Атырау МӨЗ-інің тоқтап қалуы мұнай экспортына қалай әсер етеді?

Жарияланды
Маман Қазақстанда бәсекелестік жоғары деп санайды

Осыдан бірнеше күн бұрын электр ақауына байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы тоқтап қалған еді. Зауыттың ресми сайты таратқан ақпарат бойынша «KEGOC» АҚ-ның электр қуатын жоспардан тыс тоқтатып тастауы МӨЗ-дің жұмыс режиміне зиянын тигізіп, апатты жағдай туындатқан. Сөйтіп, МӨЗ электрмен жабдықтау жүйесі толық тұрақтанғанша зауыттың отын желісін технологиялық регламентке сәйкес алау жүйесіне бағыттаған еді.

28 шілде күні «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытында болып, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысқан.

«Қазіргі уақытта Атырау МӨЗ-інде динамикалық жабдықтар мен қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосу жүргізілуде. Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорын басшылығына қысқа мерзімде іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтауды, жабдықтың жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруді және тұтынушыларға қорлардан мұнай өнімдерін жөнелтуді жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, штаттан тыс жағдайлардың қаупін одан әрі азайту үшін қажетті жұмыстарды жүргізу қажеттігін атап өтті» делінген ресми ресурс хабарламасында.

Зауыттың бас директоры Мұрат Досмұратовтың сөзінше, қазір зауытта іске қосу-реттеу шаралары жалғасуда. Технологиялық объектілердің жұмысын кезең-кезеңімен қалпына келтіру, жабдықты мұнай өнімдері мен катализатордан тазарту жұмыстары жүргізілуде.

«Бұл жұмыстарға тәулік бойы 250-ге жуық жұмысшы тартылған. Бүгінгі таңда бізде 26 мың тонна бензин, 22 мың тонна дизель отыны, төрт мың тонна керосин бар. Бензин мен дизель отынын тұтынушыларға жеткізу 5-6 күнге, керосин бір аптаға жетеді» дейді Досмұратов.

Атырау МӨЗ – Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде салынып, 1945 жылы пайдалануға берілген. Мұнай өңдеу зауытының иесі – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ.

Кәсіпорын 20 атаулы тауарлық мұнай өнімдерін шығарады. Олар – көмірсутекті газдар сұйытылған отын, автомобиль, дизель отыны, реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, вакуумды газойль, пеш отыны, мазут, теңіз отыны, мұнай коксы, техникалық күкірт, параксилол, бензиол және тағы басқа тауарлар.

Сондай-ақ зауыт басшысы Мұрат Досмұратовпен Атырау облысы әкімі жанындағы Қоғамдық кеңестің өкілдері де кездесіп, апатты жағдайдың себебі мен салдарын талқылаған.

«Зауыт басшысы және топ-менеджерлер қоғамдық кеңес мүшелерінің экология мен өндіріс қауіпсіздігіне қатысты өзекті сұрақтарына жауап қатты. Атырау қаласының тұрғындары қоғамдық кеңестің өкілдеріне сұрақтарын жолдады, сондай-ақ олар зауыт басшысына жолданған өз сұрақтарына әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы құзыретті жауаптарын алды», деп жазады зауыт сайты.

АМӨЗ тарапынан қоғамшылдарға өндіріске бару, зауыттың жұмысымен тікелей оның аумағында танысу ұсынылған.

«Біз жұртшылық үшін ашықпыз және осындай ынтымақтастыққа қуаныштымыз. Мен әрқашан кез-келген сауалдарға жауап беруге дайынмын. Атырау қаласының тұрғындарын толғандыратын мәселелерді бірге шеше аламыз деп үміттенемін» дейді зауыт директоры.

Дегенмен зауыт жұмысының тоқтап қалуы Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай экспорттауға кедергісін тигізбеген.

«2022 жылдың 27 шілдесіндегі жағдай бойынша оқиға осы айдың тиеу кестесін орындауға әсер еткен жоқ. КТК теңіз терминалындағы мұнай тиеу штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр» делінген консорциум хабарламасында.

Осыдан кейін сарапшылар елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін қайтадан көтере бастады. Қайтадан дейтініміз төртінші МӨЗ тұрғызу бұған дейін де бірнеше рет айтылған. Ресми ұсыныс ретінде де жолданған еді.

Павлодар мұнай өңдеу зауытының бас мердігері болған Асқар Исмайлов бұған орай былай пікір білдіріпті.

«Зауыт жұмысын тоқтатты. Себеп – элекр энергиясының ақауы. Бірақ бұл зауыттың қазіргі жағдайының салдары. Осының бәрі Қазақстандағы төртінші зауыт мәселесіне келіп тіреледі. Әрине, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаттылығын арттыруға болады. Ол үшін қытайлық серіктестерді көндіріп, қаржыландыру көзін табу керек» дейді ол.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Ерлан Жаукин «Қазақстанға төртінші зауыт керек пе?» деген сұраққа былай жауап береді.

«Қазір Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты елімізді АИ-92 және АИ-95 бензин маркаларымен қамтамасыз ете алып отыр. Тіпті 2023 жылы экспортты қайта қалпына келтіру перспективасы да бар. Қазақстанның ішкі тұтынушылары да дизелді отынмен қамтамасыз етіліп отыр. Алайда тамыз бен қыркүйекте – ауыл шаруашылық жинау жұмыстары кезінде қиындықтар туындайды Қазақстанда және көршілес елдерде дизелді отын бағасының жоғары айырмашылығына байланысты (Қазақстанда дизель отыны 40-50 пайызға арзан) транзит өсімі проблемасы бар. 30 жыл бойы бізде жанар-жағармай нарығы мұнайшылар есебінен субсидияланып келді. Барлық статистикалық деректер бойынша Қазақстан нарықтағы ең арзан отын бойынша үздік ондық қатарына кіреді. Бұл бензинге де, дизелді отынға да, сығымдалған газға да байланысты» дейді Жаукин.

Сондай-ақ оқыңыз