Қазақстан АЭС салу кезінде АҚШ тәжірибесін қарастырмайды. Министр неліктен екенін айтты

Жарияланды
Бес жылдан соң елде электр энергиясының тапшылығы басталуы ықтимал

Есте болса, үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент энергетика саласына қатысты бірқатар тапсырма берген еді. Соның ішінде – дизель отыны мен битум тапшылығын болдырмау және газ өндіру жөніндегі жаңа жобалар үшін фискалдық преференцияларды пысықтау бар. Энергетика министрі Болат Ақшолақов аталған бағыттар бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтады.

Бірінің маңызы төмен, бірінікі жоғары деуге келмес, десе де көпшілікті үшінші – газ мәелесі толғандыратыны жасырын емес. Ақшолақовтың айтуынша, қазір газ өндірушілерді  салықтан босату түрінде реттеушілік және фискалдық преференциялар қарастырылып отыр.

«Бұл шаралар шамамен 93,6 млрд м3 көлемінде газдың жиынтық қоры бар газ кен орындарын игеруді және 2030 жылға қарай жылына 6,7 млрд текше метр көлемінде тауарлық газды қосымша өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деді Ақшолақов.

Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі – бағалық ауытқуларға жол бермей, сұйытылған мұнай газының сауда-саттығын іске қосу бойынша шаралар қабылдау.

Министрдің айтуынша, президенттің тапсырмасына сәйкес сұйытылған мұнай газы биржасына көшу 2023 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.

Бесіншіден, электр энергиясы қуаттарын іске қосу және Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің Оңтүстік және Батыс аймақтарындағы электр желілерін күшейту жөніндегі жобаларды уақытылы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Ведомство мәліметінше, бүгінгі таңда 340 МВт электр қуаты іске қосылды, жыл соңына дейін қосымша 240 МВт электр қуатын енгізу жоспарланған. Сонымен қатар ұлттық электр желісін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

«2025 жылдың соңына дейін шамамен 34 мың жұмыс орнын құра отырып, 73 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 14 жоба іске асырылып, 9,5 мың жұмыс орны құрылады, оның ішінде бірінші жартыжылдықта 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылды» деді.

Сондай-ақ 2024 жылға дейін Атырау облысында Қашаған кен орнынан алынатын шикізат базасында қуаты 1 млрд м3 шикі газ шығаратын газ өңдеу зауытын және Батыс Қазақстан облысында қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауытын салуды аяқтау жоспарланған. Бұдан басқа, қуаты жылына 1,2 млн тонна полиэтилен және жылына 186 мың тонна бутадиен өндіру жобалары пысықтаудың әртүрлі сатыларында.

«Осы жобаларды іске асыру шеңберінде тартылатын инвестиция сомасы – шамамен $14 млрд-ты құрайды және 2025 жылға дейін 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады. Осы жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша мұнай-газ саласында 3 240 жұмыс орны құрылды, жыл соңына дейін қосымша 689 жұмыс орнын құру көзделген» деді министр.

Электр энергетикасы саласында 2025 жылға дейін 6 мың уақытша және 698 тұрақты жұмыс орны құрылатын 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын жаңғырту бойынша 12 инвестициялық келісім іске асырылып жатыр, сондай-ақ Алматы қаласының кабельдік желілері қайта жаңартылады және Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арасында транзиттің екінші тізбегі салынуда. Жыл соңында Алматы қаласындағы 2-ші жылу электр орталығында қуаты 400 МВт-қа дейінгі бу-газ қондырғысының құрылысын бастау көзделген. Биыл І жартыжылдықта 905 жұмыс орны құрылды, ІІ жартыжылдықта 85 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Сонымен қатар Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысын салуға арналған  аукцион аяқталды.

Болат Ақшолақов ірі жер қойнауын пайдаланушылар жүзеге асыратын жобаларға да тоқталып өтті.

«Қашағанда өндіруді ұлғайту үшін 2А фазасы мен 2Б фазасын кеңейту жобалары қарастырылуда. Бұл жобаларда 2025 жылдың соңына дейін шамамен 3 мың жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар ірі жер қойнауын пайдаланушылардың айналасында түрлі жабдықтарды өндіруге және жеткізуге арналған 18 келісімшарт жасалды» деді Болат Ақшолақов.

Бұдан басқа, үш компания (ТШО, КПО, НКОК) әлеуметтік нысандар (мектептер, жолдар, ауруханалар және т.б.) құрылысы аясында 2 мыңға жуық уақытша, ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін 600-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады. 

Ол журналистердің сұрақтарына берген жауабында елімізде АЭС-тің қай мемлекеттің технологиясы бойынша салынатыны әлі белгісіз екенін айтты.  

«АЭС туралы қысқаша жауап берейін. Бұған дейін  технологияны таңдап жатқанымызды айтқан едік. Әзірше қандай да бір технологияны таңдаған жоқпыз. Осы мақсатта біраз зерттеу жұмыстары жүргізілді. Біз былтыр Түркия, Франция, Оңтүстік Кореяға барып көрдік, Біріккен Араб Әмірліктеріне сапар кезінде қарастырдық. Жоспарда венгр нысандары бар.  Ол елдердегі станциялар әртүрлі технологиямен салынған. Түркияда – ресейлік «Росатом» технологиясы. Сол себепті әлі таңдау жасалған жоқ» деді министр.

Оның сөзінше, станция технологияларының салыну процестері мен технологиялары жан-жақты қарастырылуы тиіс.  

«Не мемлекет өзі салады, не болмаса технология лицензияларына салу мүмкіндігі беріледі. Қауіпсіздік, сейсмикалық зерттеу әлі жүргізіліп жатыр. Дегенмен, шамамен құрылыс алаңын айқындап қойдық, ол – Үлкен елді мекені. Осыған дейін айтқанымыздай, 5 технологиядан тұратын қысқа тізім болған. Біз АҚШ технологиясын қарастырмаймыз деп шештік» деді Болат Ақшолақов.

Бұл ретте энергетика министрі АЭС-тегі ең маңызды мәселе – қауіпсіздік екенін атап өтті.

«Қауіпсіздік пен технология жағынан бір тоқтамға келуіміз керек. Бірақ біз бір елдің технологиясын таңдаған кезде, онда тек станцияның негізгі күшіне, яғни жүрегіне көңіл аударылады» деді.

Сондай-ақ ведомство басшысы АЭС-те жұмыс істейтін мамандардың қалай даярланатыны туралы айтты.

«Жыл басында Ресейдің ядролық физикамен айналысатын институттарымен келісім жасалды. Олар қазақстандық мамандарды оқытатын болады. Қазіргі уақытта Венгрия елімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ол мемлекет бұл жағынан дамыған. Екінші мәселе оларды жұмысқа орналастыру қажет. Олар АЭС-те жұмыс істеп, тәжірибе жинауы керек. Тек 10 жылдан кейін ғана оларды маман деп санауға болады. 2035 жылы АЭС бітеді деп есептесек, 2 мың жұмысшыны дайындауға мүмкіндік бар» деді энергетика министрі.

Сондай-ақ оқыңыз