Мемлекеттік қызметтерді цифрлау деңгейі көңілден шыға ма?

Жарияланды
Кибер тәуекел артып барады

Елімізде телефон алаяқтығы туралы жиі сөз болады. Тұтқаның ар жағында тұрып ақ арбауына түсіріп, айтқанына көндіретін алаяқтардың құрбаны болғандар жайлы әрбір екінші танысыңнан естуге болатындай. Бұл әрине, жедел түрде мән беріп, назар аударатын түйткілді мәселе.

Маңызды жағдайға ел үкіметі де назар аударыпты. Жақында үкімет басшысы Әлихан Смайылов телефон алаяқтығының жиілеп кеткеніне назар аударып, банк деректерін қорғауды күшейтуді тапсырды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бизнес процесстердің реинжинирингі мемлекеттік қызметтердің жаңа тізімін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, цифрлы форматта көпшілікке ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлерінің саны 1300-ден асып кетті.

Бүгін электрондық қызметтер саны бойынша, жалпы оң өзгерістер байқалады. Сонымен қатар EGov Mobile мобильді қосымшасында да электронды қызметтерді пайдалану 2 есе өскен. Бұдан бөлек, статистикалық  мәліметтерге сәйкес цифрлық сервистердің азаматтар арасында кең сұранысқа ие екені байқалады.

«Мәселен, цифрлық құжаттар осы жылдың 5 айы ішінде 6 миллионнан астам валидацияланғанын атап өткен жөн. Жалпы, бұл мемлекеттік органдар мен мекемелердің цифрлық құжаттарды кеңінен қолдануын растайды» деді ведомство басшысы.

Бағдат Мусиннің айтуынша, жыл соңына дейін ең танымал 20 мемлекеттік қызметті сыртқы платформаларға шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе мен «Террикон алқабы» IT-Hub-ын дамыту жөніндегі директоры Александр Дорошенко да бұл тақырыпқа орай пікірлерін білдірді.

Kaspi банкінің басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылы 7 миллионнан астам қазақстандық Kaspi.kz қосымшасында Мемлекеттік қызметтер бөлімін пайдаланған. Әрбір үшінші автомобиль онлайн тіркеуден өтеді, 2021 жылы 286 мың автокөлік тіркеліпті. Сонымен қатар Михаил Ломтадзе банк өнімдері арқылы кәсіпкерлік қауымдастықпен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Kaspi.kz 446 млрд салық төледі. 2 млн қазақстандық цифрлық құжаттарды пайдаланады. 500 мың әлеуметтік шот ашылып, 66 мың жеке кәсіпкер тіркелді. Кәсіпкерлермен жұмыс аясында олар үшін арнайы карталармен де, QR арқылы да төлем қабылдайтын заманауи төлем терминалдары әзірленді. Біз елдегі кәсіпкерлерге 276 мыңнан астам төлем терминалын тегін ұсындық. Нәтижесінде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз сауда айналымы қарқынды өсіп келеді және 2021 жылы 8,4 трлн-нан астам соманы құрады, өсім 85 пайыз, бұл әлемдегі ең жоғары өсу қарқынының бірі» деді Михаил Ломтадзе.

Өз кезегінде Александр Дорошенко ІТ-Hub-тың Қарағанды облысында IT компаниялар қызметкерлерінің санын қазіргі үш мыңнан он мың адамға дейін бес жыл ішінде ұлғайту жөніндегі алдағы жоспарлары, TechGarden, Astana Hub және облыс әкімдігінің қолдауымен қызмет түрі бойынша топтастырылған IT&DIGITAL жобалар картасын жасау және өнеркәсіптік технологиялар саласында акселератор өткізу туралы айтып берді.

«Қарағандыда біз Террикон алқабы жобасын қолға алдық, оның міндеті – Қарағанды облысында IT компаниялар қызметкерлерінің санын қазіргі үш мыңнан он мың адамға дейін бес жыл ішінде ұлғайту. Жоба – облыс әкімдігі мен Астана хабтың қолдауына ие болған жеке бастама. Біздің кәсіпкерлер тобы IT хаб құруға инвестиция салды» деді Дорошенко.

Үкімет басшысы өткен жылы цифрлық форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтер санының екі есе өскенін атап өтті. Жалпы бүгінгі күні электрондық форматтағы қызметтердің деңгейі 93 пайызды құрайды. Ал, қызметтердің 66 пайызын азаматтар кәдімгі смартфон арқылы алып отыр. 18 құжат түрі цифрлық форматта беріледі, яғни оларды қағаз жүзінде растаудың қажеті жоқ.

«Электрондық қызметтер мен базалардың интеграциясы азаматтардың өмірін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Олар мемлекеттік органдардың есігін тоздырып, қағазбастылыққа салынып, әуреге түспейді. Бұл жұмысты әрі қарай кеңейту қажет» деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар үкімет басшысы елімізде электрондық форматтағы банктік қызмет түрлері жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін банктік қосымшаларда мемлекеттік қызмет сервистері енгізілуде. Оларда ең жоғары деңгейдегі заманауи қорғау тәсілдері, биометрия қолданылады.

Сондай-ақ премьер-министр банктер алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткеніне барынша назар аударып, клиенттердің деректерін қорғауды күшейтуі қажет екенін атап өтті.

«Жалпы, отандық ІТ-саланы дамыту, қазақстандық электрондық өнімдерді әзірлеу бағытында белсенді жұмыс жүргізу және оларды қолдану аясын кеңейту қажет. Біз инновациялық шешімдерге, оның ішінде халыққа электрондық қызмет көрсету саласына қашанда қолдау көрсететін боламыз» деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар министрлер кабинетінің басшысы назар аударатын бірқатар мәселелердің бар екенін атап өтті.

Кейбір министрліктерде қызметтерді электрондық форматта алу мүмкін емес.

Оның ішінде, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ғылым және жоғары білім, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау министрлігі және Қорғаныс министрліктері бар. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі бойынша да қызметтерді автоматтандыру деңгейі төмен. Осыған орай ЦДИАӨМ аталған мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 ай мерзімде қолжетімсіз мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруі тиіс.

Бұдан басқа, орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге деректерді үнемі жаңартып тұруды, ақпараттық жүйелердің тоқтаусыз жұмыс істеуін және олардың уақытылы интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз