Микроқаржы нарығы ауқымды секторға айналып келеді. Нарық мүмкіндігінің артуына не себеп?

Жарияланды
МҚҰ-лар әсіресе, бизнесті қолдауда белсенді

Микроқаржы ұйымдарының нарығы соңғы жылдары жедел қарқынмен дамып келе жатыр. 2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша МҚҰ-лар берген несие көлемі 756,2 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштен 62,1 пайызға жоғары. Бұл соңғы жылдарда тіркеліп отырған рекордты көрсеткіш. Жалпы алғанда, соңғы бес жыл бедерінде микроқаржы ұйымдарының қарыз портфелі жылына орташа 47,4 пайызға ұлғайған.

Ranking сарапшыларының айтуынша, МҚҰ-лар дамуын тежеп келген ең басты факторлардың бірі – қорландыруды тарту тетігінің шектелуі еді. Мысалы, екінші деңгейлі банктермен салыстырғанда микроқаржы ұйымдары депозит тарта алмайды. Несиені қаржыландыру меншік капиталы есебінен, не болмаса банктен, қор нарығынан немесе халықаралық қаржы ұйымдарынан займ қаражатын тарту арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, МҚҰ-лардың қорландыру құны банктерден әлдеқайда жоғары. Осыған байланысты, қолжетімді қорландыруды тарту микроқаржы секторы үшін өте өзекті. Ал оған рұқсат етілер болса, бұл бастама ақырғы қарыз алушы үшін ставканың төмен болуына алып келеді.

«Еске салар болсақ, 2020 жылдан бастап микроқаржы ұйымдары биржада қаражат тарта алады, оған дейін мұндай мүмкіндік болмаған. 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, МҚҰ міндеттеме құрылымында 93,6 пайыз тартылған займдарға тиесілі болса, 3,5 пайызы кредиттік қарызға тиесілі болған. Бұл ретте МҚҰ-лардың займды негізінен халықаралық қаржы институттарынан алып келгенін атап өту керек. Мысалы, KMF МҚҰ міндеттемелерінің құрылымында 2019 жылдың қорытындысы бойынша 96 пайыз несиелер болды. Өз кезегінде, алынған займдардың жалпы сомасының 91,7 пайызы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінен алынса, тек 8,3 пайызы – отандық қаржы ұйымдарының займы. Осыған ұқсас жағдайды «Арнур Кредит» МҚҰ-дан да байқауға болады. 2019 жылы аталған микроқаржы ұйымы The BlueOrchard Microfinance Fund, Еуропалық қайта құру және даму банкі және өзге де халықаралық қаржы институттарының займы есебінен қорландыру жасаған. Бірақ қазір ол МҚҰ облигациялар шығару арқылы биржада қорландыру тартуға, сондай-ақ отандық қаржы ұйымдарының қаражатын тарта алатын мүмкіндікке ие», деп жазады Ranking.

2022 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша «Арнур Кредиттің» міндеттеме құрылымында алынған займдар үлесі 80,1 пайызға дейін төмендеген. 7,1 пайызы – берілген қарыз міндеттемелеріне тиесілі. 5,3 пайызы – кредиттік қарыздар.

«Қазақстанда қарыздық құнды қағаздар шығарған алғашқы микроқаржы ұйымы – Solva брендіне ие «ОнлайнКазФинанс» МҚҰ. Компания өз облигацияларын екі бірдей биржада – KASE пен AIX-та орналастырған. Биржада қаражат тарту көрсеткіші бойынша қазір Solva көшбасшылардың қатарында. Тек қазақстандық KASE қор биржасында «ОнлайнКазФинанс» МҚҰ жалпы көлемі 24 млрд теңге және 15 млн доллар тарта алған. Қазіргі уақытта отандық қор биржаларына 15 МҚҰ өз облигацияларын орналастырды. Оның ішінде «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан», «Арнур Кредит» және басқа да микроқаржы ұйымдары бар» дейді сарапшылар.

Эксперттердің атап өтуінше, отандық микроқаржы ұйымдары қазақстандық қаржы компанияларымен тығыз серіктестік орната бастаған. Мысалы, биыл ақпан айында «Банк ЦентрКредит» Solva үшін 1,5 млрд теңгеге лайықталған дебеттік кредиттік желісін ашқан. Түскен қаражат операциялық қызметке және агросектор өкілдері үшін цифрлы несиелеуді дамыту мақсатына жұмсамақ. Атап өткен жөн, банктің кредиттік желісіне ие болып отырған бұл алғашқы МҚҰ.

Сонымен қатар ірі микроқаржы ұйымдары екінші деңгейлі банкке айналу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Қаржылық қадағалаушының мәліметінше, МҚҰ-лардың банкке айналуы қаржы секторындағы бәсекені дамытып, тұтынушылар қаржы қызметтерін қолжетімді ете түседі.

Микроқаржы ұйымдары қауымдастығының төрағасы Ербол Омархановтың айтуынша, қазір елде 244 МҚҰ жұмыс істейді. Соның ішінде ТОП-10 қатарындағы МҚҰ-лар нарықты несиелеу бойынша 70 пайыз үлеске ие. МҚҰ-лар негізінен шағын және орта бизнесті қаржыландырады.

«Біздің көзқарасымыз бойынша, тәуекел деңгейіне қарамастан МҚҰ-ларды пропорционалды реттеу қалыптастырылуы керек. Тұтынушылық сегментінде әлдеқайда қатаң шектеулер енгізіп, ал кәсіпкерлік займдар сегментінде керісінше, реттеушілік жүктемені біршама әлсіреткен жөн. Осыған негізделген талаптарды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдап та қойдық. Әзірге бұл талап бойынша қауымдастық өкілдері мен агенттік келіссөз жүргізуде. Бірақ қаржы нарығын реттеушінің бір бастамасы – МҚҰ-ларды банкке трансформациялау мүмкіндігі жүзеге асты» дейді Омарханов.

Кәсіпкерлікті несиелеудегі МҚҰ-лардың тағы бір артықшылығы – кепілге мүлік сұрамайтындығында. Мәселен, банктен несие алғысы келген бизнес өкілі кепілге мүлік қоймай несие рәсімдей алмайды. Ал МҚҰ-ларда ондай талап жоқ.

«Микрокәсіпкерлермен тікелей байланыста жұмыс істей отырып, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін біле отырып, МҚҰ олардың әдістемесі негізінде сапаны бағалауға, қаржылық және несиелік талдау жүргізуге және клиенттердің әлеуетті мүмкіндіктерін тексеруге көңіл бөледі. Микроқаржы ұйымдарындағы берешегі 90 күннен асқан несиелер көлемі 7 пайыздан аспайды. Бұл да біздің несие портфеліміздің жоғары сапада екенін және микронесиелеу бойынша қолданылып отырған әдіс-тәсілдердің тиімді екенін байқатады», дейді қауымдастық басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз