«ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алып, жыл сайын дивиденд алып отырудың жолы қандай?

Жарияланды
Ұлттық компания акциялары IPO-ға шығарылады

Биыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары халықтық биржа, яғни, IPO-да сатылымға шығарылатын болды. Еліміздің кез келген азаматы ұлттық компания акциясын сатып алу арқылы инвестор атана алады. Тиісінше, компанияның табысынан жыл сайын дивиденд алып отырады. IPO-ның мақсаты – тек дивиденд төлеу ғана емес. Бұл шара – компанияның ел алдындағы жауапкершілігін арттырады. Акция сатып алған соң – сіз де акционерсіз. Демек, компанияның дамуына, жұмыс жүргізу процесіне араласуға, сын мен ұсыныс айтуға да тікелей құқығыңыз бар деген сөз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару бойынша кеңес отырысында елдегі әрбір азамат ұлттық компания акциясын иеленіп, дивиденд алып отыруға құқылы болуы тиіс дегенді айтып еді. Президенттің сөзінше, дәл осындай жол арқылы ғана халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. Сондықтан IPO-ға қатысу елдің әрбір азаматы үшін қолжетімді болуы тиіс. «Ал ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны жоятын цифрлы шешімдер қажет» деді Президент.

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиевтің айтуынша, халықтың IPO-ға қатысу ауқымын арттыру үшін «Қазпочтаның» цифрлы инфрақұрылымын, биржа мен брокерлерді пайдалану көзделіп отыр. Яғни, шалғай ауылдағы азаматтар IPO-ға қатысу үшін «Қазпочта» қызметін тұтына алады.

AIX биржасының басқарма төрағсы Ренат Бектұровтың айтуынша, қазақстандықтар IPO-ға үш түрлі тәсілмен қатыса алады.

Бірінші тәсіл: брокерлер көмегімен қатысу. Яғни, брокерлік компаниямен келісімшарт жасасып, брокерлік шот ашасыз. Содан кейін ғана биржада ойыншы атануға мүмкіндігіңіз болады.

Екінші тәсіл: Tabys мобилді қосымшасын жүктеп алып, тіркеліп, өз банк картаңызды енгізесіз. Бұл – тікелей жазылу. Яғни, брокер көмегінсіз-ақ эмитенттің (құнды қағаз шығаратын ұйым – ред) немесе акционердің тікелей өзінен акция сатып алуға мүмкіндік болады.

Үшінші тәсіл: «Қазпочта» арқылы. Бұл – негізінен өтінімді тіркеу кезінде консультация алғысы келетін азаматтарға арналған қызмет. Кез келген азамат 721 нөміріне қоңырау шалып немесе «Қазпочта» бөлімшесіне барып, акция алу үшін тікелей жазылым жасай алады. Қажет болған жағдайда оператордан консультация ала алады.

Еске салайық, Tabys мобилді қосымшасы 2020 жылдың желтоқсанында, AIX биржасының қолдауымен іске қосылған еді. Басты мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және бөлшек инвесторлардың белсенділігін жоғарылату. Қазірге дейін аталған мобилді қосымшада 25 мыңнан астам инвестордың есептік жазбасы ашылған. Қосымшаны AppStore және Google Play-ден жүктеп алуға болады.

«Ашықтық орнату үшін біздің компаниялар IPO-ға шығуы керек. «ҚазМұнайГаздың» бір акциясын сатып алғаннан кейін мердігерлердің кім екенін білуге құқығыңыз болады. Себебі, сіз акционерсіз. IPO-ның арқасында құнды қағаздар да, тикер де (қаржы құралы) көбейе түседі. Қазір салымшыларда таңдау бар: не ақшасын банкке салады, не брокерлер арқылы шетелдік қағаздарға салым жасайды. Ал мұнда біздің құнды қағаздар болады. Біздің бағалы қағаздар шетелдікке қарағанда әлдеқайда түсінікті әрі болжамды», дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

Сарапшының айтуынша, бір ғана акцияны сатып алсаңыз да аздық етпейді. Себебі, табыс тек дивидендтен ғана емес, акцияның қымбаттауынан да түседі.

«Әрине, бәрі нарыққа байланысты. Егер қазір «ҚазМұнайГаз»5-6 кен орнын сатып алса немесе табыс әкелмейтін кен орындарын жойса, онда компания акциялары бір жылда кемі 50 пайызға дейін қымбаттайды деуге негіз бар. Бұл әрине, инвестор үшін қызық болады. Ол жерде қанша салғаныңыз маңызды емес. Маңыздысы – салғаныңыздан да көп ақша табасыз» дейді Рысмамбетов.

Қаржыгер Ерлан Бурабаев халықтық IPO аясында ұлттық компания өз акциясының 5 пайыздай мөлшерін ғана биржаға шығарады. Бірақ осының өзі отандық бөлшек инвесторлар үшін тым көп болуы әбден мүмкін.

«Шамамен 5 пайызға дейінгі мөлшерде акциясын сатылымға шығарады деп күтеміз. Мұндай ірі компания үшін бұл жақсы көрсеткіш. Осыншама көлемдегі акция тек жеке тұлғалар үшін ғана орналастырылса, онда мұны жеке тұлғалардың игере қоюы екіталай. Сондықтан акцияны орналастыру тек жеке инвесторлар арасында ғана емес, институционалдық инвесторлар үшін де болады деп үміттенеміз. Оның қатарында зейнетақы қоры, сақтандыру ұйымдары, банктер болуы мүмкін. IPO қатысушыларының санына жеке инвесторлардың, яғни жеке тұлғалардың арқасында қол жеткізіледі, ал қуаттылықты институционалдық инвесторлар қамтамасыз етеді» деді Бурабаев.

Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» акцияларын нарыққа шығару бойынша түрлі қауесет, жалған ойындар, алаяқтық әрекеттер де болып жатыр. Клиенттердің ондай көзбояушылыққа ұрынып қалмауы да маңызды.

Акциялар биыл жыл соңына дейін биржаға шығарылады. Ол туралы «Самұрық-Қазына» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» ресми сайтынан ғана көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз