Мектепке керек заттарды алғанда нені ескеру керек?

Үнемдей отырып, қажетін ғана алуға тырысқан жөн

Балалардың үш айлық жазғы демалысы да аяқталуға сәл қалды. Тамызда әдетте мектепке дайындық басталады. Осы орайда ата-аналарға пайдалы материал әзірледік. Мектепке әзірлік барысында нені есте ұстау керек? Артық ақша шашпай, арзан затқа құнықпай дайындалуға бола ма? Бұған қатысты біз сізге бірнеше құнды кеңес айтамыз.

         Мектепке баратын уақыт таяғанда көздің жауын алатын таңдау түрі көбейеді. Базарға болсын, сауда орталықтарына болсын бара қалсаңыз, неше түрін кездестіресіз. Сөйтіп жылтырағанның бәріне көз сүрініп, кейде керек емес нәрселерді толтырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан сабақтың заттарын алуға барарда көз алдыңызға нақты не керегін елестете алғаныңыз жөн. Сонда әр нәрсеге бір жүгірмей, артық зат алмайсыз. Ең алдымен, балаңызға шынында не керек және ол қандай болуы керек деген сұраққа жауап беріңіз. 

Мектеп формасы

         Мысалы, кез келген оқушыға мектеп формасы керек. Бұл жерде мән беретін бір жайт: матаның сапасы мен тігінге баса мән беріңіз. Арзан мата алсаңыз, ол жұқарып не жыртылып қалады. Сөйтіп екі ортада тағы алуыңыз қажет болып қалады. Ал ол сізге — екі шығын. Сол себепті жақсы, сапалы, синтетика емес, сапалы материалды таңдаймыз. Өйткені синтетика электрленеді, жылу алмасу жүйесіне бұзады, аллергия тудыруы мүмкін. Әрине, табиғи зығыр сияқты маталар ұзаққа шыдамайды, қатты қыртысталады, кебуі де ұзақ уақыт алады, үтіктеуге де біраз күш жұмсайсыз. Ең дұрыс нұсқасы — табиғи және жасанды талшықтар араласқан түрі. Атап айтқанда, костюмдердегі синтетика үлесі 55 пайыздан аспауы керек, ал көйлектер мен жейделерде 35 пайыздан көп болмағаны жөн.  Матасын таңдап болсақ, енді тігуге келейік. Лекалосы дұрыс қиылған, соған сай жақсылап тігілгені дұрыс. Өйткені әу бастан ыңғайсыз лекало болса, онда балаға оны киіп жүру қолайсыздық тудырады. Сосын мүсініне шақ келіп, әдемі жарасып тұруына да мән беріңіз. Ескеретін нәрсе: қымбаттың бәрі керемет, арзанның бәрі нашар емес. Баға бекітуде бренд, дүкеннің қайда орналасқаны және өзге де факторлар әсер етеді. Әр сыныпта белсенді әрі қымбатқа құмар ата-аналар болады. Сіз сол қатардан болмағаныңыз жөн. Иә, әркім мүмкіндігінше баласына ең керемет алып бергісі келеді. Бірақ мектеп формасы қымбат брендтен тігілетін, асыл тастармен әшекейленетін киім емес, мектеп болса, сән көрсететін жер емес. Сондықтан ең дұрысы барлық ата-ана форманың түсі мен моделін бірдей қылып таңдағаны жөн. Ал енді қандай мата алу әркімнің өз еркінде қалсын. Сонда сыныпта оқушылар бәрі бірдей киініп жүреді. Екі ортада ешкім өзара сөзге келіп, «баймын, кедейсің» демейді. 

         Мектеп формасын алғанда кемі екі жыл киетіндей есеппен алу керек. Яғни қазіргі денесіне шап-шағын қылып алмаңыз. Бірақ енді әжептәуір үлкен болып тұрмауына да мән беріңіз. Қалыпты жағдайда бір форма екі жылға жарайды. Тіпті ұқыпты киген жағдайда төменгі сыныптың ата-аналарына сатып жіберсеңіз болады. Баланың нақты күнде киіп, тағатын дүниелерін ғана алыңыз. Мысалы, қымбат бантты ол күн сайын тағып жүрмейтіні белгілі. Алғашқы қоңырау үшін ғана алудың қажеті шамалы. 

Аяқ-киім

         Бұған баса мән беру керек. Арзанға аса құмар болмаған жөн. Бірақ қымбаттың бәрі керемет сапалы деп те айта алмаймыз. Сондықтан осы екеуінің ортасын таңдаңыз. Аяқ-киімге қойылатын басты талап — ыңғайлы болуы. Балаңызды міндетті түрде ертіп апарып, кигізіп көріңіз. Көзбен өлшеп ала салмаңыз. Бала көрсін, кисін, былай да былай жүріп көрсін. Бәлкім, үлкендеу болып қалар, не қысып тұрар. Оны кигізіп көрмей біле алмайсыз. Одан соң аяқ-киім аларда күнделікті киетініне мән беру керек. Жылтырақтары неғұрлым көп болса, олар түсіп қалса аяқ-киімнің әдемі көрінісі қоса кетеді. Соны есте ұстаңыз. Жууға ыңғайлы болсын. Тез сүртілетін түрін таңдаңыз. Табаны тайғанамайтын болғаны дұрыс. Өйткені бала болған соң мектептің ана бетінен мына бетіне дейін жүгіріп, секіреді. Мұндайда тайғанақ табанды аяқ-киім бала өміріне қауіпті. Базалық аяқ-киімдер таңдауға кеңес береміз. Оны үйлестіру де, күту де жеңілірек. Ал қосымша тастар, жылтырақтар — артық ақша.

Дене шынықтыруға арналған киім

         Әр оқушыға керек ендігі нәрсе — дене шынықтыруға арналған форма. Бұл жерде мән беретіні: балаңыз қандай да бір спорт түрімен шұғылдана ма, әлде дене шынықтыруға пәнімен шектеле ме? Егер екіншісі болса, онда 45 минут секіріп, жүгіргенге бола арнайы жүйемен жасалған форма алудың қажеті шамалы. Жақсы сапалы футболка мен лонгслив табу қиын емес. Одан кейін маңыздысы — кроссовка алу. Оны да жоғарыда аяқ-киім таңдау тәсілі бойынша қарастырамыз.

Сөмке

         Кейінгі кездері көп ата-ана балаларының рюкзактары ауыр екенін айтып, жиі шағымданады. Желіде де түрлі фото-видеолар жүр. Егер расында балаңыз мектепке дейін ұзақ жер жаяу жүретін болса, денсаулығын ойлаңыз. Сапалы, ортепед модельдегі рюкзак әперіңіз. Ал енді оны өзіңіз мектепке апарып тастап, алып кететін болсаңыз, сөмкесін өзіңіз арқалап жүретін болсаңыз, онда қымбат түрін алудың қажеті қанша? Сол себепті бірінші осы факторға мән береміз. Ұзақ жерді жаяу жүретін балаға ғана омыртқасына зиян тигізіп алмау үшін ортопед үлгідегі түрін аламыз. Олардың бағасы бір қарағанда қымбат болып көрінуі мүмкін. Бірақ оны бірнеше жыл ұстайды деген есеппен алсаңыз, жаныңыз жайланады деп ойлаймыз. 

Канцелярия

         Бала болған соң, қанша жерден ұқыпты болса да өшіргіш, қалам, қарындаштары жоғалады. Сондықтан әдемі әрі қымбат емес түріне тоқталыңыз. Мектепке барарда балалар бір-біріне алған заттарын көрсетіп, мақтанғысы келеді. Оны өз басыңыздан да өткерген боларсыз. Десе де, қатты қымбатын алып қажеті жоқ. Пенал алатын кезде барлық затының сыятынына, қатты ауыр болып кетпеуіне, жууға оңай болатынына баса мән берген жөн. Көлемі қатты үлкен болмасын. Әйтпесе, сөмкеде көп орын алады. Негізі оқу жылы басталмай тұрып сынып жетекшісінен балаға нақты кере құралдарды сұрап алған артық болмайды. Мәселен, сіз сызғыштарды жинағын, циркуль алып қойдыңыз делік. Сөйтсе, биыл балаңыз оны қолданбайтын болып шығуы мүмкін. Болмаса, дәптердің қандай түрі керек: арнайы жұмыс дәптері ме, 12 беттік тор көз бе, әлде қалың дәптер ме? Мұғаліммен кеңескен ешқашан артық болмайды. Есесіне, керек емес нәрсені алып қоймайсыз. Немесе негізі керек түрін алмай, басқасын алып қоюыңыз мүмкін. Ондайда екі шығын болып қажет түрін тағы алуға тура келеді.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар