге кетеді делік. Ал ол ақшаға сіз қаншама азық-түлік алар едіңіз? Ерінбей есептеп көріңіз. Кешкі асты үнемі сырттан іше беру идеясы да аса құпталмайды. Арагідік болмаса, үйден өзіңіз істеп ішкен жөн.  

         Тегін қыдырысқа көшіңіз. Бұрын қыдыру десе, көз алдыңызға алдымен ақша келетін болса, назарыңызға тегін нұсқалары барын да ұсынғымыз келіп отыр. Ақша бітті екен деп депрессияға түсудің қажеті жоқ. Айлыққа бір аптадай уақыт қалса, демек осынша уақыт киноға, театрға, клубқа не басқа да қыдыратын жерлерге бармай шыдай тұруға әбден болады. Оның орнына саябаққа қыдырыңыз. Серуеннің ішінде адамға жағымды әсер сыйлайтыны да осы емес пе? Одан қала берді, қалаңыздағы қызықты іс-шаралар туралы уақытылы хабарлап тұратын сайттар, әлеуметтік желідегі парақшаларды шолып шығыңыз. Бәлкім, тегін көрмелер, кино көрсетілімдер тауып қаларсыз. 

         Купон, бонус, сертификат және кэшбек. Ақша бар кезде бұларға мән бермеген болуыңыз мүмкін. Дегенмен қаражат қысқанда назарға ілуге болады. Супермаркеттен зат алуға жеңілдік болса, пайдаланыңыз. Банк қолданбасында кэшбек бар. Оны да қараңыз. Бонус жиналып қалса, сонымен есеп айырысыңыз. Үнемдеуге көмектесуі мүмкін кез келген әдісті қолдануға кеңес береміз. 

         Керек емес заттарды сату. Үйде бостан-босқа орын алып тұратын заттар табылатын шығар? Тастауға қимай жүрген болуыңыз да мүмкін. Былай қарасаң, тап-таза, пайдалануға болатын дүние, бірақ сіз соңғы рет екі жыл бұрын ғана қолданғансыз. Олай болса, оны мұқтаж адамға сатуыңызға болады. Бүгінде пайдаланылған заттарды сатуға қоятын түрлі сервис бар. Хабарландыру беріп қойсаңыз, алушы табылып қалуы ғажап емес.

         Қосымша табыс табу. Адам бойында небір қабілет бар. Тек көбі оны толық пайдаланбайды. Сондықтан ақша керек кезде жақсылап ойланып, қаражат табудың қосымша жолдарын іздестіру керек. Фрилансерлер биржасы не қызметін ұсынатындар сайттарына тіркеліп, өзіңіздің қолыңыздан келетін істі жазып қойыңыз. Бәлкім, мәтінді жақсы жазасыз, әлде суретшілік қабілетіңіз бар ма? Шығармашылыққа аса жоқ болсаңыз, әлденені жөндеу, тігін сияқты дүниелер қолдан келе ме?

         Қарыз алу. Бұл әдіс кез келген адамның ойына ең алғаш болып келетін болса керек. Жұмыстастардан не достардан сұрап көріңіз. Қарыздың мойында ілініп тұратын жүк екенін ұмытпаңыз. Сондықтан нақты керек және қайтара алатын соманы ғана айтыңыз. Айлықтан беремін деп жарты жалақының көлеміндей қарыз алып алуға болмайды. Жалпы бір айда ақша жетпей қалса, неліктен олай болғанына талдау жасаған жөн. Сізде шығын көп болып кетіп, оны қысқарту керек пе? Әлде табысыңыз тым төмен, қосымша қаражат табатын әдіске көшкен жөн бе? Кейбірі мұндайда «айлыққа дейін ақша береміз» деген жарнамасына қарап, микрозаймдар алып жатады. Аса қатты қажеттілік болмаса, бұл әдіске жүгінбеген дұрыс. Өйткені қайтаратын сомасы да, кешіктірген жағдайда өсімпұлы да жоғары.   

         Кредит карта ашып қою. Бұл әдіс те аса құпталмайды. Дегенмен қоспай кете алмаймыз. Мүлдем ақшасыз қалғанда ғана жүгінуге болады. Соның өзінде әдетке айналдырмай, бір реттен артық қолданбаймын деген ниетпен ашыңыз. Өйткені үнемі сол картамен есеп айысырып, ақша шығарып ала беретін болсаңыз, қарызыңызды өсіре бересіз. Кейде «кредит карта бар ғой» деп эмоциямен қажетсіз шығынға батуыңыз да мүмкін.

         Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Айлық кешіктіргенде, бір айда аса көп шығын шығаруға мәжбүр болғандарға, қандай да форс-мажорға тап болғандарға осы әдістер көмектесіп қалады. Егер мұндай жағдай ай сайын қайталана беретін болса, демек мұны сол күйі қалдыруға болмайды деген сөз. Жалақысы жоғары жұмысқа ауысасыз ба, қосымша табысқа көшесіз бе, шығындарды оңтайландырасыз ба — бірдеңе істеу керек. Өйткені мұндай «ЧП» ай сайын бола бермеуі керек. Бұған дейінгі материалымызда бюджетті жоспарлау туралы құнды кеңесті көп айттық. Соларға да құлақ салған жөн болар.

Сондай-ақ оқыңыз