Цифрлы шешімдер бизнесте қандай рөл атқарады?

Жарияланды
Қазақстанда интернетпен қамту деңгейі әлі жоғары емес

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Іскерлік кеңесінің бесінші пленарлық сессиясының жұмысына қатысты. Кездесуге қатысушылар ұйымға мүше мемлекеттердің шағын және орта кәсіпорындардағы бизнес-процестерді цифрландыру және азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы ынтымақтастығының перспективаларын талқылады.

Ведомство басшысы өз сөзінде цифрландыру пандемияға дейін бүкіл адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын және Қазақстан да бұдан тыс қалмағанын атап өтті.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда орта есеппен интернет желісіне қолжетімділігі бар ұйымдардың үлесі 76,3 пайызды құрады. Ең «цифрланған» ұйымдар Нұр-Сұлтан (97,6 пайыз), Шымкент (97,3 пайыз) және Қарағанды (89,5 пайыз) қалаларында шоғырланған» деп хабарлады министр.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректері бойынша, 2020 жылғы желтоқсанда 2019 жылмен салыстырғанда ЭЫДҰ елдерінде кең жолақты интернетке тұрақты жазылулар саны 21 млн-ға өсіп, 454 млн-ды құраған. PwC Kazakhstan жүргізген зерттеулерге сәйкес, еліміздегі электрондық сауда нарығының көлемі 327 млрд теңгеден (2019 жылы) 1 трлн теңгеге дейін (2021 жылы) ұлғайыпты.

«IT-технологияларды дамытуға баса назар аудару көптеген кәсіпорындарға жұмысын сәтті жүргізуге мүмкіндік береді. Қазақстанның экономикалық белсенді халқы қамтылған мобильді интернет, сондай-ақ «орташа деңгейлі» кең жолақты интернет онлайн-маркетинг пен сауданы дамытуға, құжат айналымының қағазсыз технологияларына көшуге, мемлекеттік және қаржылық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді» деді министр.

Оның айтуынша, елімізде цифрлық банк секторы мен қаржы технологиялары белсенді дамып келеді, мемлекеттік қызметтер біршама автоматтандырылды.

«Мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының цифрлық форматына толық көшуді «Бизнеске арналған үкімет» порталы арқылы іске асыру жоспарланып отыр. «Бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимыл ашықтықты қамтамасыз етіп, бюрократияның шешім қабылдауға тікелей әсерін азайтады» деп мәлімдеді ол.

Әлібек Қуантыров атап өткендей, технологиялық жаңғырту, цифрлық платформалардың мүмкіндіктері, жасанды интеллект, өндірісті автоматтандыру кадрлар даярлауды трансформациялау және адами капиталды дамытуды талап етеді. Жұмыс істейтін азаматтардың дағдыларын цифрландыруға бейімдеу, олардың цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды.

«Қазақстанның алдында үлкен мақсаттар тұр, 2025 жылға дейін БҰҰ электрондық үкімет рейтингінде кемінде 20-орынға, B2C электрондық коммерция индексі бойынша 50-орынға, АКТ дамыту индексі бойынша 40-орынға қол жеткізу. Үкімет пен бизнес қоғамдастықтың стратегиялық әріптестігін дамыта отырып, осындай өршіл міндеттерге қол жеткізу біздің қолымыздан келеді деп ойлаймыз» деп түйіндеді Ұлттық экономика министрі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Astana Finance Days халықаралық конференциясы аясында өткен «Индустрия 4.0 технологияларын әзірлеу және енгізу» панельдік сессиясында IT шешімдер мен цифрлы технологияларды қолданатын өндірістік кәсіпорындарды қолдауға бағытталған шаралар туралы айтты.

Вице-министрдің айтуынша, өнеркәсіпті цифрландыру кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттігін арттырып, нарықта сұранысқа кеңінен ие болмақ. Осыған орай, бүгінде отандық өнеркәсіп саласына цифрлы трансформация жүргізу үдерісін жылдамдату үшін мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілуде.

Атап айтқанда, цифрлы шешімдерді, соның ішінде Индустрия 4.0 элементтерін енгізген өндіріс орындарын субсидиялау механизмі енгізілген және заманауи технологиялық құрал-жабдықтарды жаңғырту мен өндірістік процестерді жетілдіруге бағытталған өнеркәсіптік гранттар мен салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

«2025 жылға қарай елімізде цифрлы технологияларды қолданатын ірі және орта кәсіпорындардың үлесін 23 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Өз кезегінде аталған шаралар мен бастамалар отандық өнеркәсіп саласындағы цифрландыру процесін жылдамдатып, қазақстандық IT-компанияларға қолайлы жағдайлар туғызады» деп атап өтті Щеглова.

Сонымен қатар ол өз сөзінде кәсіби құзіреттілікті арттыру мен қажетті мамандар даярлау турасында да айтты.

Вице-министрдің пайымдауынша, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында заманауи еңбек нарығында да айтарлықтай өзгерістер орын алмақ. Осыған орай жыл сайын кәсіпорындардың топ-менеджерлері мен қызметкерлеріне «Индустрия 4.0» және жаңа технологияларды енгізудің тиімділігі тақырыптарында біліктілікті жетілдіру курстары өткізілуде. Бұдан бөлек, «Жаңа мамандықтар мен құзіреттер атласы» аясында қазақстандық жоғары оқу орындарымен өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған жаңа мамандар даярлау бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Биыл елімізде инновацияны дамытуға орай 2,7 млрд теңге бөлу қарастырылып отыр екен. Цифрлық даму министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша Қазақстанда IT саласын дамыту үшін 2021-2023 жылдар аралығында 7,5 млрд теңге қарастырылған. Соның 2,7 миллиарды биыл, 2,9 миллиарды – 2023 жылы бөлінбек. Аталған мақсат үшін былтыр 1,9 млрд теңге жұмсалған. Министрліктің хабарлауынша, бөлінген қаражат есебінен мемлекеттің индустриалдық-инновациялық орнықты дамуы жолында аса қажет болатын технологияларды айқындау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жаңа тауарлар өндіретін немесе оларды жетілдірумен айналысатын ұйымдарға да көмек көрсетілмек. Тағы бір басым бағыт – қазақстандық стартаптарды дамыту үшін және отандық IT-жобалар үшін әлеуетті инвесторлар іздеу ісі жалғасып жатыр.

Нәтижесінде 2022 жылы ІТ-қызметіндегі жергілікті қамту үлесі 70 пайызға жетеді деп көзделіп отыр. Аталған көрсеткішті 2023 жылы – 70,5 пайыз, 2024 жылы 71 пайызға жеткізу жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз