Бай болғысы келетіндерге 30 құнды кеңес

Жарияланды
Ақшаның бар болғаны құрал екенін ұмытпаңыз

Фотограф әрі блогер Эрик Кимнің (Eric Kim) ақшаға қатысты ойлары біздің оқырманға да пайдалы болады деген оймен түпнұсқадан тәржімасын ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Материалда кейіпкер қаржылық тұрақтылыққа қалай жеткенін айта отырып, өмірлік ұстанымдарды бекіткенін бөліседі. Өзі кедей отбасында дүниеге келген. Айдың соңына қарай үйден шығарып жіберіп, далада қалып қоймаудың амалын жасауға мәжбүр болған екен. Ақшадан таршылық көрген соң туыстардың, достардың арасы суитынын да көріп өскен. Назарыңызға 30 кеңес ұсынамыз. Кәдеңізге жарасын!

  1. Егер «мына зат маған керек» деп өзіңізді көндірсеңіз, демек бұл зат шынында сізге керек емес. Сатып алмаңыз. Ең үлкен қаржылық қателіктердің бірі — аса қажеттілік болмаса да зат сатып алу. Біз көбіне жаңа киім, телефон немесе компьютерді басқалардан қалмау үшін, өзімізді күшті сезіну үшін аламыз. Бірақ шын мәнінде ол заттардың дені сізге қажет те емес болып шығады. Сізге қандай да бір дүние қатты қажет болғанда, сіз оны демде түсінесіз. Ал енді алатын кезде «алу керек қой» деп өзіңізді қинап көндіріп жатсаңыз, алмай-ақ қойыңыз.
  2. Алғашқы модельге құмартпаңыз. Автокөліктің не смартфонның су жаңа моделін көрген бойда алуға асықпаңыз. Яғни бірінші рет шыққаны туралы айтылып отыр. Одан гөрі содан кейінгі нұсқасының шыққанын күтіңіз. Ол жерде алдыңғыдағы жіберген қателіктер ескеріледі. Сөйтіп өзіңіз де біраз жүйкеңізді сақтайсыз. 
  3. Өзіңізді қуантатын дүниеден ақша аямаңыз. Егер өзіңізге жағымды әсер сыйлайтын, маңызды дүниелер алатын болсаңыз, бақытты ақшаға сатып алғандай боласыз. Яғни алған затыңыз сізді қуантып, шабыттандырып, мотивация беретін болса, демек бұл өзіңіз үшін жасалып отырған инвестиция іспеттес. Бірақ зат алғанның қуанышы әсерген гөрі ертерек басылатынын ұмытпаңыз. Яғни жаңа заттың қуанышыәрі кетсе екі аптаға созылады. Артынша біз оған үйреніп кетеміз. Ал жағымды әсер сыйлайтын дүниені көргенде, ойға алғанда әлгі керемет сезімді қайта-қайта кешуге мүмкіндік бар.
  4. Көбірек табыңыз да, азырақ жаратыңыз. Көпшілігі айлығы көтерілсе, шығындарын да арттырады. Қымбат көлік алып, саяхаттап, кафеден тамақтана бастайды. Сөйтіп олар байи түсудің орнына бұрынғы деңгейде қала береді. Ал егер көбірек табыс тауып, азырақ шығынданатын болсаңыз, қорда көбірек ақша қалады. Сөйтіп оны арнайы шотқа салып не инвестицияға құйсаңыз болады. Табысты қалай арттырсам болады деп ойлаңыз. Қосымша міндеттемелер аласыз ба, тағы бір жұмыс табасыз ба, фриланспен айналысасыз ба — өзіңіз таңдаңыз. Көбірек тапқан соң, оны қалай жаратқаным дұрыс деп ойластырыңыз. Айталық, үйден тамақ істеп, кафеге азырақ барыңыз. Киімді де көп ала бермеңіз. Машинаны сатып жіберіп, қоғамдық көлікке ауысыңыз. Өзіңізге қолайлы әдіс тапсаңыз болғаны.  
  5. Қарызға батудан сақтаныңыз. Қанша жерден бай болсаңыз да, мойныңызда қарызыңыз болса — құлсыз. Кредитіңіз болса, банк жүйесінің құлысыз. Әсіресе, кредитті төлеу үшін ай сайын соған сай өмір сүру деңгейін ұстап тұруыңыз керек болады. Мерзімі біткенше жұмыс істеуіңіз керегі тағы бар. Бәлкім, жұмыс ұнамаса да, сол қарызды төлеу үшін амалсыздан жүрген боларсыз? Сондықтан мүлдем қарызға жоламаңыз. Егер бір кәсіп ашып, жоба бастағыңыз келсе, ақшаңыз болмаса қарызға алып бастаудан аулақ болыңыз. Бүкіл шығынды өзіңіз көтере алатын кез келгенде ғана бастаңыз. Сонда сізде тәуекел де азырақ болады. Сонымен бірге адамда ақша аз болғанда шығармашылық қабілет шыңдала түседі. Сөйтіп проблемаларды шешудің керемет әдісін табуыңыз мүмкін.
  6. Өзіңізде бардан да артық нәрсе қаламауды үйреніңіз. Бай болу деген — мүмкін нәрсенің бәрін алу емес. Нағыз байлық — өзіңізде бардан артық ештеңені қаламау. Сізге одан артық ештеңе қажет емес. Егер үнемі әлденені қалай беретін болса, миллиардердің өзі кедей болуы мүмкін. Айталық, оның әлемнің түкпір-түкпірінде виллалары бар. Бірақ бір досы жеке ғарыш кемесін сатып алса, оны қызғанып, қалай да сатып алуға тырысады. Біз өзімізден бай адаммен өзімізді салыстырғанда үнемі бірдеңе жетпей тұрғандай сезімде боламыз. Сондықтан оның орнына өзіңізден кедей адамдармен салыстырыңыз. Сонда қазіргі өміріңіз өзіңізге ұнайтын болады.
  7. Идеал емес, айтарлықтай жақсы нәрсені іздеңіз. Біз үнемі идеалға ұмтыламыз. Бірақ ең керемет машина, үй, смартфон расында қатты керек пе? Қазір қолда барына қанағат болса қалай? Ол үшін бір апта «ең мықты» деген тіркесті мүлдем қолданбауға тырысыңыз. Сөйтіп зат сатып алуға, ақшаға қатысты ойыңыз қалай өзгеретінін бақылаңыз. 
  8. Бір санаттан бірнеше зат алмаған дұрыс. Яғни бір смарфтон, бір компьютер болса, солай өмір сүрген жеңілдеу. Киімде де солай: шалбар, көйлек, шұлықтарды да әр типтен бір-бірден алсаңыз жеткілікті. Сонда шешім қабылдау оңайлау бола түседі. Жүйке де орнында, ақшаны да аз шығындайсыз. Керек емес заттардан құтылғаныңыз жақсы. Сатып жіберіңіз. Қайырымдылыққа беріңіз, лақтырып тастаңыз. Осылай істесеңіз, жеңілдейсіз. Әрі одан да маңыздырақ істерге көбірек энергия мен уақыт бөлесіз.
  9. Зат алғанда бағасы арзандауына мән беріңіз. Адамның миы өзі көрген бірінші бағаға қарай бағалайды. Мысалы егер сізге бірінші 300 мың теңгенің затын көрсетіп, артынша 250 мың теңгелігін көрсетсе, екіншісін алған тиімді екен деп қаласыз. Бірақ шын мәнінде тіпті 150 мың теңгенің заты да жақсы болуы мүмкін. Азырақ шығындану үшін барынша арзандау түрін қарауға дағдыланыңыз. Сонда салыстырмалы түрде басқалары қымбаттау болып көрінеді де, ақыры орташасын аласыз. 
  10. Азырақ тұтыну үшін айналаңызды ауыстырыңыз. Біздің қашалықты тұтынатынымыз араласатын ортамызға тікелей байланысты. Мысалы айналаңызда бәрі смартфон ауыстырып, көліктен көлікке мініп, үнемі жаңа киім алып, мейрамханаларда тамақтанып жүрсе, сіз де елігіп кетесіз. Егер аз шығынданғыңыз келсе, қарапайым өмір сүргіңіз келсе, орта ауыстырғаныңыз дұрыс. Әрине, бірден басқа елге не қалаға көшіп кету оңай емес. Кейде өмір салтын өзгертсеңіз де жетіп жатыр.
  11. Жарнамаға алданбаңыз. Оның басты мақсаты — клиент тарту. Сондықтан барынша қашық жүріңіз. Теледидар көп көрмеңіз, браузерде жарнама шықпайтындай бұғаттап қойыңыз. Бір айға жарнамадан аулақ ұстап көріңізші. Сосын барып сараптайсыз, зат сатып алу туралы сол айда көп ойландыңыз ба, жоқ па?
  12. Ақша көбейген сайын, проблема көбейеді. Ақша деген белгілі бір сәтке дейін қажет. Үй ақысын төлеуге қиналмай, қор жинап алаңсыз өмір сүруге жеткілікті көлемде ақша жинап қойсаңыз, орасан табыс бұрынғыдай бақыт сыйлай алмайды. Өйткені қаражат артқан сайын, күйзеліс те арта түседі. Уайым көбейеді. Заттарға қатысты да солай: үлкен үй болса, оны жинау да қиын, оған алатын заттардың да түрі көп. Сондықтан кез келген үлкен дүние сатып аларда оның жағымсыз тұстарын қоса ойланыңыз.
  13. Дамуға ақша салыңыз. Қор нарығына инвестиция өте жақсы. Дегенмен өзіңізге инвестиция құюдың да маңызды екенін біліңіз. Кітап оқыңыз. Білім алыңыз. Көбірек қаражат құйған сайын шығармашылық қабілетіңізді арттыруға мүмкіндік молаяды. Сөйтіп одан түсетін пайда да әлдеқайда көбірек болады.
  14. Басқаларға көмектеспес бұрын өзіңіздің жағдайыңызды тұрақтандырып алыңыз. Егер өзіңіздің жағдайыңыз мәз емес болса, ешкімге қарызға бермеңіз. Жағдайыңызды нашарлатып қана қоймай, сол қарызға бола арақатынасқа сызат түсіріп алуыңыз мүмкін. Сол себепті жақындарға, достарға қарыз бермеңіз. Берсеңіз, қайтарымын күтпеңіз. Сонда ғана жақсы қатынасты сақтап қаласыз. Ал енді жағдайыңыз тұрақталған кезде көмегіңізді аямаңыз.
  15. Акцияға инвестиция құймаңыз. Олай байып кете алмайсыз. Кәсіби трейдерлер көбіне «тисе — терекке, тимесе —бұтаққа» деп шешім қабылдайды. Мәселе жалғыз мұнда емес. Тіпті акцияңыздың бағасы 30 пайызға өссе де, одан түсетін пайда өзіңізге құйған инвестициядан асып түсе алмайды. 
  16. Бекерден бекер тәуекелге бел байлай бермеңіз. Кәсіпкерлер қауіпті жақсы көреді деген түсінік бар. Бірақ бұл қате. Мықты бизнесмендер әр қадамын аңдап басады, бүкіл ақшасынан айырылуы мүмкін болатындай жағдайларға жол бермейді. Егер кәсіп бастағалы жатсаңыз, жолыңыз болмай қалуы мүмкін екенін ескеріңіз. Сөйте тұра барлық қаражаттан айырылып қалмаудың амалын қылыңыз. 
  17. Бай болуға емес, тақыр кедей болып қалмауға ұмтылыңыз. Егер бизнес иесі болсаңыз, табысты арттыруға емес, банкрот болып қалмауға қамданыңыз. Егер компания қызметкері болсаңыз, өте қажет маман болуға тырысыңыз.
  18. Шығындарды ойша көбейтіп, табысты керісінше азайтып ойлаңыз. Адам өзін-өзі оңай алдай алады. Өзімізді тым артық бағалап, проблемаларды ескермей жүре береміз. Ендеше, өзіңізді қазіргіден де кедеймін деп ойлаңыз. Сөйтіп шығындарды қысқартыңыз. Осылайша ақша жинау жеңілдейді.
  19. Ең қымбатын алуға жүгірмеңіз. 1000 теңгеге алған зат 100 теңгенің затына қарағанда сізді он есе бақыттырақ етеді десеңіз, қателесесіз. Қымбат зат көбірек бақыт сыйлайды деп ойлаймыз. Бірақ негізінде ол жерде соманың қатысы жоқ. Әр адам үшін соманың шегі болады. Яғни белгілі бір сомадан артқан кезде зат деген бақыт сыйламайды. Әр адамда оның көлемі әр түрлі. Өзіңіздің нормаңызды біліп алыңыз да, алтын аралығын сақтаңыз. 
  20. «Байларша ойла, кедейлерше киін». Бұл сөзді Энди Уорхол айтқан. Базалық киімдер киіңіз, қарапайым көлік мініңіз. Қымбат брендтерді әдейі көрсету үшін киетіндер — көбіне ақшасыз, қарызға батып жүргендер. Олар бар болғаны өзіне сенімсіз. Сол үшін қымбат заттардың есебінен өзгелердің назарына іліккісі келеді. Жан дүниеңіз бай болсын. Зат сатып алуды басты назардан алып тастаңыз. Ол уақыт пен күшті одан да маңыздырақ дүниелерге жұмсаңыз.
  21. Табысыңыз жетіп тұрса да, қарапайым өмір сүріңіз. Адам жаңа заттарға екі аптада үйренеді. Қанша қымбат болса да, біраздан кейін қуаныш сыйлаудан қалады. Қарапайым өмірге де солай ет үйретіңіз. Арзандауын алыңыз. Бұл тәжірибе жақсы нәтиже көрсетеді.
  22. Брендтерге құмарта бермеңіз. Затты көргенде бренд немесе бағасынан баса мән бермеңіз. Бірінші оның не екенін қараңыз. Филе-миньон деген аты әдемі, бірақ ол қарапайым сиырдың жілігінен жасалатын тамақ. Лексус дегеніңіз — қымбат Тайота. Заттарыңыздың құндылығын үнемі түсіріп үйреніңіз. Сонда оларға қызығушылық та азаяды.
  23. Инвестицияға бүкіл ақшаңызды салмаңыз. Егер қаражатыңыздың 99 пайызы жылжымайтын мүлікке салынса, қаржылық тәуелсіздіктен айырылғаныңыз. Аяқ-асты бір жағдай бола қалса, үйді демде сата алмай, ақша таппай қарызға батасыз. Сондықтан шоттан кез келген уақытта шешіп алатындай ақшаңыз болсын. Сонымен бірге тиімді бір салым шыға қалса да, сатып ала аласыз.
  24. Кредитсіз сатып ала алмайтын заттарды еш уақытта алмаңыз. Біздің өз жағдайымыз туралы ойымыз өте жақсы. Біз кредитті тез-ақ төлеп тастаймыз деп ойлаймыз. Бірақ қарыз деген үйіле береді. Көбейген сайын банк жүйесіне құл болып байлана бересіз.
  25. Өз бағаңызды біліңіз. Құнсыздандырмаңыз. Егер кәсіпкер не фрилансер болсаңыз, өзіңіз ойлайтын құннан да жоғарырақ баға айтыңыз. Бәлкім, бірнеше клиенттен айырыларсыз. Бірақ сол бағамен алда көбірек табыс табасыз. Әрине, енді бастаған кезде бірден жоғары баға қоя алмайсыз. Тіпті тәжірибе жинау үшін тегін істеуіңіз де мүмкін. Бірақ сол тәжірибе жиналған соң қызметтеріңізді қымбаттатыңыз. Аз бағаға келіссеңіз, көп жұмыс істеуге тура келеді.
  26. Бос уақытыңызды сүйікті ісіңізге арнаңыз. Көбі кеңседегі жұмысын тастап, көңілі қалайтын іспен айналысқысы келеді. Саяхаттап, жазушы не фотограф болып кеткісі келеді дегендей. Бірақ сізде қаржылық тұрақтылық жоқ болмаса, олай етпеңіз. Негізгі жұмыстан алатын жалақыға қоса бос уақытыңызда өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз. Бір сағат ерте тұрып, болмаса түскі ас уақытын пайдаланып, кешке үйде сериал қарамай оның орнына әлгі шаруаны істеңіз. Солай табыс табыңыз. Сөйтіп ақша жеткілікті болған кезде кеңседегі жұмыстан шыға берсеңіз болады.
  27. Жұмсайын деп жатқан ақшаңызға басқа не алуға болатынын ойлап көріңіз. Көбіне зат алғанда бір категориядағы заттардың бағасын ғана салыстырамыз. Мысалы, әр түрлі өндірушердің смартфонын дегендей. Бірақ сол қымбат телефон алғанша бір елге қыдырып келгенге қалай қарайсыз? Әлде бір курс сатып алған жөн бе? Бәлкім, қарызыңыздың бір бөлігін жауып тастаған дұрыс шығар?
  28. Алған затыңызға деген көзқарасыңыз 5-10 жылдан кейін қандай болады, соны елестетіңіз. Заттарға реал көзқараспен қараңыз. Кез келген зат араға уақыт салып ескіреді. Әсіресе, көлік. Сондықтан сән қуғанша оның ұзақ мерзім қызмет етуіне баса мән беріңіз.
  29. Ақша — қағаз. Тіпті қымбат металдардың өзі — жылтыраған тас. Ол не үшін сізге маңызды болып тұр, соны ойлаңыз. Бәлкім, тұрақтылық сезімін сыйлайды, табыстың белгісі іспеттес болар. Ақша деген не? Өзіңіз үшін құнын түсініңіз. Еркіндік, күш, уайымсыздық — тағы не болуы мүмкін? Ақшаға қатты мән беріп кетпеңіз. Одан да маңызды дүниелер — жақындармен қарым-қатынас, жұмыс, ризашылық туралы ұмытпаңыз. 
  30. Ақшаның құлына айналмаңыз. Ақша өздігімен жақсы не жаман болмайды. Ол — бар болғаны құрал. Оны қалай пайдалануды біз өзіміз шешеміз. Өміріңізге әсері қандай екенін ойлап көріңіз. Ақша сізге не үшін керек? Сізге және айналаңыздағыларға ол қалай көмектеседі? Өміріңізге зиянын тигізуі мүмкін бе? Өзіңізге қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіп алыңыз. Сол шекке жеткен соң, уақыт пен күшіңізді дамуға жұмсаңыз. Одан кейін пайдалы іспен шұғылданып, басқаларға көмектесіңіз.  
Сондай-ақ оқыңыз