Демалысқа әр баланың бар таласы

Жарияланды
Десе де, жекеменшік мектепте оқитын балалардың тегін лагерге бару құқығы шектелген

Шымкент тұрғыны Аделина Абдулованың балалары жазғы лагерге жолдама ала алмаған. Көпбалалы ана балаларының құқығы шектелгенін айтып, Оқу-ағарту министрінің «Ашық диалог» порталындағы блогына хат жазған. Жекеменшік мектеп оқушыларының лагерге жолдама алу құқығы неге шектелген, оны қалай шешуге болатынын анықтап көрдік.

«Бес балам бар. Биыл балалар лагеріне жолдама алғым келді, бірақ Шымкент қаласының білім басқармасы ондай құқығымның жоқ екенін айтты. Себебі балалар жекеменшікте оқиды. Бірақ олар мемлекеттік бюджет есебінен оқиды. Мен жұмыс істеймін, соған байланысты балалардың сабақтан бір уақытта келгенін қаладым. Ал мемлекеттік мектептен олар түрлі уақытта босайды. Енді оларды тегін лагерге жібере алмай жүрмін. Онда баруы үшін мемлекеттік мектепте оқуы керек екен. Ол үшін мен жұмыс істемеуім керек. Мұны қалай түсінуге болады?», – дейді көпбалалы ана.  Оқу-ағарту министрі Аделина Абдулованың өтінішін Шымкент қаласының әкіміне бағыттаған. «Қалалық білім басқармасына қарасты мемлекеттік мектептердің оқушылары (ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес) әлеуметтік жағдайына байланысты жазғы лагерлерге жолдама ала алатынын мәлімдей келе, жекеменшік мектептерде аталған жеңілдіктер қарастырылмаған», – деп жауап берді әкім.

dialog.egov.kz сайтынан скриншот

Мемлекет жекеменшік мектептердің көбеюіне неге мүдделі немесе жекеменшік мектепте тек байдың балалары оқымайтынына кім кепіл?

Қазіргі уақытта Қазақстанда мектептердегі тапшылық 225 мың орынды құрап отыр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы 1 қыркүйектегі жолдауында 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды тапсырды. «Бұл мәселеге қатысты шаруаны бүгіннен бастап қолға алмасақ, онда 2025 жылға қарай мектептегі орын тапшылығы 1 миллионға жетуі мүмкін», – деді мемлекет басшысы жолдауында.

Тапшылық мәселесін шешу үшін үкімет жекеменшік мектептерге субсидия қарастырған. «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимовтың айтуынша, еліміздегі оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан орта білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі – толып кеткен мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайту. «Сол үшін 2018 жылдан бастап жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілді», – деді Асқар Ибраимов Орталық коммуникациялар

орталығында өткен брифингте.

Жекеменшік мектептерді ашуда халқы тығыз орналасқан өңірлер көш бастап тұр. 2019-2021 жылдары Түркістан облысында –– 56, Шымкент қаласында –– 52, Алматы қаласында –– 41, Нұр-Сұлтанда –– 29, Жамбыл облысында –– 30, Алматы облысында –– 17, Қызылорда облысында –– 16, Маңғыстау облысында –– 14 және Ақтөбе облысында 8 жекеменшік мектеп ашылған.

Жекеменшік мектеп оқушыларының лагерге жолдама алу құқығы неге шектелген?

Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы заңға сәйкес әр бала жасына, денсаулығына және қажетіне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жекеменшік мектепте оқитын балалардың тегін лагерге жолдама алуы жергілікті өкілді органдардың шешімі негізінде жүзеге асырылады.

Алайда Шымкент қаласындағы, астанадағы және Ақтөбе облысындағы білім басқармалары өңірдегі жекеменшік мектептердің әкімдікке емес, министрлікке қарайтынын мәлімдеді. Сондықтан жеке мектептердегі оқушылардың демалысына өңірдің білім басқармасы жауап бермейтінін ескертті.

Кімдер жазғы лагерге тегін қатыса алады?

Тегін лагерлерге әлеуметтік қорғалған 5 санат балалары жолдама ала алады. Олар:

     1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;

     2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар;

     3) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балалар;

     4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді қажет ететін отбасыдан шыққан балалар;

     5) оқуда, мәдени және спорттық жарыстарда жетістікке жеткен оқушылар (тізімді мектептің қамқоршылық кеңесі шешеді).

Тегін жолдама алу үшін ата-ана немесе жасөспірім мектептің әкімшілігімен байланысуы керек. Мектеп тізім жасап, жергілікті атқарушы органдарға жібереді.  Білім басқармалары бюджет көлеміне қарай квота бөледі. Оқу-ағарту министрлігінің Kursiv-ке берген жауабында лагерлерге тегін жолдама мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерді күтіп-ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының кемінде 2%-і мөлшерінде бөлінген қаражат есебінен жүзеге асырылады. Kursiv министрліктен неліктен нақ 2%-і мөлшері белгіленгенін түсіндіріп беруін сұрады. Мақала жарияланғанға дейін жауап келмеді.

Қанша бала лагерге тегін жолдама алу құқығынан қағылды?

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, елде жалпы білім беретін 443 жекеменшік мектеп бар. Биылғы қаңтар-мамырдағы дерек бойынша, 368 жекеменшік мектеп мемлекеттік тапсырыс негізінде оқытады. Мемлекетттік білім беру тапсырысын алатын жекеменшік мектептер оқушылардың жалпы санының 50%-ін тегін оқытады. 

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елдегі жекеменшік мектептерде 114 мың оқушы оқиды. Оның 3986-сы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасында тұрады. Алайда министрлік жеке мектептердегі басқа оқушылардың әлеуметтік жағдайы есепке алынбайтынын хабарлады. Сонда ресми дерек бойынша, Қазақстанда кем дегенде 4 мыңға жуық бала тегін лагерге бару құқығынан қағылып отыр. Бұл – жетім, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды, көпбалалы отбасының және төтенше жағдайдан зардап шеккен отбасының балаларын қоспағандағы есеп. Сондықтан биыл лагерге бару құқығы шектелген бала саны 4 мыңнан да асып түсуі мүмкін.

Кейіпкеріміз Аделина Абдулова балаларын жеке мектепке беру себебін былай түсіндірді: «Иә, біз атаулы әлеуметтік көмек алмаймыз. Бірақ жеке мектепте оқитындардың бәрі ақылы негізде оқымайды ғой, менің балаларым мемлекеттік бюджет негізінде тегін оқиды. Өзім жұмысқа шықтым, себебі балаларға азық-түлік алып, кішкентайымыздың балабақшасының ақысын төлеп отырмыз. Балалар мемлекеттік мектепте оқыса, сабақтан түрлі уақытта шығады. Ал ол уақытта мен жұмыста боламын. Жеке мектептің тиімді жағы — 16:30-ға дейін педагогтардың қарауында болады. Олар босағанда мен де жұмыстан шығамын», – дейді ол. 

Оның айтуынша, мемлекет осы арқылы адамдарды масыл болуға итермелейді. «Мен жұмыс істеймін, мемлекетке салық төлеймін. Бірақ мемлекеттен қол жайып артық ештеңе сұрап отырған жоқпын. Сонда балаларым жазғы лагерге тегін қатысу құқығына ие болуы үшін оларды мемлекеттік мектепке ауыстырып, өзім жұмыстан шығуым керек пе? Сөйтіп жұмыссыздар қатарын толықтырып, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы қатарын көбейтуіміз керек пе?», – дейді ол. 

«Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова бала қандай мектепте оқыса да, оларға тең құқық берілуі қажет деген пікірде. «Жекеменшік мектептің де оқу бағдарламасы мемлекеттік мектеппен бірдей. Демек үкімет бекіткен санаттағы отбасыдан шыққан балалардың тегін демалуға тең құқығы бар. Олай болмаса, балалар құқығы шектелді, деп есептеймін. Меніңше, бұл – білім басқармалары тарапынан кеткен кемшілік деп есептеймін. Мәселені Оқу-ағарту министрлігіне жеткізіп, өзгеріс енгізу керек. Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының ғана емес, көпбалалы отбасылардың да балалары жазғы демалысын тиімді өткізуге мүмкіндігі бола бермейді. Себебі ата-анасының жалақысы азық-түлік шығынынан артылмайды. Біздің орталыққа отбасылар азық-түлік алуға, тұрғын үй жалдау ақысын төлеуге, балаларын грантқа түсіруге көмектесуімізді сұрап, жиі өтініш жасайды», – дейді Ләззат Қожахметова.

Балалардың тегін лагерге бару мәселесі қалай шешіледі?

ҚР Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектепте оқитын балаларға материалдық көмек көрсету мәселесін жергілікті атқарушы органдар шеше алады дейді. «Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жекеменшік мектептерде оқитын балалардың жекелеген санаттарына материалдық көмек көрсету туралы жергілікті өкіл органдарының шешімі мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жағдайда рұқсат етіледі», – делінген министрліктің жауабында.  Мәжіліс депутаты Динар Нөкетаеваның айтуынша, баласын қандай мектепке оқытатынын ата-ана өзі шешеді. «Егер ата-ананың балаларын ақылы лагерге жіберу мүмкіндігі болмаса, баласын мемлекеттік мектепке беру құқығы бар. Мемлекеттік мектептерде мұндай жағдай қарастырылған. Дегенмен сіздер көтерген мәселе бойынша, жекеменшік мектепте оқитын әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары үкіметтің қаулысына енгізілмей қалған болар. Нормативтік құқықтық актілерге өзгеріс енгізуге жергілікті әкімдік ұсыныс жасай алады. Қаулыға, ережеге, механизмдерге өзгерістері үкімет реттеп, енгізуі керек», – деді депутат. Шымкент қаласы әкімінің жауабында аталған мәселе бойынша мемлекет тарапынан арнайы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп жатқанын хабарлады

Сондай-ақ оқыңыз