Әлеуметтік қызметкер кімдерге көмек беруге тиіс және оның міндетіне не кіреді?

Жарияланды
Жалғызбасты қарт, мүгедек, денсаулығы жоқ азаматтар үйінде арнайы әлеуметтік қызмет алуға құқылы

Балалары, жұбайы жоқ қарт, денсаулығы сыр берген жандардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне мемлекет қалай көмектесе алады? Қайдан көмек күтуге болады? Заң бойынша қандай қызметтер көрсетілуі керек және қызметкердің міндеттеріне не кіреді – Kursiv.kz бүгінгі материалында осы жайында тарқатып көрді.

Үйде арнайы қызмет алуға кімдер құқылы?

  • 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі жүйке-психикалық патологиясы бар мүгедек балалар;
  • 1,5-тен 18 жасқа дейінгі тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балалар (тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар);
  • жүйке-психикалық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектер (18 жастан асқан адамдар);
  • І және ІІ топтағы мүгедектер (мүгедектер);
  • кәрілікке байланысты өз-өзіне қызмет көрсетуге қабілетсіз адамдар (қарттар) қызмет ала алады.

Балалар, тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалар, 18 жастан асқан адамдар, мүгедектер және ерекше әлеуметтік қызметке мұқтаж және бір отбасында тұратын қарт адамдар жеке тұлғалар болып саналады.

Әлеуметтік қызметкер үйде қандай қызмет көрсетуі керек?

Әлеуметтік қызметкер үйде сегіз арнайы қызмет түрін көрсетеді. Оның қызметақысын мемлекет төлейді.

  1. Тұрмыстық қызметтер: төсектен тұруға, ұйықтауға, киім киюге және шешуге, жуынуға, тамақ ішуге, дәретхананы немесе дәрет ыдысын пайдалануға, айналада қозғалуға, тісін немесе тіс протездерін күтуге, көзілдірік немесе есту аппаратын киюге, тырнақтарын алуға, ер адамдарға көмек – сақал мен мұртты қыруға көмектесу. Қарттар мен мүгедектерге егер қажет болса хат жазып, оны оқуға көмектесу.

Әлеуметтік қызметкер қамқорлығындағы адамға негізгі қажет өнімдерді  сатып алуға, тамақ дайындауға көмектесуі керек. Жеке үйлерде тұратындар үшін стандарт пештің отына, отын, көмір мен су жеткізуге көмектеседі. Егер киімдерін жуу, құрғақ тазалау немесе жөндеу үшін заттарды тапсыру қажет болса, онда әлеуметтік қызметкер мұны істеп, содан кейін заттарды қайтарып алу керек. Стандарт бойынша үйден тыс жерде, бір  елді мекен шегінде: денсаулық сақтау және  әлеуметтік қорғау объектілеріне апару қарастырылған.

  • Медициналық қызметтер: алғашқы медицина көмегі, дәрігерлердің қорытындысы бойынша  дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге, санаторий-курорттық емдеуге, протездік-ортопедиялық және есту протездік  құралдарына көмек көрсету, дәрігерді үйге шақыру және қамқорлығындағы адамды  денсаулық сақтау ұйымында алып жүру, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды патронаттық қадағалау. Одан басқа, әлеуметтік қызметкер мүгедектер мен қарттарға санитарлық-гигиеналық қызмет көрсетеді: сүрту, жуу, гигиеналық ванналар.
  • Психологиялық қызметтер: әңгімелесу, қарым-қатынас, тыңдау, сенімділік, белсенділікке ынталандыру, отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету.
  • Педагогикалық қызметтер: мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы оқу бағдарламалары бойынша білім алуға көмектесу, балалар мен 18 жастан асқан адамдарға тұрмыстық бағдарлау негіздерін, өзіне қызмет көрсету, жеке бас гигиенасы,  тұрмыстағы және қоғамдық орындардағы мінез-құлық, өзін-өзі бақылау  дағдыларына үйрету.
  • Әлеуметтік және еңбек қызметтері: тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың, мүгедектердің  кәсіби бағдары, қызмет алушыларға және олардың отбасы мүшелеріне үй жұмысын ұйымдастыруда кеңес беру, мүгедектерге жұмысқа орналасуға  көмектесу.
  • Әлеуметтік және мәдени қызметтер: мерекелер, мерейтойлар, туған күндер, саяхаттар ұйымдастыру, театрларға, кинотеатрларға, көрмелерге, концерттерге бару. Бұл іс-шаралар үйде қызмет көрсететін ұйымның басшысы бекіткен тоқсандық жоспарға сәйкес жүзеге асады. Стандарт бойынша клуб пен үйірме жұмысын ұйымдастыру және өткізу қарастырылған.
  • Экономикалық қызметтер: жеңілдіктер, жәрдемақы, өтемақы, алимент және басқа төлемдерді алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмек.
  • Құқықтық қызметтер: құжаттарды ресімдеуге көмек, сенімхат бойынша (егер қажет болса) жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер алу. Сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін және олардың қамқорлығындағы адамдардың   заңды құқықтарын бұзатын немесе шек қоятын  ұйымардың  әрекеттері немесе әрекетсіздігіне шағым жасауға көмектесуі керек. Стандарт бойынша әлеуметтік қызметкерлердің заң көмегін көрсетуін де қарастырады. Бір реттік консультация  алу үшін Басқармадан  адвокат көмегін алуға болады. Егер отбасыда қамқорлығындағы адамға қатысты жасалған физикалық және психикалық зорлық-зомбылық болса, әлеуметтік қызметкер кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға көмектесуі керек.  

Осы аталған сегіз қызмет бойынша мына сілтемеден толық ақпарат ала аласыз.

Үйде арнайы әлеуметтік қызмет алу үшін не істеу керек?

Әуелі Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе тұрғылықты жері бойынша  халыққа қызмет көрсету орталығына тиісті құжаттарды ұсыну қажет. Олардың тізімі мына сілтемеде: https://www.gov.kz/situations/234/668?lang=kk.

Уәкілетті орган маманы жазбаша өтініш пен құжаттарды қабылдағаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде мүгедектердің, қарттардың тұрғылықты жеріне барып, тұрғын үй мен материалдық-тұрмыс жағдайын тексереді.

Осыдан кейін азамат құжаттарды ресімдеу туралы хабарлама алады, онда оны  осы қызметтер және үйде күтім жасау шарттары туралы хабардар етеді немесе бас тартылады.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету кезінде қызмет алушылардың жасы мен денсаулығы және өмір сүру жағдайлары ескеріледі.

Әлеуметтік қызметкер үйге бекітілген кесте бойынша келіп, тиісті қызмет көрсетеді. Әр келген сайын арнайы журналына жазып отырады, ол қызмет алушыда немесе оның заңды өкілінде сақталады.

Үйде қызмет көрсету ұйымының басшысы арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету үшін жағдай жасауы керек, оның ішінде:

  • оңалту шараларын жүргізу үшін қажет жабдықтармен және байланыс, диагностикалық, дидактикалық, дамытушылық және басқа материалдармен жабдықталған үй-жайлар; 
  • персоналды қызмет алушыға қамқорлық жасаудың білім, білік және дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететін әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз ету; 
  • персоналды қажет болған жағдайда көлік құралымен, жол жүру билеттерімен немесе жол жүру билетінің құны мөлшерінде ақшалай өтемақымен қамтамасыз ету; 
  • қарттар мен мүгедектерге күтім жасау үшін әлеуметтік қызметкерлерді формамен, жеке қорғану құралдарымен (бір рет қолданылатын маскалар мен қолғаптар) қамтамасыз етуі керек.
Сондай-ақ оқыңыз