COVID-19 қайта оралды. Елде эпидемиологиялық ахуалдың деңгейі қалай анықталады?

Жарияланды
Мемлекет жаңа толқынға дайындалуда

Елімізде соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайлары 3,2 есе өскен. Вирус жұқтырғандардың 89 пайызға жуығы – екпе алмаған және соңғы 6 айда қайта вакциналаудан өтпеген адамдар. Шенділердің айтуынша, елдегі эпидемиологиялық ахуал деңгейі COVID-19 вирусымен ауруханаға түскен науқастар санымен анықталмақ.

Нұр-Сұлтан қаласының 8 емханасында жүргізілген мониторинг:

  • Емханалардың 12 пайызындада (жеке медициналық ұйымдар) сүзгі-кабинет жұмысының ұйымдастырылмағанын;
  • COVID-19 жұқтырған науқастарға қашықтан мониторинг жүргізілмейтінін;
  • Дезинфекция, маска  режимі, әлеуметтік қашықтық сақталмайтынын анықтаған.

Енді аймақтар 100 адамға шаққандағы вирус жұқтырғандар санына қарай емес, ауруханалардағы төсек-орын көрсеткіштеріне қарай анықталатын болады. Олар бұрынғыша жасыл, сары және қызыл болып үшке бөлінеді. Өзектендірілген матрица қазіргі эпидемиологиялық ахуал кезінде халықтың және бизнес объектілерінің тіршілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Осыған орай эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда шектеу шараларын енгізу шарттары қайта қаралыпты.

Өңір жасыл аймақта болып, бірақ «R» саны жоғары болса, жабық орындар мен қоғамдық көлікте маска тағу ұсынылады.

Өңір сары аймаққа ауысқан жағдайда:

  • Науқаспен байланыста болғандарды қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру;
  • COVID-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған вирусқа қарсы екпеге қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру;
  • Білім беру ұйымдарында топтарды біріктіре отырып, іс-шараларды өткізуді болдырмау (топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі);
  • Объектілерде санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау;
  • Объектілерде үй-жайларды күнделікті ылғалды жинау және желдету.

Сонымен қатар:

  • Халық көп жиналатын орындарда (әуежайлар, тж вокзалы, автовокзалдар, базарлар, СОСО, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктер, көрермендерді қатыстыра отырып өткізілетін спорттық шаралар);
  • Ұйымдасқан ұжымдарда;
  • Көліктің барлық түрінде (қоғамдық көлік, әуе, тж, халықаралық автобус тасымалдары) медициналық маскаларды тағуға кеңес беріледі.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаяттың айтуынша, COVID-19-дың Омикрон штаммы әлемдегі негізгі вирус болып өршуді жалғастыруда, оның үлесі зерттелген үлгілердің 92 пайызын құрайды. Омикрон штаммының арасында BA.5 және BA.4 үлесі артуда, соның ішінде вирустың BA.5 түрі 83 елде анықталды және бір аптада барлық вирустың түрлерімен салыстырғанда вирустың BA.5 түрінің үлесі 37-ден 52 пайызға дейін өскен.

Министрдің айтуынша, аурудың ең көп таралуы еліміздің ең ірі мегаполистерінде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында басталады. Соңғы аптада ауырған адамдардың 70 пайызы Алматы (1107 жағдай немесе 43,2 пайызы) және Нұр-Сұлтан (576 жағдай немесе 22,5 пайызы) қалаларында тіркелді. Сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі төмен.

«Биыл 15 шілдедегі жағдай бойынша республикада коронавирус бойынша стационарлық көмек 139 жұқпалы аурулар ауруханасында көрсетіледі, олардың қуаты 3282 төсек-орынды құрайды, қазіргі кезде 570 пациент емдеуге жатқызылды, төсек-орынның қамтылуы 20 пайызды (2 817 төсек-орынның 570-і) құрайды. Стационарларда емделіп жатқан пациенттерге талдау жүргізілді. Мысалы, коронавируспен стационарда емделіп жатқан пациенттер ішінде 18 жасқа дейінгі балалар – 41,7 пайызы, оның ішінде 23-і – 1 жасқа дейінгі бала» деді министр.

Ересек пациенттер 58,3 пайызды құрады. Реанимация бөлімшелерінде (ОАРИТ) 18 адам жатыр, олардың ішінде реанимациялық науқастардың ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 11 пациент. Жамбыл облысында 1 бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Реанимациялық науқастардың негізгі контингенті – бұл ілеспе аурулары бар 50-ден асқан адамдар екен.

«Барлық пациенттің ілеспе ауруы бар. Мысалы, пациенттердің 24,2 пайызында артериялық гипертензия, 9,1 пайызында өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 6,1 пайызында жүректің ишемиялық ауруы, 6,1 пайызында қант диабеті және тағы басқа аурулар бар. Коронавируспен ауырған науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде 2387 мобильді бригада, оның ішінде ауылдарда 1010 мобильді бригада ұйымдастырылды» деді А. Ғиният.

Ведомство басшысы инфекцияның ауыр түрлерінің және ауруханаға жатқызудың алдын алудың шарасы – КВИ-ге қарсы вакциналау екенін айтады. Қазір Қазақстанда халықты вакциналау үшін вакцинаның 3 түрі (КазВак, Синофарм, Пфайзер) қолжетімді, қайта вакциналау және ревакциналау үшін Казвак және Синофарм вакцинасы бар. Егу пункттерінде вакцинаның 1,6 млн дозасы қалған.

Бүгінгі күні егілуге тиісті ересек тұрғындардың 80 пайыздан астамы немесе еліміздің барлық халқының 56 пайыздан астамы КВИ қарсы вакцина алыпты.

«Мамыр айының соңынан бастап біз қайта ревакциналауды енгіздік, бүгінгі күні 44 пайыз (260 мың адам) қамтылды. COVID-19-ға қарсы ревакциналау алдыңғы вакциналардан кейінгі иммунитетті сақтауға бағытталғанын және организмді аурудан қорғауды нығайтатынын атап өткен жөн. Өкінішке орай, егілген адамдарда, сондай-ақ КВИ-мен ауырып сауыққан адамдарда уақыт өте келе организмнің инфекциядан қорғау деңгейі төмендейді, нәтижесінде адам қайтадан инфекцияға сезімтал болады. Осыған байланысты, вакциналаудың бастапқы курсын алғаннан кейін 6 айдан соң КВИ қарсы ревакцина алу ұсынылады» деді министр.

Сондай-ақ денсаулық сақтау министрі КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуалдың жаңартылған болжамымен таныстырды.

«Алдағы 3 айда пессимистік сценарий бойынша ең көп тіркелген жағдайлар тәулігіне 4000-ға жетеді, реалистік сценарий бойынша ауру жұқтыру жағдайлары тәулігіне 2400, оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 1000 жағдайды құрайды» деп атап өтті ведомство басшысы.

Сырқаттанудың көтерілуін ескере отырып, алдын алу шараларын сақтау керек. Олар:

– COVID-19-ға қарсы вакцинацияның немесе реакцинацияның толық курсын уақытылы алу;

– Науқастармен байланыста болған жағдайда қоғамдық орындарда, көлікте, маска тағу;

– Жабық үй-жайларда адамдар көп жиналатын орындарға бармау;

– Бөлмені үнемі желдету;

– Қолды сабынмен жиі жуу;

– Науқас адамдармен қарым-қатынас жасамау;

– Жөтелу және түшкіру кезінде бір рет қолданылатын салфетканы қолдана отырып, мұрын мен ауызды жабу;

– Көзді, мұрынды және ауызды кір қолмен ұстамау.

Сондай-ақ оқыңыз