Қаржы алаяғын танудың жолы оңай. Тек бір нәрсені білсеңіз болды

Жарияланды
Жалған несие рәсімдеушілер көбейді

Қазір аз сомаға несие беретін ұйымдар көп. Атаулары да біріне-бірі ұқсас. Арасында тіркелмеген, жалған ұйымдардың да өріп жүрері күмәнсіз. Әдетте олар өздерін микроқаржы ұйымының немесе екінші деңгейлі банктің менеджері деп таныстырып, сізге тиімді ставкамен несие ұсынады. Сосын әлдебір картаға ақша аударуды сұрап, көп ұзамай арзан несиемен жарылқайтынын айтады.

Сайтына кірсең бәрі де дұрыс, бәрі де орынды. Лицензиясы бар, контактілері толық көрсетілген, мекен-жайы жазылған, дизайнынан да кемшілік табу қиын. Бірақ олардың алаяқ екенін тану түк те қиын емес. Ол үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтына кіріп, «Қаржы нарығы» бөліміне, одан әрі «Банк секторы» немесе «өзге де қаржылық ұйымдар» бөліміне кіру жеткілікті. «Рұқсат етулер және хабарламалар реестрі» бөлімінде Қазақстанда заңды жұмыс істейтін және қаржы реттеушісінен тиісті лицензияны алған несие ұйымдарының тізімі жарияланған.

Сондықтан күмәнді қоңырау түскен кезде шешім қабылдауға асықпай, алдымен агенттікке хабарласып консультация алыңыз немесе 1459 нөміріне хабарласу арқылы кеңес алыңыз. Сарапшылардың айтуынша, алаяқтар көбіне әлеуметтік инженерия тәсілдерін қолданады, сондықтан болар адамдар оларға банк картасы мәліметтерін, жеке деректерін қалай айтып қойғанын, олар тапсырған жұмысты (ақша аудару, мобилді қосымшаны жүктеп алу сияқты) қалай істеп қойғанын да байқамай қалатын көрінеді.

Сондай-ақ «несие алып берумен» шұғылданатын қаржы делдалдары да көп. Олар клиенттің:

  • Несие тарихы қандай
  • Табыс деңгейі жете ме
  • Ресми жұмыс істей ме
  • Зейнетақы жинағы бар ма деген сұрақтарға бас ауыртып жатпайды.

Олар

  • «Жеңілдетілген онлайн-несие»,
  • «Пайыздық ставкасы төмен микрозайм»,
  • «Артық төлемсіз таза кредитті» жарнамалап, клиенттің буынына түсуге тырысады.

Айлығы шайлығына жетпей, «тиімді шарттары бар» несие іздеп жүрген жандар әрине, мұндай алаяқтардың құрығына тез түседі.

Алаяқтардың төлеп жатқан несиесі бар азаматтарға арналған бөлек «мәзірі» бар. Ондайлар несиеңізден тез арада құтылдырып береміз деп басын айналдырады. Мәселен, несие бойынша 300 мың теңге қарызы қалған болса, онда «тек 50 мың теңге төлесеңіз бүкіл қарызды жауып береміз» дейді. Көп ретте олар:

  • Банкте немесе микроқаржы ұйымында ықпалды таныстары бар екенін;
  • Немесе өзінің сол қаржы мекемесінде жұмыс істейтінін;
  • Не болмаса несие қарыздарын кешіру бойынша жеңілдетілген акция болып жатқанын айтып, дегеніне көндіруге тырысады.

Сөйтіп, клиент нөміріне арнайы сервис арқылы «несиеңіз толықтай өтелді» деген хабарлама жібереді. Кейде әрі қарайғы процестер үшін (мерзімінен бұрын өтегені үшін комиссия деген сияқты) қосымша қаржы сұрайды. Алаяқтар «займды өтеу процедурасын растау үшін» СМС-код жіберілгенін, соны айтуын да сұрайды. Алайда шын мәнінде ол код – қаржы ұйымының несие беру кезінде клиенттің жеке басын растау үшін жіберілетін код. Сіз ол кодты алаяққа айту арқылы өзіңіздің мобилді банкингіңізге қолжетімділік бересіз. Ол дегеніңіз – ақшаңыздан айырылдыңыз деген сөз.

Кейде алаяқ-кредитордан шынымен де ақша келіп түседі. Ол сізге 100 мың алып беремін деп уәде берді және расымен де сол ақшаны жіберді. Бірақ бір күні банк немесе микроқаржы ұйымы сізге хабарласып, займды өтеуіңізді талап етеді. Яғни, шын мәнінде алаяқ сіздің атыңызан 100 мыңнан да көп сомада кредит рәсімдеген. 100-ді сізге жіберіп, қалғанын өзі алып кеткен.

Сондай-ақ несие тарихындағы «зиянды ақпаратты» жойып жібереміз деп қызмет ұсынушылар да бар. Олардың айтуынша, клиенттің несие тарихындағы кешіктірілген төлемдер жайлы ақпараттар толығымен жойылады. Сол үшін сіздің жеке деректеріңізді сұрайды. Өзі қалаған мәліметті қолына түсіргеннен кейін сіздің барлық банк шоттарыңызға еркін кіре алатын болады. Әрине, ондай алаяқтың атыңыздан несие рәсімдей салуы да аса қиындық тудырмайды. 

Біліп жүргейсіз, екінші деңгейлі банк, микроқаржы ұйымы және клиент арасында ешқандай делдал болмайды. Ешкім де клиенттің несие міндеттемесін мерзімінен бұрын өтеп бере алмайды. Ешкім де арзан ставкамен несие алып бере алмайды. Ешкім де несие тарихындағы деректерді өзгерте алмайды. Банк ставкасы, несие беру шарттарымен өзіңіз қалаған қаржы институтының ресми сайтына кіріп, бөлімшесіне барып немесе қоңырау шалып таныса аласыз.

Қандай да бір ұйымнан күмәндансаңыз немесе алаяқтар құрығына түсіп қалсаңыз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен қолдау сұрай аласыз.

Ал несие тарихыңызды egov.kz электронды үкімет порталы немесе Бірінші несие бюросы арқылы онлайн алуыңызға болады. Аталған құжатты жылына бір мәрте тегін көруге мүмкіндік бар. Несие тарихындағы деректер ешқашан бұрмаланып, өзгертілмейді. Тек несие берешегін кешіктіріп, банктің қырына іліккен клиенттер «сауықтырылудан» өтіп, белгілі бір уақыттан соң қайтадан несие рәсімдеу мүмкіндігіне ие болып жатады.

Сондай-ақ оқыңыз