Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан талапкерге оқуда қандай жеңілдіктер бар?

Жарияланды
Гранттар, жатақхана және басқа да артықшылықтар

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыдан шыққан талапкерлер үшін және жеңілдетілген басқа да санаттағы балалар үшін қазақстандық колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу кезінде қабылдау квотасы қарастырылған. Kusiv.kz бүгінгі материалда осы және өзге де жеңілдіктер мен гранттар жөнінде тарқатты.

Әкім гранты

Жыл сайын еліміздің әр өңіріндегі әкімшілік жетім, жағдайы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға қосымша «әкім грантын» бөледі. Бұл – білім беру (педагогикалық мамандықтар) сияқты салалардағы кадр тапшылығын жабу үшін қала немесе облыс үшін неғұрлым қажет мамандықтарға бөлінетін жергілікті атқарушы органдардың гранттары.

Кімдерге беріледі: Әкім гранттары кему тәртібімен ҰБТ-да жинаған ең жоғары балл бойынша беріледі. Талапкер әкім грантына үміткер болуы үшін кемінде шекті балл жинауы керек. Сондай-ақ мемлекеттік грант алмаған болуға тиіс.

Грантты жеңген талапкерлерге ай сайынғы стипендия тағайындалады. Тегін жоғары білім алады. Оқуды бітіргеннен кейін кепілдік берілген жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар.

Жергілікті атқарушы органдардың гранты жұмысқа орналасу пайызы, білікті профессорлық-оқытушылық құрамның болуы, университеттің жалпы рейтингі сияқты критерийлер бойынша іріктелген университеттерге бөлінеді.

Жақия Сәрсенов атындағы білім беру гранты бағдарламасы

Оқу үлгерімі жақсы, одан әрі білім алуға талпысыны бар тұрмыс жағдайы төмен интернат және балалар үйінің түлектеріне қолдау көрсетуге арналған бағдарлама.

Бағдарламаға қатысу үшін тұрмыс жағдайы төмен, балалар үйі және балалар интернаты мекемелерінің тәрбиеленушілері шақырылады. Грант арнайы іріктеу конкурсы арқылы анықталып, қатысушының қажеттілігіне қарай, академиялық білімі мен үлгерімін, жеке тұлғалық қасиеттерін ескере отырып тағайындалады;

Білім беру грантын алу үшін талапкерлер  Жақия қайырымдылық қорына өтініш тапсыруға тиіс. Өтініш түрі, іріктеу талаптары және керек құжаттар тізімі Zhakiya.kz сайтында көрсетілген.

Білім беру гранты мына шығындарды өтейді:

  • түлек  ЖОО-ға мемлекеттік грант (не басқа оқу ақысын төлеу міндетінен босатар жағдайда) негізінде түссе, Қор түлекке шәкіртақы төлейді.
  • шәкіртақы мөлшері конкурс нәтижесі бойынша жеке тағайындалып, ЖОО-дағы барлық оқу мерзімінде төленеді.
  • түлек ЖОО-ға ақылы негізде (келісімшарт бойынша) түсетін болса, қор түлектің оқу ақысын төлейді.

Білім беру кредиті

«Қаржы орталығы» АҚ ұсынып отырған бағдарлама жағдайы төмен отбасыдан шыққан талапкерге тиімді. Бүгінгі таңда білім беру кредитеріне кепілдік беру жүйесіне  екінші деңгейлі бактер белсенді қатысады. Пайыздық мөлшерлемесі 10-20% аралығында, мерзімі 12 жылға дейін. Кредиттің минимал сомасы 150 мың теңгеден басталады, 6 миллион теңгеге дейін беріледі. Талапкердің үлгерімі ҰБТ/АКТ нәтижелері бойынша  50 балдан төмен болмауы қажет.

Бағдарламаның артықшылықтары:

  1. Несие талапкердің өз атына рәсімделіп, оқу ақысын төлеу жауапкершілігі студенттің өзіне жүктеледі, оның төлеуіне оқу орны кепіл болады;
  2. Барлық білім алу деңгейінде (бакалавриат, магистратура, докторантура т.б) беріледі;
  3. Білім алудың барлық түріне: күндізгі, сырттай, кешкі, қашықтықтан оқу т.б беріледі;
  4. Несие мерзімі ұзақ (талапкер өзі белгілейді);
  5. Кепілзатсыз;
  6. Несиеге алған қаржы тікелей оқу орнының есепшотына аударылады;
  7. Білім несиесін еліміздің барлық қаласында рәсімдеуге болады.

ЖОО-дағы түрлі жеңілдік

Аз қамтылған студенттерге әр ЖОО-да түрлі жеңілдік қарастырылған. Бірнеше университет талапкерлер мен студенттерге гранттары мен шәкіртақыларын ұсынады.

Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да арнайы сертификаты бар мектеп түлектері үшін бірінші оқу жылына 15% жеңілдік; ауыл мектептерінің «жақсы» және «өте жақсы» бағалары бар түлектеріне бірінші оқу жылына 10% жеңілдік; оқу үлгеріміне 25%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған.

Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ университеті аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектерге әлеуметтік жәрдемақылар мен жеңілдіктер, академиялық жетістіктерге жеңілдіктер бөлген.

С.Демирел университеті жоғары оқу жетістіктері бар бакалавриат студенттеріне гранттар мен стипендиялар береді. Сондай-ақ мұқтаж топтарға арналған Qazaq Republic стипендиясын ұсынады.

Бұдан өзге де ЖОО-лар ішкі саясатына байланысты мына сатыдағы студенттердің оқу ақысы 10%-25% аралығында арзандатады:

  • Мектепті үздік аттестатқа аяқтаған;
  • Қысқы, жазғы сессияны үздікке бітірген;
  • Оқу үлгерімі А, А- «өте жақсы», B, B- «жақсы» жетім, ата-анасының екеуі де мүгедек, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыдан шыққан студенттер.

Қазақстандағы барлық ЖОО-да студенттің жағдайына қарай әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оны «әлеуметтік пакет» деп те атайды. Әлеуметтік пакеттің екі түрі бар: бірі мемлекеттік көмек, екіншісі — ЖОО ішкі ережесіне сәйкес студенттер кәсіподағы арқылы ұсынатын жеңілдіктер.

Жатақхана беріледі

Қазақстанның кейбір ЖОО мен колледждерінде тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыдан шыққан студенттерге жатақхана алдыңғы кезекте беріледі.

Жоғарыда аталған сатыдағы студенттерге кейбір университет тарапынан бір жылда бір реттік жәрдемақы немесе бір семестр тамақ ішуге талон беріледі.

Ол үшін студент:

  1. Тұрғылықты жерінен аз қамтылған отбасынан шыққанын дәлелдейтін анықтама;
  2. Өзінің және отбасы мүшелері жеке куәлігінің көшірмесін әкелуі қажет.

Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында бакалавриатқа қабылдау үшін министрлік 73 мыңға жуық грант бөлді. Ең көп грантты «Машина жасау, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы» білім беру бағдарламалары тобы алды, саны – 17 794 грант. «Педагогикалық ғылымдар» – 10 810 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» – 9 103 грант, «Жаратылыстану, математика және статистика» – 6 288 грант.

«Техникалық салаларға ерекше назар аударылды, онда мемлекеттік тапсырыстар үлесі 60 пайызға дейін ұлғайтылды», – деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығы Қазақстанда жеңілдетілген санат бойынша грант конкурсына қатысушыларға арнап ақпарат берді.

2022 жылғы квоталар мөлшері:

  • жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – 1%;
  • I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1%;
  • жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін – 0,5%;
  • ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ түсушілерге (қандастар) – 4%;
  • кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы түсушілер үшін – 5%;
  • кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1%;
  • бала кезінен мүгедек балаларды, І, ІІ топтағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1%.
  • ауыл квотасы – 35%.

Жеңілдігі бар оқуға түсушілер қажет анықтамаларды құзыретті органдардан алады. Бірақ ауыл квотасы үшін анықтама алудың қажеті жоқ. Егер сіз ауылдық жерде орналасқан мектепті бітірсеңіз, ақпарат базада болады.

Сондай-ақ оқыңыз