Жаңалықтар

Елден шығарда есіңізде болсын: борышкерлер тізімін бір тексеріп алыңыз

Бұл тізімге енгенін кей азаматтар тіпті білмеуі де мүмкін

Шетелге шығардың алдында борышкерлер тізімінде бар-жоғыңызды бір тексеріп алған дұрыс. Себебі ұшаққа отырайын деп жатқанда рұқсат ала алмай, үйге қайтуыңыз мүмкін. Елден шығуға уақытша шектеу қою шаралары жалпы әлемде қолданылатын пәрменді шара десек болады. Өйткені бұған дейін қарыздарын төлемей жүрген адам шетелге шығарда амалсыздан жабады. Жалпы борышкерлер тізімі деген не, оған қай жағдайда кіріп кетуіңіз мүмкін, ол тізімге түспеу үшін не істеу керек — осы туралы бүгінгі материалымызда айтамыз. 

         Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы заңның 33-бабына сәйкес, борышкер жеке тұлға немесе заңды тұлғаның басшысы (оның міндетін атқарушы) атқарушылық құжаттағы 40 АЕК астам сомаға талаптарды орындамаған кезде, сонымен бірге мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды үш айдан астам уақыт орындамаған кезде сот орындаушысы аталған адамдардың Қазақстан аумағынан шығуына уақытша шектеу қою туралы қаулы шығаруға құқылы. Өндіріп алушының өтініші бойынша осындай қаулы шығаруға міндетті.

         Атқарушы құжаттар деген не?

         Азаматтарды елден тыс жерге шығармай тастауға оның атқару құжаттарын орындамауы, борышы мен қарызы себеп бола алады. Яғни ол дегеніміз — төленбеген салық, айыппұл, басқа да адамдар алдында сотқа жүгінуге дейін апарған қарыздар. Шетелге шыққалы жатқан кез келген адам алдымен осы тізімде өзінің жоқ екеніне анық көз жеткізіп алғаны абзал. Төлеуден қашып жүрген адам деп алименттерді, жолақы айыппұлдарын төлемей, сонымен қатар қаланың коммуналдық қызметтеріне қарызы бар адамдарды айтады. Аталған тізімге 700 теңгеден бастап төленбеген шоттары бар және сот осы қарызды өндіру туралы қаулы шығарған адамдар енгізілуі мүмкін.

         Шетелге шығуы шектелген адамдардың тізіміне азамат сот орындаушысының қаулысы бойынша енгізілетінін айттық. Борышкердің ел аумағынан шығуына уақытша шектеу туралы сот орындаушысының қаулысы сотпен санкцияланады. Одан кейін қаулының көшірмесін аласыз. Сондай-ақ, оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі алады. Қарызыңыздың өтелгені туралы ақпарат базада расталмайынша комитет сізді ел аумағынан шығармайды. Ал енді атқару құжаты сот актісі болмаса және сот актісінің негізінде берілмесе, (мысалы, атқарушы парақтар немесе хаттамалар), онда өндіріп алушы немесе мемлекеттік сот орындаушысы борышер үшін Қазақстан аумағынан уақытша шектеу туралы ұсыныспен сотқа жүгінуге құқылы. Бірақ бір айта кетерлігі, мұндай жағдайда шешімді сіздің қатысуыңызсыз шығаруы мүмкін. Яғни сіз бұдан бейхабар болып қалуыңыз ғажап емес. Сол себепті      қарыз, айыппұлдар, баж алымдарын және коммуналдық төлемдер сынды қызметтер үшін төлемді істі сотқа жеткізбестен уақытылы төлеген дұрыс. Атқарушы өндірістер бойынша борышкерлердің тізіміне сот орындаушысы атқарушы құжаттарды ерікті орындауға мерзім аяқталғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде борышкердің мәліметтерін жібереді.

Шетелге шығуға тыйым салынғанын қалай білеміз?

         Іссапарды, туысқандарға немесе туристік сапарға баруды жоспарлар алдында  билетті сатып алғанға дейін, қонақ үйден орын алғанға дейін нақты факторлардың шығып қалмауын ойланған жөн. Ол үшін Әділет министрлігінің сайтына кіріп, бір тексеріп алыңыз. Сол жерде автоматты режимде аталмыш тізімдер жүргізіледі. Тікелей сілтемелер мыналар: Шетелге шығуға шектеу қойылған борышкерлердің тізімі  және Атқарушы өндірістер бойынша борышкерлердің тізімі . Бұл жерде екі тізімді де тексерген жөн, себебі тіпті сіз Атқарушы өндірістер бойынша борышкерлердің тізімінде ғана болсаңыз да, қасақана төлемейтіндердің қатарынан табылып, шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін. Борышкерлер базасы сот органдарынан қаулылардың келіп түсу дәрежесі бойынша тұрақты негізде жаңартылады.

         Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығуға шектеу қойылған борышкерлердің тізімі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне берілетін шығуға шектеу туралы электрондық хабарламалар негізінде қалыптасады. Электрон хабарламаны тиісті қаулы шыққаннан кейін немесе оны судья санкциялағаннан кейін сот орындаушысы жібереді. Қаулының көшірмесі борышкерге жіберіледі. Қаулы ҚР азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдарға қатысты, сонымен қатар заңды тұлғалардың-борышкерлердің басшыларына қатысты шығарылуы мүмкін. Егер сіз туристік фирмадан жолдама сатып алсаңыз, көрсетілген тізімдерде өзіңіздің бар/жоғыңызды міндетті түрде тексеріңіз. Себебі аталған тізімде жүргеніңіз дәл әуежайда белгілі болса, компания турдың ақысын қайтармайды. Сондай-ақ ірі туристік компаниялардан сіз компания қызметкерлерінің телефон немесе онлайн-сұраныстары бойынша әділет департаментінен сіздің мәліметтеріңізді тексеруді сұрай аласыз. Базаның мерзімді түрде жаңартылатынына қарамастан, егер сізде бұрын төленген қарыздар болса, тізімде бар не жоғыңызды тексеру керек. Іс жүзінде кез келген жағдайда шетелге сапарды жоспарлауда екі тізімнен де өз мәліметтеріңізді тексеру артық етпейді. Тізімдегі ақпарат сот орындаушысы шектеуден алу туралы қаулы шығарылғанға  дейін және ҚР ҰҚК Шекара қызметіне тиісті электронды хабарлама жіберілгенге дейін сақталады.

Тізімнен шығу үшін не істеу керек?

         Әрине, ең дұрысы айыппұлдарды, баж алымдарын, алименттерді, коммуналдық қызметтерді немесе қарыздарды төлеу. Шығуға уақытша шектеу атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін жойылады, атқарушылық санкция, орындау жөніндегі шығыстар, өсімпұл және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы өндіріп алынады. Заңның 36-бабына сәйкес атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін күнтізбелік 3 күн ішінде сот орындаушысы борышкерді тізімнен шығаруға негіз болатын тиісті ақпаратты мәжбүрлеп орындату департаментіне және шекара қызметіне жібереді. Атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы немесе уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулы — тізімнен шығу үшін қолданылған шараларды растайтын құжат. Сонымен қатар, өз берешегіңізді «Қазпошта» АҚ касса қызметтері мен терминалдары және уеб-сервистер көмегімен онлайн www.kaspi.kz, www.post.kz сондай-ақ, IOS және Android негізіндегі мобайл қолданбалар (смартфондардағы Аpp store және play market операциялық жүйелеріндегі Kazpost Post.kz және kaspi.kz) сияқты төлем функционалдары арқылы төлеуге болады.

         Берешек соманың төленгені туралы ақпаратты алғаннан кейін, атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі сот орындаушысының қатысуынсыз, атқарушылық іс жүргізуді тоқтату процестерін бастайды. Бұл жағдайда атқарушылық іс жүргізу шеңберінде салынған қамтамасыз ету шаралары 30 минут ішінде автоматты түрде жойылады, Борышкерлердің бірыңғай тізімінен алып тастала отырып, атқарушылық іс жүргізу тоқтатылады және шығуға тыйым салу алынып тасталады. Сапар алдындағы ең соңғы сәтте қарыздар бойынша төлемді кейінге қалдырмаңыз. Шетелге сапар жоспарлағанда, барлық қол жетімді қарыздарды алдын-ала төлеп, жоспарланған күннен кем дегенде 10-15 күн бұрын атқарушы құжаттарда белгіленген нәрсені орындаған дұрыс.

         Атқарушылық құжаттарды орындау — шетелге шығуға мүмкіндік беретін жалғыз шара. Сонымен қатар, төлегеннен кейін растайтын құжаттардың, чектердің қолыңызда болуы жеткіліксіз, ұшуға тыйым салған сот орындаушысын бұдан хабардар ету қажет. Шетелге шығуға шектелген борышкерлер тізімінде сіздің деректеріңіз бар-жоғын ғана емес, сот орындаушысының деректері мен оның ұялы телефонын да білуге болады. Бұдан бөлек, тағы бір жол бар. Сіз талапкерден атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған кезде өтінішті қайтып алуды сұрай аласыз, бірақ бұл төтенше жағдайларда, мысалы, егер сіз шетелге операцияға баруыңыз керек болған жағдайда дегендей. Егер талап қоюшымен уағдаластық болса, онда талап қоюшымен бірге сот актілерін орындау жөніндегі жергілікті департаментке жүгіну қажет. Әрине, сіз неғұрлым тезірек жүгінсеңіз, шетелге шығуға тыйым соғұрлым тезірек жойылады.

         Ал аталмыш тізімдерде сіз нақты мынадай жағдайларда болмайсыз, егер:

  • сіз қазіргі сәтте сот процесіне қатыспасаңыз және болашақта қатыспайтын болсаңыз;
  • салықтар бойынша қарызыңыз болмаса;
  • айыппұлдар бойынша қарыздар болмаса;
  • алименттер бойынша қарыздар жоқ болса және бұрын болмаса.

         Мерзімдік өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша үш айдан асатын берешегі жоқ, сондай-ақ талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қолдану және тоқтату туралы атқарушылық құжаттары бойынша борышкерлер жөніндегі мәліметтерді қоспағанда, Борышкерлердің бірыңғай тізіміне енгізу үшін мәліметтерді сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жібереді.

         Ол жерде мынадай мәліметтер көрсетіледі:

  • борышкердің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) не борышкер ұйымның атауын;
  • атқарушылық құжатты берген органды, берілген күнін және борышкердің орындалмаған міндетінің мазмұнын;
  • көрсетілген мәліметтерді жіберетін сот орындаушысының тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда) және аумақтық бөлімнің атауы мен мекенжайын немесе жеке сот орындаушысы кеңсесінің мекенжайын қамтиды.

         Борышкерлердің бірыңғай тізілімінен борышкерді алып тастау осы Заңның  47 бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін және мерзімдік өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу бойынша берешек болмаған кезде, сондай-ақ ол атқарушылық құжаттың талаптарын орындаған кезде осы Заңның 48 бабында көзделген негіздер бойынша атқарушылық іс жүргізу аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Сот орындаушысы осы Заңның  48 бабында  көзделген негіздер бойынша аяқталған атқарушылық іс жүргізу бойынша атқарушылық құжат талаптарының орындалғаны туралы мәліметтер алған кезде үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға борышкерді Борышкерлердің бірыңғай тізімнен алып тастау үшін тиісті ақпарат жібереді.