Бағаланбаса, порталдағы өтініш «жетім»

«Ашық диалог» порталында қолданушының мемлекеттік орган жауабына «ұнады» не «ұнамады» деп бағалағанына қарай мемлекеттік органның рейтиңі түзіледі

«Ашық диалог» порталы 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Жалпы, халық пен билік арасында мұндай көпір «салу» 2009 жылы ұсынылған. Портал іске қосылған жеті жыл ішінде жарты миллионға жуық өтініш келіп түскен. Десе де қолданушылардың келген жауапқа лайк не дизлайк деп жауап беруі бәсең. Себебі бұлай бағалау мемлекеттік орган жұмысына тікелей әсер ететінін көбі біле бермейді. Мысалы, кейінгі үш жыл аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне келген 13 541 өтініш порталда жарияланған. Бірақ азаматтар екі мыңнан астам жауапқа ғана баға берген. Байқасаңыз, қолданушылар жарияланған жауаптың тек 17,3%-ын бағалаған.

Басшыларды бағалау не үшін керек?

Материал әзірлеу барысында мынадай қызық тенденция байқалды. Мысал ретінде Еңбек министрлігін қарастырып көрелік. 2020 жылдың басынан бүгінге дейін жауапқа көңілі толмағандар саны мыңға тең. Ал жалпы портал жұмысы басталғалы бері министрлік жұмысына дизлайк қойғандар — 1280. Яғни қолданушылар кейінгі жылдары ғана бағалауды үйреніп келе жатқаны байқалады. Салыстыру үшін мынаны қараңыз: министрлік жұмысына қатысты осы күнге дейін 57 мыңнан астам өтініш жарияланған. Осы өтініштің 4 пайызына — лайк, 2 пайызына дизлайк қойылған. Демек, бар болғаны 6 пайызында ғана жауап сапасына баға бар. Бұл дегеніміз қолданушылар бағалауды және бағалаудың әсерін жете түсінбейтінін білдіреді.  Әйтпесе, өтініш берген кез келген азамат жауапқа белгілі бір реакция қалдыруы керек еді. Жауапты орган өкілдерінің айтуынша, қолданушылар берген баға мемлекеттік орган жұмысын бағалауда маңызды рөл атқарады. Төмендегі инфографикада жауаптардың сапасына қатысты

бағалау көрсеткіші берілген.

Иә, қалалық жерде портал қызметін сәтті пайдаланып жүргендердің барын жоққа шығармаймыз. Соның бірі — зейнеткер Болат Қаражігітов. Ол портал арқылы сұрағын қойып, жауап алғанымен, кейде процеске көңілі толмайды. Оның айтуынша, әсіресе, шаблон жауап жіберуге үйір басшылар бар. Осыған орай зейнеткер де порталда көңілінен шықпаған мемлекеттік орган басшыларына төмен баға қоюды әдетке айналдырған. 

Мәселен, көрнекі суретте көрсетілгендей, Болат Қаражігітов Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың жауабына төмен баға қоятынын мәлімдеген. Төмендегі көрнекі суреттен зейнеткердің бастапқы сұрағы мен министрдің жауабына назар салыңыз.

Ал басшы блогына қойған төмен баға қалай әсер етеді десеңіз, түсіндіреміз. Мұнда да өзіндік формула бар екен.

«Портал функционалы арқылы азаматтар бағалауға қатысады. Басқаша айтқанда, егер пайдаланушының қанағаттанарлықсыз бағасын (дизлайк) алған өтініштерге жауаптардың үлесі қаралған және бағаланған өтініштердің жалпы санының 10 пайызынан асқан жағдайда, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы»  Заңда белгіленген мерзімдер мен талаптарға сәйкес мемлекеттік органдар бірінші басшыларының ресми блог-платформасында жауап алған сұрақтардың үлесі индикаторы бойынша берілген балл нөлге теңестіріледі. Бұл мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылын операциялық бағалау әдістемесінің 72-тармағында көрсетілген», – дейді Мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылдарын талдау және бағалау басқармасының басшысы Абылайхан Молдабеков. Ал мемлекеттік органдардың жауаптарына азаматтар қоятын белгілерді («ұнайды»/«ұнамайды» белгісін қою арқылы) АҚДМ «Мемлекеттік органның ашықтығы» бағыты бойынша мемлекеттік органдар қызметтерінің тиімділігін жыл сайынғы бағалауын жүргізу кезінде есепке алады. 

Оған қоса порталда «Өз әкіміңді бағала» сервисі іске қосылған. Бұл   — Ұлттық экономика министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің пилоттық жобасы. Яғни, порталдағы әкімдер мен облыстардың рейтиңі аталған көрсеткіш бойынша жарияланады. Түсінгеніміздей, порталда жауапты бағалау маңызды. Алайда қолданушылар бұған құлықсыз. Себебін халықаралық құқық магистрі Әйгерім Құсайынқызынан сұрап көрдік.

«Платформада өтініш беріп, келген жауапқа ұнады/ұнамады деп белгі қою үшін тәжірибе керек. Халық мұны жиі қолданып, цифрлы сауатты болса, бөлек әңгіме. Меніңше, еліміздегі 19 миллион халықтың ішінде электронды үкіметте белсенді халық саны өте аз. Мысалы, өте маңызды деген құқықтық-нормативтік актілерді ашып қарасаңыз, әрі кетсе 20 пікір мен 100-ден астам дизлайкты көресіз. Бұл нені білдіреді? Олар үкіметтің халық үнін еститініне күмәнмен қарайды. Белгілі бір актінің халық қалауымен кейінге қалдырылып, оны ел болып талқылауға боларына сенбейді. Дауыс берсе, сол дауыстың тиісті жерге жететініне сеніңкіремейді. Оның үстіне халықтың цифрлы сауатын көтеруге арналған жұмыс баяу жүріп жатыр», – дейді ол.        

Үстірт жауап бергенге жаза бар ма?

Осы тұста келген жауапқа разы емес тұлға не істейтіні туралы заңды сұрақ туары анық. Мәселен, зейнеткер Болат Қаражігітов мысалында қарасақ, ол Нұр-Сұлтан қаласы әкіміне шипажайда демалуға қатысты өтініш қалдырған. Мәселеге қатысты сауалын бір емес, бірнеше мәрте жолдаған. Алайда әр жолы бір-біріне ұқсас жауап алған. Ал осындай жағдайда азамат не істеуі керек?

Мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылдарын талдау және бағалау басқармасының жауабына сәйкес, азамат құзырлы органға шағым түсіре алады. Яғни, Әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің 91-бабы, 1-тармағына сәйкес,  әрекетсіздік бойынша әкімшілік тәртіппен шағым жасауға құқылы. Демократ қоғамда өмір сүретінімізді ескерсек, шағым түсірген тарапқа қысым көрсетілмеуі де қарастырылады.

Мысалы, порталда мемлекеттік орган басшылары берген жауапқа қанағаттанбағандар категориясына қатысты статистиканы оңай тауып алуға болады. Мәселен, 2020 жылдың қаңтары мен 2022 жылдың шілдесі аралығын алатын болсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (999)  жауабына көңілі толмағандар көп. Оның 90 пайыздан астамы 2020 жылға тиесілі. Есіңізде болса, пандемия басталған кезде жұмыссыз қалғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы берілген еді. Өтініштің көп берілуі де, дизлайк қойылғандарының көп болуы да соған байланысты деп топшылауға болады. Ал 2021 жылы жауапқа қанағаттанбағандар саны — 315. Осы жылдың алғашқы жеті айында 116 дизлайк жиналған. Төмендегі инфографикадан кейінгі үш жылда лайк пен дизлайк саны бойынша көрсеткіштерді көре аласыз.

Ал  «Ашық диалог» критериі бойынша мемлекеттік органдар «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңда белгіленген мерзімдер мен талаптарға сәйкес мемлекеттік органдар басшыларының ресми блог-платформасында жауап алған сұрақтардың үлесі» индикаторына сәйкес бағаланады. Мемлекеттік органдар мерзімдерді бұза отырып берген жауаптары олардың қорытынды бағасына әсер етеді. Осы орайда портал негізінде биліктің мемлекеттік орган басшылары жұмысын қадағалап, бағалау жүргізетінін есте ұстау керек.

Порталдағы қай сервис танымал?

Жалпы, «Ашық диалог» порталына осы күнге дейін 468 628 өтініш келіп түскен. Оның ішінде  449 004 өтінішке жауап берілген. Одан басқа 14 938 өтініш басқа мекенжайға бағытталған екен. Түскен өтініштер рейтиңіне көз жүгіртсек, ең көп өтініш Алматы қаласы әкімінің (9197 өтініш) блогына түскен. Одан кейін Нұр-сұлтан қаласы әкімінің (4437 өтініш) және Алматы облысы әкімінің (3299 өтініш) блогына халық көп сауал жолдаған. Халық саны көп мегаполис болғандықтан, өтініш санының да сәйкесінше болуы заңдылық. Мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылдарын талдау және бағалау басқармасының басшысы Абылайхан Молдабековтің айтуынша, порталда «Блог-платформа» сервисі танымал.

«Порталдың барлық сервисі мен құралы (блог-платформа, интернет-конференциялар, сауалнамалар және т.б.) мемлекет пен қоғамның кері байланысын нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етуге арналған. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, іс-жүзінде порталдың жекелеген сервистері «Блог-платформа» сервисі сияқты халық арасында аса танымал емес. Атап айтар болсақ, интернет-конференциялар, сауалнамалар, трансляция жазбалары. Осы мәселені шешудің мақсатында қазіргі уақытта АҚДМ портал мен оның сервистерін қоса алғанда, «Ашық үкімет» уеб-компоненттерін танымал ету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр» – дейді маман.

Қазақстанда цифрлы құқық шектелген бе?

Заңгер Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, халықтың цифрлы сауатын көтермей, жақсы нәтиже күту бекер. Айналып келгенде,  дижитал сауат, құқық мәселесін қайта қозғаймыз. Яғни, цифрлы әлемде сәйкес сауаттың болғаны маңызды. Заң бойынша азамат шынайы ақпарат алуға құқылы. Оның үстіне онлайн құқық пен офлайн құқық тең. 25 шілдеден бастап цифрлы құжаттар қағаз құжаттармен теңестірілді. Демек, офлайн қандай құқыққа ие болсаңыз, онлайн платформада да соны талап ете аласыз. Бірақ заңгер меңзегендей, егер сіздің саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік, азаматтық құқығыңыз шектелсе, цифрлы құқықты іске асыру мүмкін емес.

«Иә, Қазақстанда цифрлы құқық жиі шектеледі. Мысалы, қаңтар оқиғасы кезінде интернетті бір аптаға бұғаттап тастады. Ал бұл — біздің конституциялық, азаматтық, саяси құқығымызды шектеу. Бірақ аталған оқиға кезінде қазақстандықтар бұл әрекетті «цифрлы құқықты шектеу» деп емес, «мемлекет қауіпсіздігі үшін жасалған амал» деп айтты. Яғни, біз цифрлы құқықты мемлекет түсіндіретін дәрежеде ғана түсінеміз. «Менің қауіпсіздігім үшін интернетті бұғаттаса, менің цифрлы құқым бұзылмайды» деп түсінеміз. Мемлекеттің қауіпсіздігі есебінен интернетті бір сағатқа бұғаттау, комментарийге жауап бермей, өшіріп тастау да — цифрлы құқықты бұзу. Одан бұрын халық арасында цифрлы сауатты көтеру жұмыстары баяу жүріп жатыр. Тиісті министрліктің жұмысы сылбыр», – дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Демек, сарапшылар атап өткендей, халық арасында портал жайында білетіндер аз. Мысалы, жақында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Ашық диалогқа» қатысты тікелей эфир ұйымдастырды. Портал жұмысымен танысу турасындағы эфирге он шақты адам қатысқаны бар. Кейбірі процестің шынайы жұмыс істейтініне күмәнмен қарайтынын байқадық. Жолсапар кезінде де азаматтардан портал жайында біліп-білмейтінін сұрадым. Мәселен, Алматы облысы, Пенжім ауылы тұрғындары «Ашық диалогқа» өтініш жолдаудан бұрын, МӘМС бойынша қажетті қан талдауларын талап етуден хабарсыз болып шықты. Бұдан шығар қорытынды, әлі де болса портал жұмысын оңтайландырып, жұмыс істеу тетігін халыққа түсіндіру керек тәрізді.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар